Шәйнектегі қақтың бүйректе тас жинайтыны қаншалықты рас: Мамандар жауап берді

Шәйнектегі қақты тұрмыста жиі кездестіргенімізбен, оның не себепті пайда болатынын және қаншылықты ағзаға зиян екенінен біле бермейміз. "Алматы Су" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары Stan.kz редакциясына берген сұхбатында ауыз судың қалай тазартылатынын және водоматтағы қақтың алдын алу үшін не істеу керегін айтып берді.
Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "Алматы Су" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының мамандарының айтуынша, шаһар тұрғындары қолданатын ауыз су – таулы өзендер арқылы, сонымен қатар тереңдігі 150-ден 500 метрге дейінгі ұңғымалар арқылы өндірілетін жерасты су көздері. Сондай-ақ қала халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жылына 60-70 мың су сынамалары алынады.
Шәйнектегі қақ қайдан пайда болады?
“Бастапқы су құрамында ауыр металдар жоқ. Соған қарамастан, судың барлық қажет санитарлық нормаларға сәйкестігі қатаң бақылауда ұсталады. Кәсіпорнының аттестатталған зертханасы судың сапасын тазарту мен тұтынушыға жеткізу кезеңдерінің барлығында бақылау жүргізіп отырады. Жұмыстар санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің тікелей бақылауымен жүргізіледі”, – деп мәлімдеді "Алматы Су" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.
“Қала халқы сапалы ауыз суды қолданып отырса, тұрмыстық заттардағы қақ қайдан пайда болады?” деген заңды сұрақ туындайды. Кәсіпорын өкілдері осы тұста шәйнектегі қақ не себепті түзілетінін түсіндірді.
“Суды қайнату барысында еріген тұздар тұнбаға түсіп, қақ түзеді. Ол тек қыздыруға арналған – шәйнек, асүй ыдыстарында, бойлерлерде және көбіне суды бірнеше рет қайнатқан жағдайда пайда болады. Шәйнекте қақтың пайда болуы суда магний мен кальций тұздарының болуымен де байланысты. Әсіресе, олардың мөлшері артезиан суларында жоғары болады, бұл судың қаттылық деңгейіне тікелей әсер етеді. Санитарлық талаптарға сәйкес, судың қаттылығы 1 текше метрге 7 мольден аспауға тиіс. Алматы қаласында бұл көрсеткіш су көзіне байланысты өзгеріп, орта есеппен 1,5-5 моль аралығында”, – делінген кәсіпорын жауабында.
Десе де қақтың түзілуі су сапасының төмендігін білдірмейді дейді кәсіпорын өкілдері. Мысалы, құрамында тұздар жоқ дистилденген су ағзадан пайдалы микроэлементтерді шайып, кері әсерін тигізуі мүмкін.
Ал Алматы Су сату департаментінің директоры Серік Шағиров бұған дейін қақтың судың сапасына тікелей қатысы жоқ екенін айтқан.
“Қақ – суды бірнеше рет қайнатқаннан кейін пайда болатын магний мен кальций тұздарының шөгіндісі. Бұл – судың қалыпты қасиеті. Сонымен қатар атап өткім келеді, Алматы қаласында халық үшін 1000 литр, яғни 1 текше метр судың бағасы 80 теңге тұрады. Ал водоматтардағы бағаға жүргізілген талдау мұндай аппараттардан алынатын 1 литр судың құны 10-15 теңге аралығында екенін көрсетіп отыр”, – деді департамент директоры.
Тау өзендерінен алынатын су қалай тазартылады?
"Алматы Су" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының мәліметінше, Алматыдағы ауыз суы қосымша сүзгіден өткізуді қажет етпейді. Тұтынушыларға жеткізілгенге дейін тау өзендерінен алынған су 10-15 сағатқа созылатын төрт кезеңді тазарту үдерісінен өтеді.
- Бірінші кезеңде су арнайы қалқандары бар ірі тұндырғыштарға түседі, мұнда барлық қалқымалы бөлшектер ұсталып қалады. Тұндырғыштардың спиральды, тік және көлденең түрлері қолданылады.
- Екінші кезеңде суға коагулянт қосылады. Бұл зат ұсақ бөлшектерді біріктіріп, олардың су бетіне қалқып шығарады. Коагуляция үшін темір хлориді мен алюминий сульфаты пайдаланылады.
