Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұрықтандыруды тоқтататын ота жасауға бел буған қазақстандық жұп дәрігердің сексистік көзқарасына тап болды

Вазэктомия қазақстандық жұп дәрігер
Фото: Отбасылық мұрағаттан

Астаналық ерлі-зайыпты Диас пен Айым – үш баланың ата-анасы. Ерлі-зайпыты саналы түрде вазэктомия, яғни ер адамдарға жасалатын хирургиялық контрацепция әдісін жасатуға шешім қабылдап, қазір осы процестің қалай жүріп жатқанын баяндады. Алайда ерлі-зайыпты кеңес алу үшін дәрігердің алдына барғанда маман контрацепцияны ер адам емес, әйелге жасау керегін айтқан. Айым Stan.kz редакциясына берген сұхбатында қазақстандық әйелдерге қоғамда тым көп жүк артылатыны, тіпті көп жағдайда өзін құрбан ететіні бағаланбайтынын айтты.

Вазэктомия – ер адамның ұрық шығару өзектерін байлау немесе кесу арқылы жасалатын хирургиялық операция. Бұл процедурадан кейін сперматозоидтар шәует құрамына түспейді, соның нәтижесінде ер адам табиғи жолмен бала сүйе алмайды.

Қазақстандық жұп “үш баламен шектелеміз” деген шешімге келу оңай болмағанын айтады. Айымға контрацепциялық тәсілдер қолдануға болмайтындықтан, Диасқа вазэктомия жасалатын болып шешкен.

“Екеуіміз де Арқалық қаласының тумасымыз. Қазір Астана қаласында тұрамыз. Мен 30 жастамын, жолдасым биыл 35-ке толады. Үш баламыз бар: қыздарымыз 6 және 3 жаста, ал ұлымыз бір жаста. Бұл шешімге біз бір күнде келген жоқпыз. Үшінші баламыз дүниеге келгеннен кейін контрацепция мәселесі туралы ойлана бастадық. Медициналық көрсеткіштерге байланысты маған жатырішілік спираль мен гормонды контрацептивтерді қолдануға болмайды. Сол кезде мен жолдасыма вазэктомия туралы айттым. Біз бұл мәселені ұзақ уақыт бойы жан-жақты зерттедік, тіпті сперматозоидтарды криоконсервациялау мүмкіндігін де қарастырдық. Көп әңгімелер мен барлық артықшылығы мен кемшіліктерін таразылай келе, бұл шешімге саналы түрде бірге келдік”, – дейді Айым.

Ерлі-зайыпты контрацепцияға қатысты жауапкершілік ері мен әйелі арасында тең бөлінуге тиіс деп санайды. Сондай-ақ олар мұндай шешімге не себеп болғанын айтып берді.

“Біздің қазір үш баламыз бар. Басты себеп – әйелдің денсаулығы. Бірнеше жүктілік пен босанудан кейін әйелдің денсаулығы белгілі бір деңгейде әлсірейді. Сондай-ақ оған қайтадан хирургиялық ота жасалғанын немесе үнемі гормонды препараттар қабылдағанын құптамаймыз. Біздің ойымызша, отбасы болған соң контрацепцияға қатысты шешім қабылдау мен жауапкершілік әйел мен ер адамның арасында теңдей бөлінуі керек”, – дейді Айым мен Диас.

Олар вазэктомия туралы интернеттен білген, сөйтіп оны ұзақ уақыт зерттеген. Оларды қазақстандық көптеген дәрігерлердің бұл операция туралы өздерінің Instagram парақшаларында ашық айтып, ақпарат таратқаны ерлі-зайыптыны қатты таңғалдырған.

“Әрине, күмән мен қорқыныш болды. Ең алдымен операцияның өзінен және жалпы наркоздан қорықтық. Бұл тақырыпты ұзақ зерттеп, медициналық мақалаларды оқыдық, сондай-ақ осы процедурадан өткен адамдардың тәжірибелерімен таныстық. Соның арқасында санамыздағы көптеген мифтер мен қорқыныштарды жеңе алдық”, – дейді Айым.

 Олар әлеуметтік желіде осы мәселені көтеріп, ол туралы ашық айтып жүріп желі қоланушыларынан үлкен қолдау тапты. Алайда Айым мен Диастың ата-анасы және туыстары олардың бұл шешімдерін мүлдем құптамаған. Олардың сөздерінше, қазір жақындарының тарапынан сын мен жағымсыз пікірлер көп айтылып жатыр. Десе де қазақстандық жұп осылайша қоғамдағы маңызды мәселені көтеріп, ақпараттандыру арқылы өз үлесімізді қосып жатырмыз деп санайды. 

Вазэктомия қазақстандық жұп дәрігер
Фото: Отбасы мұрағатынан

Ерлі-зайыпты бұл бастамаға еш өкінбейтінін жеткізді. Диастың айтуынша, бір баламен шектелуді тұңғышы Томирис дүниеге келгенде-ақ ұсынған. Бірақ оның бұл ұсынысына жұбайы келіспеген. Осылайша, Томиристен соң ерлі-зайыпты таға екі сәбиді дүниеге әкелді. 

“Мен әйелімді жақсы көремін. Мұның бәрін сол жан үшін жасап жатырмын. Басқа контрацепциялық әдістерге келер болсақ, өзім мүшеқаптан бас тартым, әйелімнің гармоналды дәрі ішкенін қаламадым. Өйткені ол әйелдің денсаулығына, мүсініне әсер етеді. Үш балам бар, шүкір. Бастысы – оларды менің сүйіктім дүниеге әкелді. Ал вазэктомия жасатсам ол менің денсаулығыма еш кері әсерін тигізбейді. Сондықтан біз бұл шешімге саналы түрде келдік”, – дейді Диас. 

