Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"27 рет көзіме шөп салып, бауыздамақ болды": Шымкенттік әйел бастан кешкен сұмдық оқиғасын айтты

Түркістан облысында ер адам бұрынғы әйелі Ақерке Құнанбайды пышақпен қорқытып, кепілге алып, өлтірмек болған. Полицияның жедел араласуының арқасында келіншек аман қалды. Алайда мойын тұсынан пышақ жарақатын алып, ауруханаға түскен. Ақеркенің айтуынша, бұрынғы күйеуі бұл әрекетке оның әкесінен кек алу үшін барған. Әкесі қызының ұрып-соғу, опасыздық және күйеуінің құмар ойынға тәуелділігіне байланысты ажырасу туралы шешімін қолдаған. Әйелінен айырылғысы келмеген ер адам оған тыныштық бермеген. Кепілге алу оқиғасынан кейін сот оны 9 жылға бас бостандығынан айырды. Ақерке Құнанбай бұл жайт туралы араға екі жыл салып алғаш рет ашық айтты. Бұл туралы  Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2024 жылы 19 наурызда Түркістан облысы, Сайрам ауданында сұмдық оқиға орын алды. Күйеуі өзінің әйелін кепілге алып, бауызап өлтірмек болған. Ақерке Құнанбайдың айтуынша, күйеуі ажырасып кеткеннен кейін де тыныштық бермеген. Оқиға болар бір күн бұрын ол Ақеркені аңдып, ауласында қонған. Балалардың үйде жоқ сәтін пайдаланған ер адам әйелді өлтіруді жоспарлапты. 

Сол күн әлі күнге дейін есімде. Балаларды мектепке жіберіп, үйде жалғыз қалғанмын. Ол осы сәтті пайдаланып, жоспарын жүзеге асырмақ болған. Қолында өткір пышақ болды. Көзқарасы мүлде өзгеріп кеткен, бұрын ондай күйін көрмеппін. Қатты қорқып, артқа қарай құлап түстім. Ол бірден мені жұлқып, пышақты мойныма тақады. "Әкеңе хабарлас. Қызыңның қансырап жатқанын көрсін. Оның шарасыз күйін көруім керек", – деді. Сондай-ақ мені біраз уақыттан бері аңдығанын, қолындағы пышақты ұзақ іздеп жүріп, әдейі ең өткірін таңдағанын айтты. Сол сәтте үйге үлкен ұлымыз кіріп келді. "Әкешім!" деп қуанып жүгірген балам әкесінің түрін көріп, шошып қалды. Ол баланы айқайлап сыртқа шығарып жіберді. Кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері келді. Алайда ол көлік талап етіп, мені төрт сағат бойы кепілде ұстады. Ақыры оған көлік берілді. Мені рөлге отырғызып, бүйіріме пышақ тақады. Сол кезде ағам араша түспек болғанда, мойныма алғашқы тілік кетті. Осыдан кейін Қызылорда бағытына қарай жолға шықтық. Сол сәтте өлетінімді сезіп, дұғамды оқып, өзімді дайындадым. Балаларыма аманат айта алмағаныма қатты өкіндім, – дейді Ақерке.

Полиция жедел араласуының арқасында келіншек аман қалған. 

Көлік жүргізіп келе жатқанда артымнан полиция қызметкерлерін көрмедім. Сол кезде бәрі бітті деп ойладым. Жылап отырып, жол апатына да ұшырай жаздадық. Ол маған қайта-қайта "Жолға қара!" деп айқайлады. Қазір басыңды кесіп, далаға лайтырып кетемін дегенде, балаларым үшін өзімді қолға алып, есімді жидым. Кейін әкемнің мені тастамай, көлікпен соңымыздан еріп келе жатқанын білдім. Бұрынғы күйеуім де оны байқап қалып, ашуға мінді. Содан мойныма қайта-қайта пышақ сілтеп, жарақаттай бастады. Мен рульді қоя беріп, барынша өзімді қорғауға тырыстым. Дәл сол сәтте полиция қызметкерлері жетіп келіп, мені құтқарып қалды. Ал ол жауапкершіліктен құтылу үшін өзіне ауыр зиян келмейтін жерден өзін-өзі пышақтады, – дейді Ақерке.

Қазір Ақерке Құнанбайдың бұрынғы күйеуі сот үкімімен 9 жылға бас бостандығынан айырылған. Басынан өткен ауыр оқиғадан кейін араға екі жыл салып қана келіншек бұл жағдай туралы ашық айтуға дайын. Оның сөзінше,  болашақ күйеуі 19 жасында алып қашқан. Жолдасы құмар ойынға тәуелді болып, анасына "үйленсем, бұл әдетімді қоямын" деп уәде берген соң, Ақеркені алып қашып келген көрінеді.

