Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төсеме деп айтқаным үшін әкемнен сөз естідім": Қазақстандықтар етеккір туралы айтуды "ұят" көретіндерді сынады

Анасы мен қызы, етеккір, төсеме, ұят
Фото: chatGPT көмегімен жасалды

Қазақстандық желі қолданушылар арасында жыныстық сауат пен етеккір туралы ашық айту тақырыбы талқыланды. Жастар жағы "ата-анам әлі де дауыстап айтпа" деп ескертеді десе, үлкендер бұл тақырып ашық талқыланбағаны жөн дейді. Тіпті ер балалар сүндеттелсе той жасайтын қоғам қыздардың табиғи ерекшелігін неге "ұят" деп қысуға тырысатынын түсінбей дал. Stan.kz ақпарат агенттігі етеккір туралы ашық айту жайын сарапшылармен талқылап көрді.

 

“Неге әкеңнің көзінше айтасың?” деп ұрысты”

Қазақстандық қыз "әкесінің сөзінше "төсеме" сөзін айтқаны үшін анасынан сөз естігенін бөлісті.

"Отбасымызбен қыдыруға бара жатқанбыз. Бір кезде төсеме алып шығуды ұмытып кеткенімді түсіндім де, анама маған төсеме алу керек екенін айттым. Сөйтсем әкем ашуланып, анама қарап, "Неге ондай зат айтасыңдар?" дейді. Көліктен ашуланып шығып, бір данасын ғана сатып алдым. Көлікке бара жатсам анам разы болмай қарап тұр. Сол уақытта екеуінің де дәрежесі көз алдымда түсіп кетті. Қыдыратын жерімізге келгенде анам "Неге әкеңнің көзінше айтасың? Бұлай болмайды, сен этика сақтауың керек. Әкең маған "неге тәрбиелемейсің" деп ұрсып жатыр дейді. Ашуымның келгені-ай. "Мен төсеме қажет болғаны үшін ешкімнен ұялмаймын, осы нәрсе арқылы дүниеге келгенін біліп жүрсін, ауыл болмай" дедім", – деп ашынды ол.

Ол жақындарымнан осындай сөздерді есту ауыр болғанын айтып отыр. Дегенмен өзі бұл тақырыпты ашық айтқанына ұялмайтынын жеткізді. Сөзінше, желі қолданушылары оны қолдап жатыр.

"Әкеме ашулымын, тіпті жек көремін, негізі әрдайым осындай болған. Сомен қайттық үйге. Анам "Әкеңнің көзінше олай айтпа, ол ер адам, ұялмайсың ба, маған ғана айта бер" дейді. Тағы да ашуландым. "Қыз өсіріп отырса, осының бәрін үйренсін, зерттесін, сауатсыз болмасын" дедім. Мамам қоймады. Бір кезде "сендерді білімді деген сайын ұятты ұмытып, неменесіңдер" деді. Менде қоймай, "маған менструация келгеніне емес, өзінің білімі жоқ болғанына ұялсын" дедім. Жақындарымнан осындайды естіген маған да ауыр. Бәрін көрдім, әркімнің өз ойы мен стереотипі бар. Мен үшін қалыпты нәрсе сіз үшін теріс болуы менің кінәмнан емес. Мені қолдаушылар мен қалыпты санай білетін жандар үшін қуанамын. Саналы түрде өсіп жатқанымызға қуанамын. Мен өзімдікін дұрыс деп санаймын. Білемін, қазақтар бұдан ұялады. Бірақ табиғи процестерді танудың өзі саналы болу", – деп оқиғасын бөлісті қазақстандық қыз.

“Сүндеттеп, соған той жасап, жүз адам шақыратындар ше?”

Ал қазақстандық азамат Threads желісінде қыздардың менструациясы туралы әңгіме табу, ал жігіттердің сүндеттелуі той болып тойланатыны туралы жазды. Оның сөзінше, мәселе біреуін "дәстүр", екіншісін "ұят" деп, бірдей көзқарас ұстана алмайтынымызда.

"Месячный келді" деп айтатын қыздарды түсінбеймін. Сүндеттеліп, соған той жасап, жүздеген адам шақыратындарыңмен жұмыстарың жоқ па? Кейде қоғамдағы стандарттардың қаншалықты таңдамалы екенін байқайсың. Қыз баланың ағзасындағы табиғи процесс туралы айту ұят көрінеді. Бірақ ұл баланың денесіне жасалған операцияны тойлап, мал сойып, жұрт шақыру қалыпты нәрсе саналады. Мәселе сүндет тойда немесе етеккір туралы әңгімеде емес. Мәселе бір нәрсені "дәстүр" деп қабылдап, екіншісін "ұят" деп қабылдайтын көзқараста. Біреудің табиғи физиологиясы туралы айту ұят болса, онда барлығына бірдей өлшем қолданайық. Ал егер біріне рұқсат болып, екіншісіне болмайтын болса, онда мәселе ұятта емес, біздің қос стандартымызда", – деп пікір білдірді ол.

