Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ пен Иран өзара келісімге қарамастан тағы да бір-біріне шабуыл жасады

соққы
Фото: iz.ru

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) 26 маусым кешке Иранға соққы жасалғанын мәлімдеді. Олар 25 маусымда Ормуз бұғазы арқылы өтіп бара жатқан сауда кемесіне жасалған шабуылға осылай жауап берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

АҚШ Иранның бірнеше нысанына соққы берген.

“АҚШ әскери авиациясы Иранның зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары сақталған қоймаларына, жағалаудағы радиолокациялық бекеттеріне соққы берді. Бұған 25 маусым күні Иранның сингапурлық Ever Lovely жүк кемесіне камикадзе-дронмен шабуыл жасауы себеп болды. Шабуыл кезінде кеме Ормуз бұғазынан шығып, Оман жағалауын бойлай жүзіп бара жатқан”, – делінген хабарламада.

АҚШ әскери өкілдерінің мәліметінше, Иран күштерінің негізсіз агрессиясы атысты тоқтату режимін өрескел бұзды. Вашингтон мұндай әрекеттер халықаралық сауда үшін аса маңызды теңіз дәлізіндегі кеме қатынасының еркіндігіне қауіп төндіретінін айтты. 

Axios басылымының мліметінше, Трамп Иранды бітім шартын бұзды деп айыптаған соң АҚШ Ормуз бұғазы маңындағы ирандық нысандарға соққы жасаған.

PBS News мәліметінше, АҚШ Әуе күштерінің алты ұшағы Ирандағы төрт нысанға соққы берген. Соққы Иранның Сирик қаласындағы радиолокациялық жүйелер мен зымыран және дрон қоймаларына бағытталған.

Ал Иран әскері Таяу Шығыстағы АҚШ қарулы күштерінің бірнеше нысанына жауап ретінде соққы жасаған. 

CNN мәліметінше, 25 маусым күні Иран Ормуз бұғазы арқылы жүзіп бара жатқан кемеге ұшқышсыз ұшу аппаратымен шабуыл жасаған. Ресми Тегеран бұл шабуыл үшін жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ.

Оқиға КСИР Иран бекіткен бағыттармен ғана жүретін кемелердің қауіпсіздігіне кепілдік берілетінін мәлімдегеннен кейін бірнеше сағат өткен соң болды.

Бұл – АҚШ пен Иран 18 маусымда 60 күнге барлық бағыттағы әскери іс-қимылды тоқтату және соғысты толық аяқтау жөніндегі келіссөздерді бастау туралы келісімге қол қойғаннан кейін Ормуз бұғазында тіркелген алғашқы белгілі шабуыл.

26 маусым күні Трамп Иран атысты тоқтату режимін бұзды деп айыптады. Ол Truth Social желісінде Иран Ормуз бұғазы арқылы өтіп бара жатқан кемелерге кемінде төрт ұшқышсыз ұшу аппаратын жібергенін мәлімдеді.

Айта кетейік, 17 маусымда АҚШ пен Иран өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Онда соғысты тоқтату және Ормуз бұғазын ашу туралы ережелер бар. Қол қою бұрын жоспарланғандай, Женевадағы ресми рәсімсіз қашықтан өтті.

“Иран мен Америка Құрама Штаттары бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге және бір-бірінің ішкі істеріне араласпауға міндеттеледі”, – делінген келісімде.

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 27 Маусым, 2026 08:10