Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"+42°С-қа дейін ыстық": Синоптиктер Қазақстанның 17 облысында дауылды ескерту жариялады

аптап ыстық ауа райы
Фото: depositphotos.com

"Қазгидромет" 27 шілдеге Қазақстанның 17 облысы мен Алматы және Шымкент қалаларында дауылды ескерту жариялады. Бірқатар өңірде аптап ыстық +42 градусқа дейін жетсе, кей жерлерде найзағай, бұршақ, дауыл, шаңды дауыл және төтенше өрт қаупі болжануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Синоптиктердің мәліметінше, ең жоғары температура мына өңірлерде болжанып отыр:

  • Қызылорда облысында – +42°С-қа дейін;
  • Түркістан облысында – +41°С-қа дейін;
  • Ұлытау облысында – +38°С-қа дейін;
  • Қостанай және Ақмола облыстарында – +35...+37°С;
  • Алматы облысында – +35°С-қа дейін.

Сонымен қатар елдің шығыс, солтүстік және батыс өңірлерінде ауа райы күрт нашарлайды. Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, дауыл тұрады. Желдің екпіні секундына 23–25 метрге дейін жетуі мүмкін.

Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының кей аумақтарында шаңды дауыл күтіледі.

Алматыда төтенше өрт қаупі сақталады. Сонымен қатар Іле Алатауының таулы аймақтарында күннің екінші жартысында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болуы мүмкін. Шымкентте солтүстік-шығыстан соғатын жел күшейіп, екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді.

Сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау және басқа да өңірлердің бірқатар ауданында төтенше өрт қаупі сақталады.

Мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт далада жүрмеуге, табиғат аясында ашық от жақпауға және қатты жел мен найзағай кезінде мүмкіндігінше ғимарат ішінде болуға кеңес берді.

Гүлсезім Мұхатай
Жексенбі, 26 Шілде, 2026 20:02
Талқылау