Желі қолданушылары бұл пікірді қолдады. Біразы екі түрлі стандарт қалыптасып кеткенін дұрыс емес деп бағалады. Дегенмен етеккір тақырыбын ерлердің сүндеттелуімен салыстырған дұрыс емес деп пікір білдіргендер бар.

  • "Екітүрлі стандарт. Сөзіңнің жаны бар, табиғи дүниені ұят қылып қарайды. Оны дұрыс түсіндірмейді. Сосын ерте бастан жүкті болып жатады".
  • "Интим нәрсенің бәрі кішкентай кезден балаға үйретілуге тиіс, біз сол нәрседен қалып қойғанбыз. Соның кесірінен ерте жүктілік, оны қыздың өзі де білмеуі көп болады. Қызға да, ұлға да ұстауға болмайтын жерлерді үйретсек, педофилдерден жәбір көргендер де азаятын еді".
  • "Неге кіп-кішкентай баламен салыстырып кеттіңдер? Етеккір мен сүндеттің не байланысы бар? Кіп кішкентай бала үшін терісін кесіп, тігіп қою соншалықты оңай деп ойлайсыздар ма? Ол да жасалуы керек болғасын жасалады. Бірақ ата-анасы оны тойласын демеймін, тойлайтын түгі де жоқ, тек баланың сол процестен өтуі кезіндегі ауырсынуы мен оның эмоциясын құнсыздандырмаңыздар. Екеуін салыстыруға да келмейді"

 

“Неге өзіміздің әйел болмысымыздан ұялуымыз керек?”

Дегенмен қыздар қауымы етеккір туралы үнемі тығылып, айтпай жүру керек дегенді құптамады.

"Алғаш рет етеккір келгенде неге бізге "ешкімге айтпа, дүкенге төсеме алуға барсаң, тығып ал, қолыңда көрінбей тұрсын, пакетке салып ал" деп үйретті? "Ойбай, ағаң көріп қоймасын, әкең көріп қоймасын!" дейді. Бұл табиғи нәрсе емес пе? Онда тұрған не бар? Неге бізге өз тәніміздің өзгерісін ұят нәрсе деп үйретті? Неге өзіміздің әйел болмысымыздан ұялуымыз керек? Қыздарға етеккір келетіні бәріне белгілі дүние емес пе? Етеккір ұят нәрсе емес! Бұл – қыз баланың бойжеткенін, денсаулығы дұрыс екенін көрсететін табиғи зат. Бірақ бізге оны жасыруды, ол туралы ашық айтуға болмайды деп үйретті. Бұл тақырыпты ашық айтып, ұялатын емес, түсінетін, қолдайтын қоғам қалыптастыратын уақыт келді-ау", – деп жазды желі қолданушы.

Алайда кейбірі табиғи үрдіс болғанмен де ол туралы ашық айтудың қажеті жоқ деп есептейді.

"Ұят емес, әрине. Табиғи құбылыс. Бірақ бұл интим дүние деп есептеймін. Етеккір келетінін бәрі білсе де, оны жария қылудың да қажеті жоқ. Жеке гигиена заттарын дүкенде тығып ұстаған орынсыз, бірақ үйде өзінің жеке заттарының арасында болғаны жөн. Мысалы, үлкендер презервативті ашық түрде ұстап жүрмейді ғой, ол интим зат. Сол сияқты жеке гигиена құралдары да интим зат болып есептеледі".

Желі қолданушылары кейінгі кездері "етеккір" сөзін бұрынғыдай "айлық" деп атауды қолдап жүр.

  • "Неге етеккір?! Етектаза емес? Кір? Неге қанның ағуын "кір" санайды?"
  • "Етеккір – қыздың табиғаты. Ол – қызылорданың қонағы емес, табиғи процесс".
  • "Етеккір" сөзін "айлық" деген сөзге алмастырып жатыр екен. Сондықтан қыздар, бұдан бұлай біз "кір" емеспіз.

 

"Егер ересек адам бұдан ұялса, бала да ұят сезімін үйренеді"

Психоаналитик Мануэль Мартинездің айтуынша, жыныстық тәрбие – бір реттік әңгіме емес, үздіксіз әрі кезең-кезеңімен жүретін процесс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНЕСКО-ның ұсыныcына сай, ресми жыныстық тәрбиені шамамен 5 жастан, яғни мектептегі оқудың басталуымен қатар бастаған жөн. Алайда ерте жаста жеке шекара, жеке кеңістік және келісім туралы болcа, мазмұны бала өскен сайын күрделене түседі.

