Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Міндеттемелерді толық орындап жүрмін": Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов бұрынғы әйелінің видеоүндеуіне жауап берді

Жұмабек және Жанна Жанықұловтар
Фото: forbes.kz, видеодан скрин

Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов бұрынғы жұбайы Жанна Жанықұлованың алиментке қатысты видеоүндеуіне жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жұмабек Жанықұлов қызымен екі сағат бұрын түскен фотосын желіде жариялап, бұрынғы жұбайының видеосына жауап берді.

“Достар, бүгін таңертеңнен бастап маған журналистер менің бұрынғы жұбайымның видеоүндеуіне қатысты пікір беруімді сұрап қоңырау шалып жатыр. Сондықтан ортақ бір түсініктеме беруді жөн көрдім. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз және барлық дауларымызды әлеуметтік желілерде емес, сот арқылы шешуіміз керек. Дәл қазір сотта менің бұрынғы жұбайым үш жылдан астам уақыт бұрын өзі қол қойған келісімдер мен шарттарға қатысты дау айтып отыр. Ол кезде құжаттарға қол қою барысында жоғары білікті, танымал заңгерлер тартылып, біз өзара түсініскен едік”, – деп жазды ол желідегі парақшасында. 

Жұмабек Жанықұлов әйелі үш жыл бұрынғы шешімінен айнып, қайтадан сотқа жүгінгенін хабарлады. 

“Уақыт өте келе оның пікірі өзгерді. Енді бұл жағдайды сот қалай бағалайтынын күтіп отырмыз. Өз тарапымнан түсіндіре кетейін. Біз біраз уақыт бұрын ажырасып кеткенбіз. Мен құжатта көрсетілген барлық қаржылық және өзге де міндеттемелерімді толық орындап келемін. Балаларыммен қарым-қатынасым өте жақсы. Мен оларға барынша қолдау көрсетіп келемін және алдағы уақытта да  қолдай беремін”, – деді Жанықұлов.

Ол бұрынғы жұбайыммен үш жыл бұрын жасалған келісімдер құпия ақпарат екенін айтты.

“Мен ол келісімнің мазмұнын ешқашан жария түрде айтқан емеспін. Бірақ егер ол өзі келісімді жариялаймын деп шешсе, мен бұған қалыпты қараймын, себебі балаларым мен оның алдындағы өз міндеттемелерімді адал орындағаныма ұялмаймын”, – деп жазды Жанықұлов.

Еске салсақ, осыған дейін Жұмабек Жанықұловтың бұрынғы жұбайы Жанна Жанықұлова TikTok-та видеоүндеу жариялап, Алматыдағы сотта неке шарты мен алимент келісіміне қатысты іс қаралып жатқанын айтты. Ол процестің әділ өтуін сұрап, қоғам назарын аударуға шақырды. 

TikTok-тағы видеоүндеуде Жанна Маратқызы Жанықұлова, өзін Жұмабек Жанықұловтың бұрынғы жары бес баланың анасы ретінде таныстырған. Айтуынша, ерлі-зайыпты 20 жыл бірге тұрған. Ажырасуға бұрынғы жұбайының опасыздығы себеп болды. Сондай-ақ оның сөзінше, неке шарты некеде тұрған кезде көтерілмеген. Тек ажырасу туралы шешім қабылданғаннан кейін ғана пайда болған. Жанықұлованың айтуынша, қазір Алматыдағы ювеналды сотта неке шарты мен алимент төлеу туралы келісімді жарамсыз деп тану жөніндегі іс қаралып жатыр.

Дана Русланқызы
Жұма, 26 Маусым, 2026 22:29