Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүлде 2,5 миллион теңге": Жарнамалық акцияда жеңіске жеткен қазақстандық ақшасын ала алмай сотқа жүгінді

Жарнамалық акцияда ұтқан жеңімпаз
Фото: Жасанды интеллект көмегімен

RG Brands Kazakhstan өткізген "Lavina" жарнамалық акциясында жеңімпаз атанған қазақстандыққа уәде етілген 2,5 миллион теңге бас жүлде төленбей қалған. Компанияның бұл шешімін сот заңсыз деп танып, ақшаны жеңімпазға беру туралы шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға 2025 жылдың жазында басталған. "Включайся. Это Lavina!" атты ауқымды жарнамалық акция кезінде Қазақстан тұрғыны Жансая ресми түрде бас жүлденің жеңімпазы деп танылған.

Жеңімпаз анықталғаннан кейін компания өкілдері оны құттықтап, жеке куәлік пен банк деректерін сұраған. Сондай-ақ барлық тексерулер сәтті аяқталғанын растаған. Алайда уәде етілген төлемнің орнына мерзім бірнеше рет кейінге шегерілген.

Алдымен техникалық себептерге байланысты кешігу айтылса, кейін төлем жақын арада жүзеге асырылатыны хабарланған. Бірнеше ай өткен соң компания жеңімпаздың жүлдеден айырылғанын мәлімдеген.

Сот материалдарына сәйкес, компания жеңімпаз тарапынан нақты қандай да бір бұзушылық болғанын дәлелдей алмаған.

Ұйымдастырушы тарап Жансаяның Instagram желісінде бірнеше аккаунты бар екенін алға тартқан. Алайда екі сот инстанциясы да акция ережелерінде бірнеше аккаунт пайдалануға тыйым салынбағанын және мұндай негізбен жүлдеден айыру қарастырылмағанын атап өткен.

Сонымен қатар сот жеңімпаз анықталғаннан кейін компания өз міндеттемелерін өз бетінше орындаудан бас тарта алмайтынын көрсеткен.

Апелляциялық алқа компанияның әрекетіне ерекше назар аударып, ұйымдастырушының жеңімпазда жүлде алуға заңды үміт қалыптастырғанын, бірнеше рет төлем жасауға уәде бергенін, кейіннен процесті созып, ішкі тексерулерге сілтеме жасағанын атап өтті.

Талапкердің өкілі Евгений Коваленконың айтуынша, Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырған. Сот компанияның 2,5 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдені төлеуден бас тартуын заңсыз деп таныды.

Осылайша екі сот отырысында да RG Brands Kazakhstan компаниясы өткізген "Lavina" жарнамалық акциясының жеңімпазы Жансая жеңіп шықты.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 11 Маусым, 2026 14:12