Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстаудағы балабақшада бүлдіршін қатарласын кеңсе пышағымен жаралаған: Директор қызметінен босатылды

Балабақшадағы балалар
Фото: Видеодан скрин

Маңғыстау облысының Жетібай ауылында атышулы балабақша директоры қызметінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2026 жылдың сәуірінде Жетібай ауылындағы балабақшалардың бірінде балабақша директорының ұлы тәрбиеленушілерді кеңсе пышағымен қорқытқаны туралы ақпарат тараған еді. 

Маңғыстау облысының білім басқармасы "Жауқазын" балабақшасында тексеру жүргізіп, директордың ұлы мен тәрбиеленушілердің бірінің арасында болған оқиғаны растады.

"2026 жылдың 20 сәуірінде күндізгі ұйқы кезінде балабақша директорының ұлы "Көгершін" ересек тобына кіріп, балаларды оятып, тәрбиеленушілердің біріне кеңсе пышағымен жарақат салған. Оқиға кезінде топта тәрбиешілер болмаған. Топ тәрбиешісінен түсініктемелер алынды, сондай-ақ анықталған заң бұзушылықтары мен жұмысындағы кемшіліктерді жою бойынша ұсынымдар берілді", – делінген Маңғыстау облысының білім басқармасының хабарламасында.

Қарақия аудандық білім бөлімі "Жауқазын" балабақшасының директорымен жасалған еңбек шартын бұзу туралы бұйрық шығарды.

Сонымен қатар "кәмелетке толмағанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамағаны" үшін балабақша директоры мен топ тәрбиешісіне айыппұл салынды. Аталған баптың санкциясына сәйкес айыппұл мөлшері 10 АЕК-ті (43 250 теңге) құрайды.

Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстаудағы балабақшада директордың ұлы қатарластарымен қатар тәрбиешілерді де қорқытып келгені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 22 Маусым, 2026 19:51