"Декретке шықса, кейін қызметін жалғастырады": Қорғаныс министрлігі әскери қызметкерлерге қатысты ережені өзгертпек

Қорғаныс вице-министрі Асқар Мұстабеков Сенат кулуарында декреттік демалысқа шығатын әскери қызметкерлерге қатысты қандай өзгерістер енгізілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Енді екі жылдық мерзімге офицер ретінде әскери қызметке шақырылғандар декреттік демалыстан шыққан соң қызметтің өтелмеген бөлігін аяқтауға міндеттеледі.
Вице-министрдің айтуынша, соңғы жылдары декреттік демалысқа шығатын ер адамдардың саны айтарлықтай артқан. Мәселен, 2023 жылы мұндай құқықты 16 әскери қызметкер пайдаланса, 2024 жылы олардың саны 67-ге жеткен. Ал 2025 жылы 95 адам декреттік демалысқа шыққан. Биыл жыл басынан бері бұл құқықты 42 әскери қызметкер қолданған.
Асқар Мұстабековтің сөзінше, әскери қызметкердің демалысқа шығуына байланысты оның қызметтік міндетін атқаратын адам табылмайтын жағдайлар жиі кездеседі.
“Бұл 24 ай мерзімге шақырылған ер әскери қызметкерлерге қатысты. Мысалы, офицер екі жылға қызметке шақырылды делік. Ол екі ай қызмет атқарып, кейін рапорт жазып, декреттік демалысқа шығады. Қазіргі тәртіп бойынша, 24 ай өткен соң ол демалыстан оралады. Осы уақыт еңбек өтіліне есептеледі және әскери қызметін толық өтеді деп саналады. Ал жаңа заң күшіне енген жағдайда декреттік демалыс кезеңінде оның әскери қызмет мерзімі тоқтатылады. Демалыстан шыққан соң ол қалған қызмет мерзімін өтеуді жалғастырады. Мәселен, офицер алты ай қызмет атқарып, оған тағы 18 ай қызмет ету қалған болса, декреттік демалыстан кейін осы 18 айды толық өтейді”, – деді вице-министр.
Ұсынылып отырған түзетулер офицерлердің декреттік демалыс кезінде әскери қызметін аяқтады деп есептелу тәжірибесін жоюды көздейді. Сонымен қатар жаңа нормалар бұған дейін декреттік демалысқа шыққан әскери қызметкерлерге қолданылмайды.
“Заңның кері күші болмайды. Бұл өзгерістер 24 ай мерзімге шақырылған офицерлерге қатысты. Олар жоғары оқу орнын және әскери кафедраны тәмамдап, әскери атақ алған соң екі жыл мерзімге офицер ретінде әскери қызметке шақырылған азаматтар”, – деді Асқар Мұстабеков.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның 13 өңірінде заңсыз декрет төлемдері бойынша тергеу жүріп жатқаны туралы жазған едік.
Мамандар шәйнектегі қақ пен су сапасының байланысын түсіндірді: Шөгінділерге алаңдамауға кеңес берілді
Оқыңыз