Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында 90 жастағы қарияны туған ұлы ұрып-соғып, үйінде байлап ұстаған: Полиция қылмыстық іс қозғады

Қария
Фото: Видеодан скрин

Атырау облысында 90 жастағы қарияның туған ұлынан қорлық көргені туралы хабарламалардан кейін қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

89 жастағы Әділхан Сисеновтің айтуынша, 18 маусым күні ұлы оны ұрып-соғып, скотчпен байлап, үйден шығармай қойған. Түнде қария өз күшімен босап шығып, терезе арқылы қашып кеткен. Кейін туыстарына жетіп, полицияға шағым түсірген.

"Мені қашып кетпесін деп байлап қойды. Күндіз терезедегі торды шешпек болғанымда, ұлым келіп ұрып жіберді. Шалқамнан құладым. Таңнан бері аш болдым, ештеңе ішіп-жемедім. Түнге қарай ұлым тағы келіп, бірдеңелер айтып, маңдайымнан ұрды", – деді Әділхан Сисенов.

Қарияның қалай құтылғанын оның қарындасы Кенжетай Сисенова айтып берді. Сөзінше, дәретханаға шыққан кезде Әділхан Сисенов тауып алған қайшымен қолындағы скотчты кесіп тастаған. Таңғы сағат төрттер шамасында ұлы ұйықтап қалған сәтте ол басқа бөлменің терезесі арқылы сыртқа шығып, көрші тұратын інісінің үйіне жеткен.

Әділхан Сисенов 1937 жылы туған. Ол –  тыл ардагері, ІІІ топтағы мүгедек және онкологиялық есепте тұр. Туыстарының айтуынша, отадан кейін де өзін өзі күтіп қарайды және ақыл-есі дұрыс. Жұбайы қайтыс болғаннан кейін соңғы он жыл бойы кіші ұлы Қанатпен бірге тұрған.

Қарияның Атырауда тұратын тағы бір ұлы Әдебиет Сисенов әкесінің қорғауға мұқтаж екенін айтты.

"Әкем Қанатпен 2006 жылдан бері тұрады. Үйін де соның атына аударып берген. Қазір әкем медициналық тексеруден өтіп жатыр. Сараптама оның алған жарақаттарының сипаты мен психикалық жағдайын анықтауы тиіс. Өз әкесіне туған баласының осылай қарағанын көру өте ауыр. Тиісті шаралар қабылданғанын қалаймын", – деді ол.

Әдебиеттің сөзінше, ол әкесін өзімен бірге Атырауға алып кетуге дайын. Алайда қария туған жері Сағыздан ұзақ уақытқа кеткісі келмейді. Өйткені онда оның туыстары мен достары тұрады.

Қазір Әділхан Сисенов Сағыз ауылдық полиция бөліміне арыз түсірген. Іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, оның қорытындысынан кейін процессуалдық шешім қабылданады.

Кенжетай Сисенованың айтуынша, Әділхан Сисенов пен ұлы Қанаттың арасында бұған дейін де жанжал болған. Алайда ол кезде мәселе ауыл ақсақалдарының араласуымен шешілген.

Оның сөзінше, бұл жолғы келіспеушілік зейнетақыға байланысты туындаған. Қария газетке жазылып, дәрі-дәрмек сатып алғысы келген.

"Ағам операциядан кейін де өзін өзі күтіп қарайды. Тамағын өзі ішеді, жуынады. Оған мал да, мүлік те керек емес, тек тыныш өмір сүргісі келеді. Тергеу аяқталғанша менің үйімде болады. Кінәлілер жауапкершіліктен құтылып кетпеуі керек", – деді Кенжетай Сисенова.

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстық іс "ұрып-соғу" бабы бойынша қозғалған.

"Дене жарақатын салу дерегі бойынша 19 маусымда "Ұрып-соғу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық мән-жайды жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді", – делінген полиция хабарламасында. 

Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында 90 жастағы қария туған ұлының қорлығына шыдамай, терезе арқылы қашып шыққаны туралы ақпарат тараған еді. Қарияны туған баласы еркінен тыс үйде, аяқ-қолын байлап ұстаған көрінеді.

Жақындарының сөзінше, зейнеткер үйден өздігінен қашып шыққан. Ол қайшы тауып алып, қол-аяғын байлаған скотчты кескен. Кейін түн ішінде терезе арқылы сыртқа шығып, туған ағасының үйіне жетіп, көмек сұраған.

Қарияның туыстары әділ тергеу жүргізіп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 21:27