Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-та қазақстандық бала күтуші бір жасар қызға қатыгездік көрсетті деп айыпталды (видео)

Бала күтуші мен жараланған бала
Фото: instagram.com/ilovelora

АҚШ-та тұратын қазақстандық әйел Қазақстаннан келген бала күтушіні бір жасар қызына қатыгездік көрсетті деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

АҚШ-та тұратын қазақстандық әйел Threads желісінде ата-аналарға ескерту жасап, жазба жариялады. Оның айтуынша, шамамен жарты жыл бойы Невада штатындағы үйінде жұмыс істеген қазақстандық Мейраш есімді күтуші әйел бір жасар баласына қатыгездік танытқан.

Әйелдің айтуынша, күмәнді жайттар бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарағаннан кейін белгілі болған. Кадрлардан күтушінің кішкентай қыздың қолын күшпен қайырып жатқанын көруге болады. Осыдан кейін бала қатты жылай бастаған.

Сонымен қатар әйел қызының бетінде тістегенге ұқсас іздер қалғанын да жазған. Оның сөзінше, күтуші мұны баланың бөлме ішінде өздігінен соғылып қалды деп түсіндірген.

Әйел барлық бейнежазбалар сақталғанын және қызын дәрігерлердің қарап шыққанын хабарлады. Ал күтушіні жұмыстан шығарып жіберген.

"Бала күтуші таңдауда мұқият болыңыздар және балаларыңызды сеніп тапсырар алдында барлық ақпаратты жан-жақты тексеріп шығыңыздар", – дейді әйел. 

Желі қолданушылары қыздың анасына қолдау білдіріп, полицияға жүгінуге кеңес берді.

"Неге сіз бұл күтушіні полицияға тапсырмадыңыз? Неге оны аядыңыз? Ол сіздің қызыңызды жарақаттауға шақ қалды, тіпті зиян келтірген болуы да мүмкін. Сіз балаңызды қорғауыңыз керек еді, ал кінәлі адам жазаға тартылуы тиіс”, "Видео айғақ бола тұра адамды “жай ғана жұмыстан шығару” қалай мүмкін? Түсінбеймін. Неге полицияға жүгінбеген?", – делінген пікірлерде. 

Кейбір желі қолданушылары жүйке жүйесі сыр берген адамдардың не үшін бала күтуші болып жұмыс істейтіндерін түсінбейтінін айтады.

"Егер адамның жүйкесі мұндай жұмысты көтере алмаса, неге олар күтуші болып жұмысқа тұрады? Бұл өте ауыр еңбек, темірдей сабыр мен төзім қажет екені анық. Балаларға бұлай жасауға қалай жүрек қимайды", – делінген пікірде. 

Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте тәрбиеші бүлдіршіндерді ұйықтату үшін балабақшаға өзімен ине алып келгені туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 26 Маусым, 2026 21:55