Венесуэлада екі қуатты жер сілкінісі тіркелді: Ел билігі төтенше жағдай жариялады

Венесуэлада араға бір минут салып екі қуатты жер сілкінісі болды. Салдарынан ел астанасы Каракас қаласында бірнеше ғимарат құлады. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, алғашқы жер сілкінісінің магнитудасы 7,1 болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NBC News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жер сілкінісінің эпицентрі Кариб теңізі жағалауында орналасқан Морон қаласының батысында, Каракастан шамамен 168 шақырым батыста тіркелді. Жер сілкінісінің ошағы 13 шақырым тереңдікте орналасқан.
Арада небәрі бір минут өткенде магнитудасы 7,5 болатын екінші, одан да қуатты жер сілкінісі болды. Оның ошағы 10 шақырым тереңдікте, ал эпицентрі Морон қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 16 шақырым жерде орналасқан. Бұл жер асты дүмпулері Венесуэлада соңғы жүз жылдан астам уақыт ішіндегі ең күшті зілзалалардың бірі болғаны айтылды.
Каракас қаласында адамдар шайқалған ғимараттардан жаппай сыртқа шықты. Астананың көптеген мейрамханалар мен басқа да мекемелер орналасқан екі ауданында шаң-тозаң көтерілген. Венесуэланың ішкі істер министрі Диосдадо Кабельо жер асты дүмпулері бірнеше штатта бірдей сезілгенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Каракастың Альтамира ауданында қирандылардың салдарынан зардап шеккен адамдар болуы мүмкін. Ол жүргізушілерді жедел жәрдем көліктері мен басқа да төтенше қызмет техникаларына жол беруге шақырды.
"Адамдардың абыржып, үрейге бой алдыруы мүмкін екенін түсінеміз. Бірақ біз көмек пен құтқару жұмыстарын ең алдымен оған мұқтаж жандарға жеткізу үшін барлық хаттамаларға сәйкес әрекет етіп жатырмыз. Балалар мен қарттарға ерекше көңіл бөліңіздер, бір-біріңізбен байланысып, ешкімнің зардап шекпегеніне көз жеткізіңіздер”, – деді Кабельо.
Сондай-ақ ол тұрғындарды көшеде қалуға шақырды, өйткені жер асты дүмпулері қайталанып, ғимараттардың қирауы мүмкін екенін ескертті.
Ал Венесуэла президентінің уәкілетті өкілі Дельси Родригес елді дүр сілкіндірген күшті жер асты дүмпулерінен кейін билік төтенше жағдай режимін енгізетінін мәлімдеді.
РИА Новости басылымының мәліметінше, Дельси Родригес бұл туралы халыққа жазған видеоүндеуінде айтқан.
"Өкінішке қарай, жақынынан айырылған азаматтарға шын жүректен көңіл айтамыз", – деді Родригес.
Сонымен қатар ол дәрігерлер мен медбикелерді зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жұмысқа шығуға шақырды.
Президенттің уәкілетті өкілі Каракас маңында орналасқан Майкетия халықаралық әуежайы зақымданғанын және қосымша хабарламаға дейін жабық болатынын айтты Сондай-ақ Родригес Венесуэлаға қолдау білдіріп, көмек ұсынған елдерге алғыс айтты. Олардың қатарында Америка Құрама Штаттары да бар.
ОқыңызСондай-ақ әлеуметтік желіде жер асты дүмпулері кезінде жолаушылардың қорыққаннан әуежай терминалдарынан жаппай шығып жатқан сәті түсірілген видеолар тарады. Бейнелерден адамдардың қауіпсіз жерге жетуге асығып, терминалдарды шұғыл түрде тастап жатқанын көруге болады.
Ресейлік қыз қазақ отбасына келін болып түсті: Ол Қазақстан жайлы көзқарасы қалай өзгергенін айтты