Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейлік қыз қазақ отбасына келін болып түсті: Ол Қазақстан жайлы көзқарасы қалай өзгергенін айтты

 
қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан ресейлік
Фото: Аленаның жеке архивінен

Желіде қазақ отбасына келін болып түскен ресейлік арудың өмірі көптің қызығушылығын тудырып жүр. Мәскеуде дүниеге келіп, Израильде өскен Алёна Феоктистова бір кездері қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, Қазақстанда өмір сүремін деп мүлде ойламағанын айтады. Алайда бүгінде ол Қаратаева тегін алып, Алматыда тұрып жатыр. Ол Stan.kz тілшісіне жолдасымен қалай танысқанын, қазақы дәстүрлердің қайсысы таңғалдырғанын және Қазақстан туралы алғашқы көзқарасының қалай өзгергенін айтып берді.

Алёна Қаратаева – маркетолог әрі продюсер. Ол Мәскеуде дүниеге келіп, кейін отбасымен бірге Израильге қоныс аударған. Бүгінде Алматыда тұрып жатқан ару қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, қазақ отбасының келіні атанды.

"Мен екі жасымда ата-анам ажырасып кеткен. Әкем кеткеннен кейін мені анам жалғыз тәрбиеледі. 13 жасқа дейін Мәскеуде тұрдым. Кейін анам қайта тұрмысқа шығып, өгей әкемнің отаны Израильге көштік. Сол кісі мені өсірді десем болады. Кейін сіңлім дүниеге келді, қазір ол 8 жаста. Қазір ата-анам қайтадан Мәскеуге оралды", – деді ол.

"Қазақстанға көшкім келмейтін: Ойым түбегейлі өзгерді"

Алёна Қазақстанға алғаш рет 2022 жылы жұмыс бабымен келген. Оның айтуынша, бұл сапарға дейін ел туралы көзқарасы мүлдем басқа болған.

"Ресейде Қазақстан мен Орталық Азия елдері туралы түрлі стереотиптер бар. Бұрын бұл елдерді аса дамымаған деп ойлайтынмын. Бірақ Қазақстанға келген соң пікірім толық өзгерді", – дейді ол. 

Оны әсіресе қазақтардың қонақжайлығы мен ашық мінезі таңғалдырған. 

"Қазақтардың өте мейірімді халық екенін көрдім. Ал Алматының заманауи әрі дамыған қала екеніне көзім жетті. Осы сапардан кейін Қазақстан туралы бұрынғы түсінігім өзгерді", – дейді ол. 

Алена жұбайы Абылаймен 2024 жылы танысқан.

“Ол кезде мен Қазақстандағы бір блогермен үш жылдан бері жұмыс істеп жүргенмін. Жұмыс бабымен Алматыға жиі келіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастыратынбыз. Жолдасым біздің компанияға сату бөліміне жұмысқа орналасты. Осылайша жұмыста таныстық. Кейін ол маған көңіл бөле бастады, тіпті Мәскеуге де келді. Бірақ мен оған қарым-қатынас құруды жоспарламайтынымды айттым. Себебі Қазақстанға көшкім келмейтін. Маған Мәскеудегі өмірім ұнайтын. Барлық туыстарым, достарым және қалыптасқан өмірім сонда еді”, – деп қосты ол.

Дегенмен қазақ жігіті ақырында қыздың жүрегін әрекеттерімен жаулап алған.

“Соған қарамастан, ол кездесуге келісуім үшін көп күш жұмсады. Үш ай бойы араластық. Мәскеуге келіп тұрды, нағыз ер азаматқа тән әрекеттер жасады. Сол кезде оның маған шынайы сезімі бар екенін түсіндім. Алғашында оған ер адам ретінде үлкен құрмет пайда болды. Кейін уақыт өте келе оны қатты жақсы көріп кеттім”, – деп баяндады Алена.

“Қарсы болғандар жоқ: Енеммен кейде жолдасымнан да көп сөйлесемін"”

Ресей мен Қазақстан арасына жол салған жұптың махаббатын жақындары да жақсы қабылдаған екен. Дегенмен Алена алғашында қазақы ортаға сіңісудің қалай болатынына алаңдағанын жасырмады.

қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан ресейлік
Фото: Аленаның жеке архивінен

“Ата-анам өте түсінігі мол адамдар. Анам үшін ең бастысы – менің бақытты болуым. Ол жолдасымның маған қалай қарайтынын көрді. Жанында жүргенде қалай өзгергенімді, қалай жайнап жүргенімді байқады.

