Қазақстандық танымал әнші әлеуметтік желідегі видеосы үшін үш бап бойынша жауапқа тартылды

Қазақстандық әнші Ринат Шамшырақ Instagram желісінде жариялаған видеосынан кейін бірден үш құқықбұзушылық бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жуырда әке атанған әнші әлеуметтік желідегі парақшасына отбасымен бірге көлікте түсірілген видео жариялаған. Кадрдан жаңа туған сәбидің автокөліктің алдыңғы орындығында арнайы ұстап тұратын құрылғысыз жатқанын көруге болады. Ал әншінің жұбайы көліктің артқы орындығында отырған.
Видео желіде тарағаннан кейін қолданушылар сәбидің қауіпсіздігіне алаңдап, әншінің әрекетін сынға алды. Кейбір желі қолданушылары Алматы қаласының полиция департаментін белгілеп, жол қозғалысы ережесін бұзғандарға шара қолдануды сұраған.
Полиция аталған видеоға қатысты тексеру жүргізіп, көлік жүргізушісі мен жолаушыны анықтады.
“Әлеуметтік желіде Lixiang L7 автокөлігінің жол қозғалысы ережесін бұзғаны бейнеленген видео жарияланды. Тексеру барысында жүргізуші мен жолаушы анықталды. Олар баланы арнайы ұстап тұратын құрылғысыз тасымалдағаны, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланғаны және қауіпсіздік белдігін тағу ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды”, – деп хабарлады Алматы қаласының полиция департаменті.
Сонымен қатар жүргізушімен мұндай құқықбұзушылықтарға алдағы уақытта жол бермеу жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізілген.
"Бір бие, бір жабағыдан бастадық": 40 жылдан бері жылқы баптап жүрген отбасы қымызмұрындықтың мәнін түсіндірді
Оқыңыз