Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі 1 тамыздан кейін қаралатын болды

Ақша
Фото: Stan.kz

Үкіметте өткен брифингте Қазақстан халқының табысын арттыру жоспары таныстырылды. Оның бір тармағы ең төменгі жалақыны көтеру мәселесіне арналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аталған өзгерісті ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин таныстырды. 

“Ең төменгі жалақыны арттыру мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Біз оны көтереміз. Алайда бәрі бюджет мүмкіндігіне байланысты болады”, – деді вице-министр.

Азамат Әмриннің айтуынша, қазір 2027 жылға арналған бюджетті қалыптастыру жұмыстары жүріп жатыр. Ол үшін мамандарға 2025 жылдың қорытынды статистикалық деректері қажет. Бұл мәліметтер 1 тамызда белгілі болады.

“1 тамыздан кейін 2025 жылдың қорытынды статистикалық деректерін аламыз. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының нәтижелері де қолымызда болады. Осы көрсеткіштер 2027 жылға арналған бюджет кірістерінің болжамын қалыптастыруға негіз болады. Сондықтан бюджет ең төменгі жалақыны қаншалықты арттыруға мүмкіндік беретінін нақты түсінеміз”, – деді Азамат Әмрин.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін екені туралы жазған едік. Кейін Ұлттық экономика министрлігі ең төменгі жалақы қашан 150 000 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін екенін айтқан еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 11 Маусым, 2026 12:12