Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

24 маусымнан бастап Қазақстанда жаңа бизнес-идеяларға гранттарға өтінім басталады

бизнес
Фото: Shutterstock

Халықтың әлеуметтік осал санаттары арасында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында 24 маусым мен 8 шілде аралығында Business.enbek.kz порталында мемлекеттік гранттарды алуға өтінім қабылдау жүргізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Грант мөлшері – 400 айлық есептік көрсеткішті немесе 1 730 000 теңге. Мемлекеттік қолдау қайтарымсыз.

Грант бір рет қана беріледі және оны әр азамат тек бір мәрте ала алады.

Конкурсқа жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуден өткеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады.

Бұл ретте үміткерлер келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс:

  • мүгедектігі бар адамдар;
  • "қандас" мәртебесі бар азаматтар;
  • өңіраралық қоныс аударушылар;
  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • көпбалалы отбасылар;
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған тұлғалар және олардың жұбайлары;
  • асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Сондай-ақ олардың соңғы үш жылда "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту сертификаты болуы керек.

Үміткерлерді іріктеуді ұсынылған бизнес-жобалар негізінде конкурстық комиссиялар жүзеге асырады. Өтінімдерді қарау барысында бизнес-идеяның даму перспективасы, жобаның қаржылық негізі және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуеті бағаланады.

Өтінімді электронды форматта Business.enbek.kz порталы арқылы береді. Қатысу үшін порталға тіркеліп, өтінім нысанын толтыру, бизнес-жоспарды жүктеу және құжаттарға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қою қажет.

Бірінші лек аясында Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан басқа барлық өңірде 3 764 грант беру жоспарланған. Жалпы 2026 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына 9 мың грант беру көзделіп отыр.

Грант қаражаты мақсатты түрде беріледі. Оны құрал-саймандар, еңбек құралдары, технологиялық жабдықтар, ауыл шаруашылығы жануарлары, мал мен құс, сондай-ақ көшеттер, бұталар, тұқымдар мен көшет материалдарын сатып алуға жұмсауға болады.

Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін қажетті үй-жайларды жалға алу шығындарын төлеуге де грант қаражатын пайдалануға рұқсат етіледі.

“Грант қаражатын тұтынушылық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Атап айтқанда, грант есебінен несиелер мен қарыздарды өтеуге, тұрғын үй сатып алуға немесе салуға, жер телімдерін алуға, шетел валютасын, бағалы қағаздарды және цифрлық активтерді сатып алуға, сондай-ақ акцизделетін өнім өндіруге және Қазақстан заңнамасында тыйым салынған өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыруға болмайды”, – делінген хабарламада.
Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 11 Маусым, 2026 12:27