"Етеккір туралы ақпаратты менархеге (алғашқы етеккір) дейін, яғни 8-9 жасқа қарай беру қажет, өйткені алғашқы етеккір 9-10 жаста басталуы мүмкін. Негізгі қағида – оқиғаның алдын алу: қолда бар деректерге сай, үш қыздың екеуі алғашқы етеккір кезінде өзімен не болып жатқанын түсінбейді. Ұлдарға да ақпаратты қатар беру керек. Қыздарға алдын ала, сабырлы әрі нақты түрде, драматизациясыз және құпия тақырып қылмай түсіндіру керек. Етеккір – қалыпты құбылыс және денсаулықтың белгісі, ауру да емес, "лас нәрсе" де емес. Практикалық бөлігі (бұл не, гигиена ережеcі, не алып жүру керек, кімге жүгіну керек) биологиялық түсіндіруден кем маңызды емес. Бұл жерде ересек адамның сөйлеу мәнері шешуші рөл атқарады: оның эмоциялық қатынасы балаға беріледі. Егер ересек адамның өзі ұялса, бала да ұят сезімін меңгереді", – дейді.

“Білсе де мазақтайды, сондықтан әлеуметтік норма мен эмпатияны да үйрету қажет”

Психоаналитиктің кеңесінше, ұлдарға да дәл осы базалық түсіндіруді бірге немесе қатар беру қажет, оны "әйелдердің құпиясы" ретінде көрсетпеу керек. Етеккірді ас қорыту немесе бойдың өсуі сияқты қалыпты физиологиялық құбылыс ретінде түсіндіру қажет. Мұндағы мақсат – оны бөтен әрі түсініксіз нәрсе ретінде қабылдауды доғару. Өйткені дәл осы түсінбеушілік пен тақырыпты "ұят нәрсе" деп қабылдау мазақтың пайда болуына әкеледі.

"Биомедициналық білімнің өзі жеткіліксіз. Солтүстік Танзанияда жүргізілген зерттеуде ұлдар етеккірдің биологиясын қыздардан кем білмегенімен, бәрібір оларды мазақтаған. Сондықтан тек фактімен емес, әлеуметтік нормалармен және эмпатиямен де жұмыс істеу қажет. Мұнда екі фактор да әсер етеді, бірақ негізгісі – үйрену механизмі. Бала ұят сезімін өзі "ойлап таппайды", оны айналасынан көшіреді. Ұлдар етеккірді ыңғайсыз нәрсе ретінде қабылдағандықтан, әсіресе оның көзге көрінетін белгілерін – дақтарды немесе иісті мазақтайды. Отбасы бастапқы көзқарасты қалыптастырады, ал құрдастар ортасы мен әлеуметтік желі оны күшейтіп, көпке жария етеді. Қазақстанда бұл дене қызметтерін қоғамдық масқара болу қаупі бар аймақ ретінде қабылдайтын "ұят" пен "намыс" кодекстерімен үндеседі", – дейді маман.

Етеккірге қатысты жағымсыз көзқарас болса және сол үшін қызды ұялта берсе бұл дененің бұзылуына, мазасыздыққа, күйзелісті көңіл-күйге және өзін қабылдамауға әкеледі. Қыз бала денесінің табиғи қызметін қауіп пен ұяттың көзі ретінде қабылдай бастайды, бұл өз денесінен алшақтауға соқтырады. Психоаналитик көп дәстүрде етеккір тарихи тұрғыдан әйел денесінің "таза емес" екені туралы түсінікпен байланыстырылып келді дейді.

"Соның ішінде етеккір қауіп пен жаман ырымның көзі ретінде қабылданды: етеккірі келіп жүрген әйел тамақты, егінді, малды немесе берекені "бүлдіруі" мүмкін, бақытсыздық әкелуі мүмкін деп есептелді. Бала мұндай "лас" бейнені өзі ойлап таппайды, оны ұжымдық түсініктерден меңгереді. Сондықтан ұят сезімі табиғи әрі өзінен-өзі түсінікті нәрсе ретінде қабылданады. Бірқатар діндерде әйелдің өзі бұл кезеңде діни рәсімдерге қатысудан шектеледі, намаз оқымау, ораза ұстамау, қасиетті заттарға қол тигізбеу, ғибадатханаға бармау немесе діни жоралғыларға қатыспау сияқты талаптар қойылады. Бұл нормалардың діни мағынасына қарамастан, бала мен жасөспірімнің қабылдау деңгейінде олар көбіне етеккір көріп жүрген дененің "таза емес" екенінің және оны жасыру керек екенінің дәлелі ретінде түсіндіріледі. Қазақстандық контексте мұндай түсініктер ұят пен намыс ұғымдарымен қабаттасып, дененің табиғи қызметін көп алдында масқара болу қаупі бар аймақ ретінде қабылдауды күшейтеді”, – деп түсіндірді психоаналитик Мануэль Мартинез.