тұрмыстық зорлық зомбылық
Өте жас кезімде тұрмысқа шықтым. Күйеуімді толық танып-білмей, алып қашқан соң барғанмын. Отбасылы болғаннан кейін де ол үйде көп болмайтын. Түнгі үш-төрттерде келетін. Бастапқыда ештеңе сұрамадым, уақыт өте өзгерер деп ойладым. Кейін "достарыммен отырмын, абыройымды төгіп, қайта-қайта хабарласпа" дейтін болды. Бір күні үйден алтын бұйымдар жоғалып кетті. Сырттан келін болып түскен мені қайын жұртым ұры деп кінәлады. Сонда да күйеуім үндемеді. Артынша үйден мал жоғала бастады. Күйеуім енеммен бірге іздеп жүрген болып, тіпті полицияға барып арыз да жазатын. Кейін анықтасақ, мұның бәрін істеп жүрген өзі екен. Бірде енемнің "Оңбаған, сен әлі қоймағансың ба?" деген сөзін естіп қалып, күйеуімнің лудоманияға шалдыққанын білдім. Сөйтсем, оның бұл дертін менен бүкіл әулеті жасырып келген екен. Ол кезде мен екінші балама аяғым ауыр еді, – дейді Ақерке.

Ақерке аяғы ауыр болса да, торт пісірумен айналысып, күйеуінің бар қарызын жауап отырған. Осылайша оны құртымнан құтқарамын деп ойладым дейді. 

Ауылда "Ақерке, күйеуің маған қарыз" деген сөзді естісем, ұялып, бірден қарызын өзім жабатынмын. Бірақ ол қайтадан екі есе қарызға бататын. Осы уақытқа дейін оның тұрақты ақша тапқанын көрген емеспін. Оны қуанту үшін барымды салдым. Ауылда ешкім жасамаған торт жасап, достарын шақырып, туған күнін де ұйымдастырдым. Ол жұмыста болғандықтан, мен оның көңіл бөлгенін қалайтынмын. Алайда ол мүлде қуанбады. Бір күні телефонынан басқа қыздармен сөйлесіп, маған опасыздық жасағанын көрдім. Санап көргенімде, 27 рет болып шықты. Тіпті бір кездері есірткі қолданып ұсталған кезі де болған. Осындай жағдайлардың бәріне де төзіп келдім, – дейді Ақерке Құнанбай.

Ақеркенің айтуынша, күйеуінен көрген қорлығы мұнымен шектелмеген. Ұрып-соғу, пышақпен қорқыту сияқты жағдайлар жиі қайталанып отырған. Сонымен қатар, оның сөзінше, күйеуінің ата-анасы ұлдарын жақтап, барлық кінәні өзіне артып отырған. Тек қызы “даун” диагнозымен туылғаннан кейін Ақерке кетуге бел буады. 

 
Қызымның диагнозы бар екенін айтсам да, күйеуім оны асыраймыз, бағамыз деп қолдаған жоқ. Ауруханада жатқанда бір үзім нан да әкелмеді. Тіпті енем 2000 теңгесін қимай, немересін көруге де келмеді. Баламды жалғыз өзім бағып жүрдім. Тіпті күйеуім баламыздың еміне деп жинаған ақшаларды ойынға салатын.  Қызымды туғаннан кейін үйдегі тірлікті бұрынғыдай істей алмадым, соның салдарынан "жаман келін" атандым. Қызым ерекше диагнозбен дүниеге келді, өзімнің де жағдайым ауыр еді, салмағым 44 келі ғана болатын. Ақыры есімді жиып, балаларымды алып, үйден кетіп қалдым. Өз үйіме де бармадым. Бұрын қайтып барғанда әкем инсульт алған еді, анам "қайтып келген қыз жаман" деп қарсы болған. Тек ағам ғана қолдады. Сондықтан біреудің ескі сарайын жалдап, аяқтан тұруға тырыстым. Кейін жолдасыммен ажырасып, бәрі реттеле бастағанда да ол мені аңдып, қорқытып жүрді. Ажырасуға келіспейтінін айтып, тыныштық бермеді. Әкем болса "балаларың мен сені сатпаған, енді не қалды, қайтпа" деп кеңес берді. Содан кейін ол менің әкеме өштесіп алды, – дейді Ақерке.

Жастайынан осындай ауыр сынаққа тап болған Ақерке өз еңбегінің арқасында бір жылдың ішінде жиырма цех ашып, елуге жуық шәкіртке торт пісіруді үйретіп жүр. Оның айтуынша, осы оқиғадан кейін тіпті жылауға да уақыты болмаған. Балаларын асырау үшін ол бар күш-жігерін салып, жұмысқа белсене кіріскен. Ақеркенің жас қыздарға айтар ақылы да көп.

 

Толығырақ Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер 

 

 

Гүлнара Мәлік
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 09:00