"Қазақ тілі тестінен өту қиын болып кеткен": Өзбекстаннан Рудныйға көшірілген қандастар азаматтық ала алмай жүр

Әлеуметтік желіде Рудныйға көшіп келген қандастар квота саны шектеулі болғандықтан Қазақстан азаматтығын ала алмай әлек болып жүргенін айтып, шағымданды. Былтыр және биыл Қостанай облысына көшіп келгендер саны 800, ал өңірге тек 200 квота бөлінген. Жергілікті тұрғындарға құжат мәселесімен көмектесіп жүрген Гүлдана Жақмұратова Stan.kz редакциясына берген сұхбатында қандастардың шағымын жеткізді.
Қостанайлық қандастар Қазақстан азаматтығын ала алмай әлек. Оған себеп өңірге квотаның аз бөлінуі дейді олар.
“Неге Солтүстік Қазақстанға келген қандастарға қандас мәртебесін бермей жатыр? 2023 жылы келген қандастарың өзі ала алмай жүр. Біз квотаны көбейтсін деп облыс әкіміне де, Рудный қаласының әкіміне шықтық. Бұл мәселе әлі де шешілмей жатыр”, – дейді азаматтық ала алмай жүрген қандастардың бірі.
Желідегі жазбада “Қандас” бағдарламасымен және президенттің шақыруымен 2026 жылы Рудный қаласына Өзбекстанның тау-кен өндірісі дамыған өңірлерінен яғни, Навои, Зарафшан, Үшқұдық, Канимех, Мұрынтау, Газли қалаларынан 800 қандас өтініш бергені көрсетілген.
“Олардың басым бөлігі – тау-кен саласы мен металлургияны меңгерген техникалық білімді мамандар. Алайда олардың тек 200-іне ғана азаматтық беріліп, қалғандарына азаматтық беруден бас тартылған. Бұл жағдай көптеген сұрақ туындатып отыр: енді бұл азаматтар қайтадан Өзбекстанға оралуы тиіс пе? Бұған дейін оларды арнайы Солтүстік өңірлерге бағыттаған еді, өйткені бұл аймақтарда қазақ тілін сақтау мен дамыту маңызды”, – деп жазылған әлеуметтік желіде тараған жазбада.
Қазір Гүлдана Жақмұратова қандастардың құжат жинап, тест тапсырып, азаматтық алуына көмектесіп жүр. Өзі де Өзбекстаннан Рудныйға көшіп келген ол мемлекеттен азаматтық алуды квотамен тікелей байланыстырмаса екен де сұрайды.
“Шетелден көшіп келген қандастарға мемлекет тарапынан квота, яғни көмек беріледі. Қостанайға 200 квота бөлінгендіктен тек 200 адам ғана Қазақстан азаматтығын алып отыр. Қалған мыңдаған адам қандас мәртебесінсіз жүр. Қандасы жоқтар азаматтық ала алмайды. Қазір Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларға, одан бөлек Оңтүстік Қазақстандағы пилоттық жобаға байланысты қандас мәртебесі де, шетелдіктің тұруға ықтиярхаты да, азаматтық та берілмейді. Қазір квота Павлодар, Ақмола, Ұлытау, Абай облыстарында беріліп жатыр. Бұл өңірлерде квота әлі тола қойған жоқ. Ал Қостанайға Өзбекстанда тұрған көп қазақ көшіп келгендіктен, біздің облысқа бөлінген квота таусылды. Сондықтан қалған 600 қандас азаматтықсыз қалды. Сондықтан азаматтық алуды квотамен тікелей байланыстырмаса екен. Квота алмайтын қандастарымыз азаматтық ала алмай жүр. Қазақстан азаматтығын алу үшін адамның қолында қандас мәртебесі болу керек”, – дейді Гүлдана.
Оның айтуынша, квота әр жылы әр түрлі көлемде бөлінеді. Алайда Қостанайда шамамен жылдың басында, ортасында бөлінген квота толып қалады дейді ол.
“Көшіп келген қазақтар тіпті қандас пен тұруға ықтиярхатты да ала алмай отыр. Азаматтық алса ипотека алып, үйлі болсын деп ойлап едім, қандас мәртебесін де бермей отыр. Былтыр Қостанайға 150 квота бөлінді. Ал Рудныйға 60 квота берілді. Биыл 200 квота Қостанайға бөлінген, оның 100-і рудныйлықтарға тиесілі болды”, – деді ол.
ОқыңызРудный қаласына көшіп барған қандастар өңірге бөлінген квота санының аз екенін айтып, қала әкімдігіне де, облыс әкіміне де дейін барған. Алайда жергілікті тұрғындар еститін құлақ жоқ деп ашынады.
Гүлдана Шәкірбайқызы қандастар тапсыратын тесттің де қиындап кеткенін айтып отыр.
“Өткен айда А1-А2 деңгейімен тапсырдық. Осы айда көтеріп жіберді. Қазір В2 және одан жоғары деңгейге тапсырып жатырмыз. Жастарымыз В2 деңгейін алады. Алайда үлкен кісілерге қиынға соғып жатыр. Көздері көрмейді, көзілдірік тақса камера көзілдірікті қабылдамайды. Бұған дейінгі тестте мәтіндері 1-2 абзац болатын. Қазір 10 абзацқа дейін үлкейген. Сондай-ақ тыңдалымда 20 сұрақ беріледі. Олар бұрын 57-58 секундық еді, қазір 2 минутқа дейін созған. Алайда берілетін уақыт өзгермеген. Тестке 1 сағат 10 минут беріледі”, – дейді Гүлдана Шәкірбайқызы.
Осы тұста Ішкі істер министрлігінен пікір сұрадық. Ведомствоның дерегіне сенсек, 2024 жылдан бері азаматтық алған қандастардың саны азайып келеді.
“Қостанай облысы полиция департаментінің мәліметі бойынша 2024 жылы – 501 қандас, 2025 жылы Қостанай облысы Рудный қаласында Өзбекстан Республикасынан келген 303 қандас Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданды. Аталған кезеңде Қазақстан азаматтығына қабылдаудан бас тарту фактілері тіркелген жоқ. Ал 2026 жылы 39 қандас азаматтық алды”, – деп мәлімдеді министрлік.
Бұдан бөлек, биыл екі азамат азаматтыққа қабылдану немесе азаматтықты қалпына келтіру туралы өтініш бергенге дейінгі бес жыл ішінде бірнеше рет халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғандықтан "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңның 17-бабының 10-1-тармағы негізінде оларға Қазақстан азаматтығы берілмеген.
Сондай-ақ министрлік шағымы бар қандастардың азаматтық алуға өтініш бермегенін атап өтті.
"Қазақ тілі тестінен өту қиын болып кеткен": Өзбекстаннан Рудныйға көшірілген қандастар азаматтық ала алмай жүр