Сондықтан ол психолог пен педагогтар діни норманың өзін және оның ұят сезімін тудыратын түсіндірмесін ажырата білгені маңызды дейді. Мақсат – отбасының діни сеніміне қарсы шығу емес, "рәсімдік тазалық" пен "жеке лас болу" ұғымдарын бөліп көрсету. Сонда қыз бала шектеулерді өз денесіне шығарылған үкім ретінде қабылдамайды.

"Қазақ қыздың етеккірі келгенде әйелдерді жинап, "қызым бойжетті" деп тойлаған”

Ал психолог Гүлзат Қанаттың айтуынша, қазақ қызына етеккір келгенін жақсы табиғи өзгеріс көріп, оны тойлаған. Бұл дәстүр бүгінге дейін тек Шығыс Қазақстанда сақталған. Дәстүр бойынша, аналар қызының етеккірі келгенде "Қызым бой жетті" деп қуанып, ауылдағы әйел құрбыларын шақырып, кішігірім тойлаған. Жиналған әйелдер қызды құттықтап, оған әйелге тән дүниелерді сыйға тартқан. Мысалы, әшекей бұйымдар, айна, тарақ, моншақ, қызыл түсті киім және тағы басқа.

“Қыз, әйел үшін етеккір келуі – өте маңызды процесс. Анасы, жақындары қалай қабылдап, түсіндірсе қыз әрі қарай өз жынысын, әйелдік болмысын да солай қабылдайды. Келіншектер жиналып, өздеріне етеккір алғаш келген күнді, қалай қабылдағанын, ересектер қалай түсіндіргенін, сезімдерін бөліседі. Етеккір келген уақытында қызды қорқыту, ұялту әсте дұрыс емес. Керісінше бойжетіп, өзіне тән табиғаты бүр жарғаны үшін қуану керек. Осы себепті де әйелдер қызды құттықтап, қызға, әйелге тән әдемі дүниелер сыйға тартады. Ырымның жалғасында қыздың бала кезінде киген түнгі көйлегін суға ағызып жіберетін болған. Бұл дәстүр қыз баланың бойжетуі, әйелдер қатарына өтуі аса құнды екенін көрсетеді және анасы мен қызы арасындағы нәзік қатынасты нығайтады. Қыз бала өз жынысын танып, анасымен идентификация жүруі жеңіл өтеді", – дейді психолог Гүлзат Қанат.

Маманның сөзінше, қазақта ер баланың жігіт болу кезеңіне арнайы сүндетке отырғызу бар. Бала шағында шыбық мініп жүрсе, сүндетке отырғызған соң тайға мінгізіп, еркектер қатарына қосады.

"Бұл – инициация. Қыз баланың етеккірі келген кезде әйелдер қыз болдың, бой жеттің деп әдемі әйелдің заттарын сыйлауы да – инициация, өз қатарына үлкен қуанышпен қабылдау. Бұл дәстүр тек бір өңірде емес, еліміздің барлық түкпірінде жанданғаны өте маңызды", – деп қосты психолог.

“Жүйелі жыныстық білім болмағанда жасөспірімдер ақпаратты порнографиядан немесе қауесеттерден алады”

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова жыныстық сауат тақырыбы мектептерде айтылуы керек деп есептейді. Оның сөзінше, тіпті ата-аналардың өзіне де бұл тақырыпта білім берілмеген.

"Мектеп репродукция мен контрацепция туралы ғылыми білім беруі керек, отбасы сенім мен құндылықтарды қалыптастыруы қажет. Ал мемлекет мектептерде жыныстық сауат бойынша міндетті курс енгізіп, мұғалімдерді оқытып, жасөспірімдердің қажет кезеңде медициналық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз етуге тиіс. Кем дегенде 8-сыныптан бастап қорғаныссыз жыныстық қатынастың салдарын және көмекке қайда жүгінуге болатынын түсіндіретін ашық әрі шынайы жыныстық білім беру қажет. Жүйелі жыныстық білім болмағанда жасөспірімдер ақпаратты порнографиядан немесе қауесеттерден алады. Ал бұл түрлі қауіп-қатерге алып келеді”, – дейді мәжіліс депутаты.

Денсаулық орталықтарында жасөспірімдерге кеңес беру арқылы көмек көрсету мәселесі де қарастырылуға тиіс дейді ол.

“Бірақ көп ата-ананың өзіне де бұл тақырыпта ешқашан білім берілмеген. Мемлекет олар үшін тренингтер мен дайын материалдар ұсынуы керек. Сонда олар балаларымен дене мен қарым-қатынас тақырыптарын ұялмай, еркін талқылай алады”, – деп қосты Ирина Смирнова.

Еңлік Сақтан
Жұма, 26 Маусым, 2026 09:30