Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1,5 мыңнан аса сотталғанның жазасы жеңілдетіледі: Сенат рақымшылық жасау туралы заңды мақұлдады

полиция
Фото: Polisia.kz

 

Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңды Сенат мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сенат депутаттары пленарлық отырыста Мәжіліс қабылдаған “Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы” заңды мақұлдады.

Заң жобасын таныстырған сенатор Мұрат Қадырбектің айтуынша, рақымшылық жауапкершілік қағидатынан бас тартуды білдірмейді. Керісінше заңда нақты белгіленген жағдайларда қолданылатын гуманизм актісі саналады.

“Рақымшылық сыбайлас жемқорлық қылмыстары, терроризм мен экстремизмге қатысты қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, азаптау фактілері үшін сотталғандарға, өмір бойына бас бостандығынан айырылған, кісі өлтірген, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірген, мемлекетке опасыздық жасаған және басқа да аса қауіпті қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды”, – деді депутат. 

Заңға сәйкес, жеңіл дәрежедегі қылмыс пен қылмыстық теріс қылық жасағандар рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Сонымен қатар, орташа ауырлықтағы қылмыс жасап, келтірілген залалды толық өтеген немесе мүлде зиян келтірмеген азаматтар да жазадан босатылады. Тәртібі жақсы, жазасының аяқталуына бір жылдан аз уақыт қалған сотталғандарға негізгі жазаны өтеуден босату қарастырылған.

Орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған басқа сотталғандардың өтелмеген немесе орындалмаған негізгі жаза мерзімі екі есе қысқартылады.

Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталғандардың өтелмеген немесе орындалмаған жаза мерзімдері мынадай тәртіппен қысқартылады:

  • келтірілген залалды толық өтеген ауыр қылмыс жасағандарға – жаза мерзімінің үштен бір бөлігіне;
  • аса ауыр қылмыс жасағандарға – төрттен бір бөлігіне;
  • ауыр қылмыс жасаған өзге сотталғандарға – төрттен бір бөлігіне;
  • аса ауыр қылмыс жасағандарға – бестен бір бөлігіне.

Сонымен қатар түрмеде тәртіп бұзбаған және жазасының аяқталуына бір жылдан аз уақыт қалған сотталғандардың өтелмеген жаза мерзімі қысқартылады.

Әкімшілік рақымшылық

Заң тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы әкімшілік рақымшылықты қарастырады. Соның аясында азаматтар мен кәсіпкерлер заң күшіне енгенге дейінгі кейбір төленбеген әкімшілік айыппұлдардан босатылады

“Ауқымы өте үлкен. Бір ғана Ішкі істер министрлігі желісі бойынша рақымшылық жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын шамамен 1 миллион әкімшілік айыппұлды қамтиды”, – деді депутат Евгений Больгерт.

Алайда әкімшілік рақымшылық соттар салған айыппұлдарға, азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзушылықтар үшін тағайындалған айыппұлдарға қолданылмайды.

Заңға түсіндірме материалдарға сәйкес, алдын ала есеп бойынша рақымшылық 15,3 мыңнан астам сотталған адамға қолданылады.

Олардың ішінде:

4,5 мың адам қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатылады;
10,8 мың сотталғанның жаза мерзімі қысқартылады.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Тоқаев бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жарияланатынын айтқан еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 11 Маусым, 2026 13:21