- Үшінші кезеңде су керамзит пен кварц құмы салынған ірі бетон сүзгілер арқылы өткізіледі. Әрбір су алу нысанында шамамен 24 сүзгі жұмыс істейді. Негізгі тазарту материалы ретінде түйіршіктелген керамзит пен кварц құмы қолданылады. Сүзгілер тұрақты түрде жуылып отырады.
- Төртінші, соңғы кезең – суды залалсыздандыру. 2009 жылға дейін қолданылған газ тәрізді хлор бүгінде пайдаланылмайды. Қазір суды залалсыздандыру мақсатында ас тұзын электролиздеу арқылы алынатын натрий гипохлориті қолданылады.
Водоматтардағы қақтың алдын алу үшін не істеу керек?
Ал Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары водоматтар қаланың коммуналды орталықтандырылған су жүйесіне қосылғандықтан және су құрамындағы кальций мен магний тұздарының әсерінен құрылғы ішінде уақыт өте келе қақ пайда болатынын айтады.
“Қақтың пайда болуы негізінен судың минералдық құрамына байланысты. Сонымен қатар сүзгілерді уақытылы ауыстырмау және профилактикалық жұмыстар дұрыс жүргізілмесе бұл қақтың жиналуын күшейтеді. Қызмет көрсетуші субъектілер пайдаланылатын жабдықтың санитариялық жағдайына жауапты. Қазақстан Республикасының санитариялық қағидаларына сәйкес ауыз сумен жабдықтау объектілерінде санитариялық-гигиеналық іс-шаралар тұрақты негізде жүргізілуі тиіс. Сүзгілер өндіруші белгілеген мерзімде ауыстырылып, құрылғыларға жүйелі түрде тазалау және дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуі қажет”, – делінген департамент жауабында.
Водоматтарда қақтың шамадан тыс жиналуы құрылғының техникалық жұмысына әсер етіп, су өткізу жүйесінің бұзылуына және су сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін де ескертті. Сол үшін сүзгілерді уақытылы ауыстырып, құрылғыны тұрақты тазалап, профилактикалық қызмет көрсету қажет. Бұл талаптарды орындау қызмет көрсетуші субъектінің міндетіне жатады.
Қақтың алдын алу үшін не істеу керек?
Қақтың алдын алу үшін сүзгілерді уақытылы ауыстыру, құрылғыны тұрақты техникалық тексеруден өткізу, тазалау және дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу қажет.
Алайда кейбір сүзгілеу жүйелері судың құрамындағы минералдардың белгілі бір бөлігін азайтуы мүмкін. Сондықтан қазір заманауи су тазарту жүйелерінде минералдық құрамды сақтауға немесе қалпына келтіруге арналған технологиялар қолданылады.
Қақтан бүйректе тас пайда бола ма?
Департамент өкілдері қақтың тікелей улы зат емес екенін айтады. Алайда санитариялық талаптар сақталмаған жағдайда құрылғының санитариялық жағдайы нашарлап, су сапасына әсер етеді.
“Қақ судың органолептикалық қасиеттеріне, яғни дәмі мен иісіне әсер етуі ықтимал. Осыған байланысты су тарату құрылғыларына тұрақты техникалық және профилактикалық қызмет көрсету қажет”, – дейді мамандар.
Олардың бұл сөзін гастроэнтеролог дәрігер Раиимжан Маметалиев те растады. Алайла қақ көп мөлшерде адам ағзасына түссе салдарының оңай болмайтынын ескертті. Ол тіпті, бүйректе тастың пайда болуына әкеліп соғады.
“Қақ – магний мен кальций карбонаттарынан тұратын зат. Аз мөлшерде немесе тіпті орташа мөлшерде ол адам ағзасына зиян келтірмейді. Бірақ егер ол жиі және көп мөлшерде, мысалы, үлпек немесе ірі бөлшектер түрінде ағзаға түссе, онда бірқатар қиындық туындайды. Атап айтқанда, асқазан-ішек жолдарының жұмысы бұзылуы мүмкін. Яғни, асқазанда қышқыл төмендеп, ауырлық сезімі пайда болады, жүрек айнып, іш қатады немесе іш өтеді. Электролиттердің тепе-теңдігі бұзылып, бүйректе тас пайда болу қаупі артуы мүмкін”, – дейді дәрігер.
Шәйнектегі қақтың бүйректе тас жинайтыны қаншалықты рас: Мамандар жауап берді