Жолдасымның ата-анасы да қарсы болған жоқ. Өткен жазда олардың үйіне барып, таныстық. Олар мені өте жылы қабылдады. Жолдасымның ата-анасы оған сенеді. Мені де өз қыздарындай қабылдап, жақсы көреді. Сондықтан туыстар тарапынан ашық қарсылық болған жоқ”, – деп жеткізді ол.

Алена қазір Алматы қаласында тұрады. Дегенмен Қостанайдағы қайын жұртына барған кезде барынша қызмет атқаруға тырысады екен.

“Біз ата-анамен бірге тұрмаймыз. Олар Қостанайда тұрады. Сондықтан күнделікті өмірде ерекше қиындықтар болған жоқ. Келін өзін қалай ұстауы керек екенін толық білмеймін, әрі мені ешкім ерекше бір нәрсе істеуге мәжбүрлеген емес. Тек күйеуімнің ата-анасына барған кезде қолымнан келгенше енеме көмектесемін. Күйеуімнің туыстарымен жақсы араласамын, сондай жақсы ұл тәрбиелегендері үшін оларды қатты құрметтеймін”, – деп қосты ол.

қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан ресейлік
Фото: Аленаның жеке архивінен

 “Қой бауыздайтындары әлі таңғалдырады: Ал шашу мен құдалық ұнады”

 Алена қазір қазақ тілін де үйреніп жүргенін алға тартты.

“Өкінішке қарай, қазақ тілін әлі толық түсіне алмаймын. Үйреніп жүрмін, әсіресе тойға дайындық кезінде және түрлі сапарларда көбірек қолдануға тырысамын. Қазірше кейбір сөздерді білемін. Бірақ еркін түсінетін деңгейге жеткен жоқпын. Дегенмен мен тұрып жатқан елдің тілін білу өте маңызды деп есептеймін”, – деді ол.

Қазақ отбасының ресейлік келіні мұнда ет тағамдарын өте көп тұтынатынына таңданғанын жасырмады.

“Дәстүрлерге келсек, қазір тойға дайындық барысында көптеген жаңа дәстүрлермен танысып жатырмын. Олардың өзіндік мәні бар екенін түсініп келемін. Мұнда екі жақтың құдалары бір-біріне сыйлық беру дәстүрі қатаң сақталған. Бұған тіпті алғашында таңғалғам. Бізде мұндай көлемде сыйлық алмасу қалыптаспаған. Дегенмен анам Ресейден көптеген сыйлықтар сатып алып келді. Туыстар өте көп, дәстүрлер де көп. Олардың бәрін сақтауға тырысып жатырмыз. Одан бөлек, маған әсіресе шашу дәстүрі ұнайды. Жаңа үйге келген адамды қуанышпен қарсы алып, тәттілер шашатыны өте әсерлі көрінеді.

Ал тағамдарға келсек, мен өзім сорпа, тауық еті, теңіз өнімдерін көбірек жақсы көремін. Жалпы еуропалық тағамдарға жақынмын. Ал мұнда ет пен қамырдан жасалған тағамдар жиі кездеседі. Осы тұста қойды бауыздайтынына әлі де толық үйрене алмай жүрмін. Жалпы мұнда ет тағамдары өте көп тұтынылады”, – деп жеткізді ол.

“Адамды ұлттан да, діннен де маңыздырақ нәрселер біріктіреді”

Алена мен Абылай осыдан үш ай бұрын заңды некелерін қиған. Енді олар 17 шілде күні Қостанай қаласында үлкен той өткізуді жоспарлап отыр.

"Нағыз қазақы той болады деп жоспарлап отырмыз. Қонақтар көп болады. Құдалық та, той да бірге өтеді. Туыстарым Мәскеуден, Қазан қаласынан келеді. Қазір тойға қызу дайындалып жатырмыз. Құжаттарымды ауыстырып, жаңа тегімді рәсімдеп жатырмын.

Жалпы көпұлтты отбасыларда ең маңыздысы сыйластық. Себебі кез келген ұлтта да, кез келген дінде де жақсы адамдар да, жаман адамдар да кездеседі. Ең бастысы – бір-бірін құрметтеу. Адамдар бір кезде дәл сол адамды таңдағанын ұмытпауы керек. Оның ұлтына, дініне немесе шыққан жеріне емес, адам ретінде қандай екеніне мән беру қажет. Егер сыйластық пен махаббат болса, ұлт айырмашылығы да, дәстүр айырмашылығы да бірге болуға кедергі жасай алмайды. Өйткені сіздерді ұлттан немесе діннен де маңыздырақ нәрселер біріктіреді", – деп қорытты ол. 

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 25 Маусым, 2026 09:30