Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы оқыс оқиғалардың алдын алу тәртібі бекітілді: Cенат заң жобасын мақұлдады

шекара
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Сенат халықаралық қауіпсіздік пен өңірлік ынтымақтастыққа бағытталған екі заң жобасын қолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Құжаттың бірі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара режимін реттеуге қатысты. Бұл 2024 жылғы 8 тамызда Астанада қол қойылған келісім. Құжат екі елдің ортақ шекарасындағы өзара іс-қимыл қағидаларын ресми түрде бекітеді.

Келісім Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын демаркациялау жұмыстары аяқталған соң әзірленген. Ол 2001 жылы қол қойылған мемлекеттік шекара туралы шартқа және 2022 жылғы демаркация туралы келісімге негізделген.

Құжатта мемлекеттік шекара режимінің жалпы ережелері айқындалған. Атап айтқанда, шекара сызығы мен шекара белгілерін күтіп ұстау тәртібі, адамдардың, көлік құралдары мен жүктердің өткізілу қағидалары, шекара маңындағы аймақта ұшуларды жүзеге асыру және түрлі жұмыстарды жүргізу талаптары белгіленген.

Сонымен қатар келісім Қазақстан мен Өзбекстанның ықтимал шекаралық оқиғалардың алдын алу және оларды реттеу тәртібін айқындайды.

Сенат депутаттарының пікірінше, заңды қабылдау ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға және екі ел арасындағы шекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.

 Қазақстанда Ауғанстанға көмек беретін орталық ашылады

Ал екінші екіншісі Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын ашуға қатысты. 

Орталық тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша өңірлік жұмысты үйлестіріп, елдер арасында тәжірибе алмасуға, техникалық және талдамалық қолдау көрсетуге ықпал етеді.

Орталық климаттық тұрақтылық, экономикалық өсім, әлеуметтік саясат, гуманитарлық ынтымақтастық және Орталық Азия мен Ауғанстан үшін маңызды өзге де бағыттар бойынша бірлескен бағдарламаларды іске асырумен айналысады.

Келісімде орталықтың құқықтық мәртебесі, оны Қазақстан аумағында орналастыру және қызметін ұйымдастыру тәртібі, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл қағидалары, БҰҰ қызметкерлерінің ел аумағында болу шарттары айқындалған.

Құжат Қазақстан үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелерін де реттейді.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 11 Маусым, 2026 11:54