Тісін емдеткен 9 жастағы ақтаулық бала жақ сүйегінің бір бөлігінен айырылып қалды

Ақтауда тоғыз жастағы бала тіс емінен кейін төменгі жақ сүйегінің 60-70 пайызы зақымдап, сүйек тінін алып тастады. Енді отбасы медицина мамандарын жауапқа тартуды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada порталына сілтеме жасап хабарлайды.
9 жасар Нұрәділдің анасының айтуынша, 2026 жылдың ақпан айында ол ұлын профилактикалық тексеріске апарған. Оның сөзінше, балаға алдын ала рентген тексеруі жасалмай, анестезиямен ем жүргізуге жіберілген. Процедурадан кейін тіс пломбаланбаған және қайта қабылдауға тек екі аптадан кейін келу белгіленген. Кейін анасының айтуынша, медициналық құжаттарда емдеу аяқталды деп көрсетілгені анықталған.
Ақмарал Қалжанованың айтуынша, кейін балаға бірнеше рет мышьяк пастасы салынған. Осыдан соң баланың беті ісініп, қатты ауырсыну пайда болған. Алайда дәрігерлер тек ауызды тұзды сумен шаюды ұсынған.
Кейін баланың бойында іріңді-қабыну процесі дамыған. Астанада оған төменгі жақ сүйегінің остеомиелиті және секвестрі диагнозы қойылған. Екі операция барысында дәрігерлер шамамен 15 грамм зақымданған сүйек тінін алып тастаған.
Қазір бала дұрыс шайнай алмайды, ұсақталған тағаммен қоректенеді. Патологиялық сынық қаупіне байланысты оған белсенді физикалық жаттығулар жасауға тыйым салынған. Анасының айтуынша, жақ сүйегін толық қалпына келтіру операциясын тек бала есейген кезде жасауға болады.
Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы ішкі қызметтік тексеру нәтижесінде екі стоматологқа жіберілген заң бұзушылықтар үшін сөгіс жарияланғанын хабарлады.
Алайда отбасы бұл шешіммен келіспейді. Баланың анасы Маңғыстау облысының полиция департаментіне өтініш тіркеп, сотқа дейінгі тергеу жүргізуді талап еткен.
Өтініште кәсіби міндеттерді тиісінше орындамау, ресми құжаттарды қолдан жасау және қызметтік салғырттық белгілері болуы мүмкін екені көрсетілген. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалғаны туралы ресми ақпарат жоқ.
Оқыңыз