Айым мен Диастың отбасына қатысты шешім келісіліп, ерлі-зайыпты тас-түйін бекінсе де дәрігерлер оларды асығыс қадам жасамауға шақырған. Тіпті контрацепциялық тәсілді ер адамға емес, әйелге жасауға кеңес берген. 

“Қазір дәрігерлерге көрініп жүрміз. Урологтың қабылдауына бір рет бардық. Алайда ол бізге операция жасауға келісім бермеді. Ол Қазақстан заңнамасын алға тартып, операция жасаудан бас тартты. Алайда операцияға дайындалмас бұрын біз заң талаптарын мұқият зерттедік. Ең жағымсыз жағдай дәл сол дәрігердің қабылдауында болды. Заң бойынша вазэктомияны 35 жастан асқан немесе кемінде екі баласы бар ер адамдар жасата алады. Соған қарамастан дәрігер жолдасым 35 жасқа толмайынша операция жасалмайтынын айтып, туған күнінен кейін қайта келуді ұсынды. Сондай-ақ “Осы уақытқа дейін тағы ойланып көріңіздер. Егер ажырасып кетсеңіздер, күйеуіңіз кейін бала сүйе алмай қалады" деп кеңес берді. Процедураны сабырлы түрде түсіндіріп, талқылаудың орнына, дәрігер бізді вазэктомиядан бас тартуға үгіттегендей әсер қалдырды. Тіпті керісінше, күйеуіме емес, маған түтіктерді байлау, яғни тубэктомия жасауға кеңес берді. Біз мұндай ұсынысқа келіспей, шағым түсірдік. Өйткені ер адамның да өзінің репродуктивтік денсаулығына қатысты шешімді өз бетінше қабылдауға құқығы бар деп есептейміз”, – дейді Айым. 

Ерлі-зайыпты қазір басқа дәрігерді тапқан. Оларға көмек көрсетуге дайын емханалар да табылған. Айтуларынша, дәрігерлер вазэктомия тақырыбының қоғамда ашық талқыланып, танымал бола бастағанына қуанышты екенін жеткізген.

“Бірақ әзірге нақты шешім қабылдаған жоқпыз. Қазір басқа да дәрігерлерді қарастырып, олардың тәжірибесі мен жұмыс нәтижелерін зерттеп жатырмыз. Бұдан бөлек, біз биоматериалды криоконсервация  жоспарлап отырмыз. Сондықтан оған дейін бірқатар медициналық талдаулар тапсыру қажет. Криоконсервация бұл – биологиялық материалды, яғни сперматозоид, жұмыртқа жасушалары, эмбриондар, кейде тіндерді өте төмен температурада ұзақ уақыт сақтайтын әдіс. Оның бағасы да қолжетімді. сақтау құны айына шамамен 4500 теңгеден басталады. Бұған қоса, биоматериалды жинау үшін бір реттік төлем ретінде шамамен 50 мың теңге төленеді. Процедураның өзі қарапайым: алдымен қажетті талдаулар тапсырылады, содан кейін олардың нәтижесіне қарай биоматериал жиналып, сақтауға жіберіледі”, – дейді Айым. 

Вазэктомия қазақстандық жұп дәрігер
Фото: Отбасы мұрғатынан

Ал вазэктомия процедурасының нақты құнын айта алмады. Ол таңдалатын анестезия түріне байланысты болады екен.

“Жалпы немесе жергілікті наркоз қолданылуы мүмкін. Шамамен алғанда, бұл процедураға 200 мың теңгеден жоғары қаражат дайындау керек деп ойлаймын”, – дейді Айым. 

Айым мен Диас уролог дәрігермен болған келеңсіз жағдайдан кейін олар өз оқиғасын көпшілікпен бөлісуді жөн көрген. 

“Бұл мәселенің бар екенін көрсетіп, отбасын жоспарлаудағы жауапкершілік ортақ болуы керек екенін айтқымыз келеді. Сонымен қатар дәрігердің өзіне жеке ренішіміз жоқ. Әр маман өзінің тәжірибесі мен ұстанымына сүйеніп жұмыс істейді. Алайда біздің оқиғамыз қоғамдағы әлдеқайда ауқымды мәселені көрсетті. Біз бұл тақырып туралы ашық айтудан ұялмауымыз керек. Қазір контрацепцияға қатысты жауапкершіліктің басым бөлігі әйелдердің иығына түседі. Ал әйелдер жүктілік, босану және қалыпқа келу секілді ауыр кезеңдерден өтеді. Кей жағдайда бір ғана операция әйелдің ішкі алаңдаушылығын азайтып, отбасының әл-ауқатына оң әсер ете алады”, – дейді отанасы.

Оның ойынша, ер адамның вазэктомия жасатуға келісуі оның жарына, отбасы үшін атқарған еңбегіне және дүниеге әкелген балаларына деген құрметінің белгісі.

Бұған дейін екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан қазақстандық әйел жолдасының вазэктомия жасатқанын айтқан еді. Екі баласымен кәріс азаматына тұрмысқа шыққан Гүлжан Ким қазақтан көрмеген махаббат пен жылылықты ұлты мен діні бөлек шетелдіктен таптым дейді. Кәріс азаматы әйелін жоспардан тыс жүктіліктен қорғау үшін ота жасатқан. Гүлжанның айтуынша, вазэктомия шетелдік азаматтар үшін қалыпты дүние болғанымен, қазақстандықтар үшін таңсық әрі қорқынышты ота.

Stan.kz
Жұма, 26 Маусым, 2026 09:00