Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзбекстанның екі ауылы тұрғындарымен бірге Қырғызстан құрамына өтті: Орталық Азияда ерекше аумақтық айырбас жасалды

Орталық Азия картасы
Фото: istockphoto.com

Этникалық қырғыздар тұратын Өзбекстанның екі ауылы Қырғызстан құрамына өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов Өзбекстанмен мемлекеттік шекараны делимитациялау аясында екі елді мекен шамамен 2500 тұрғынымен бірге Қырғыз Республикасы құрамына өткенін мәлімдеді.

"Олар бұрын Өзбекстанның Ферғана облысының құрамында болған Чонгара және Таш-Тобо ауылдары. Бұл елді мекендерде этникалық қырғыздар тұрады. Енді аталған ауылдарда тіркеу рәсімдері жүргізіледі, рәсімдер аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындарына Қырғыз Республикасының азаматтығы беріледі, – деп жазды Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы. 

Ал Қырғызстан Өзбекстанға шекара маңынан тең аумақтағы жер учаскелерін берген.

Айта кетейік, 2023 жылдың басында Қырғызстан мен Өзбекстан ортақ мемлекеттік шекараларын делимитациялауды ресми түрде аяқтаған еді. 2023 жылдың 27 қаңтарында екі ел президенттері Шавкат Мирзиёев пен Садыр Жапаров тиісті шартты ратификациялау туралы құжаттарға қол қойды. 

Аталған құжат жалпы ұзындығы 302,29 шақырым болатын мемлекеттік шекара сызығын айқындайды.

Өзбекстанға Әндіжан/Кемпір-Абад су қоймасы аумағынан 4957 гектар жер және қосымша бөгетті күтіп-ұстау мен қорғауға арналған 19,5 гектар жер берілді. Ал Қырғызстанға өтемақы ретінде 1019 гектар жайылым жер және Әндіжан су қоймасының сол жағалауындағы "Говасай" аумағындағы 12 849 гектар жер берілді.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан парламенті Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы оқыс оқиғалардың алдын алу тәртібін бекіткені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 26 Маусым, 2026 19:17