Джульеттаның кеудесін ұстап, құлпытасты сүйеді: Әлемдегі ең оғаш туристік ырымдар тізімі

Әлемнің түкпір-түкпірінде саяхатшылар жасайтын ерекше ырымдар бар. Бірі кей мүсіннен байлық тілесе, енді бірі тарихи орынға келіп, махаббат немесе бала сұрайды. Бұл сенімдердің тарихи дәлелі болмаса да, жыл сайын мыңдаған адам осындай дәстүрлерді қайталап, танымал орындардың ажырамас бөлігіне айналдырып келеді. Stan.kz редакциясы ерекше жоралғыларға шолу жасады.
Джульетта мүсінінің кеудесін ұстау
Италияның Верона қаласында Уильям Шекспирдің әйгілі кейіпкері – Джульетта мүсіні бар. Мүсіннің төсін ұстаса, махаббатта жолы болады деген сенім бар. Жан серігін табуға үміттеніп, Джульетаны ұстап көретін туристер ағыны соншалықты көп болғандықтан, мүсін кеудесінің түсі кетіп қалған. Билік бұл мүсінді жөндеп тұруға мәжбүр.
Бұл ырымның нақты қайдан шыққаны белгісіз. Зерттеушілердің айтуынша, ол Шекспирдің шығармасынан емес, туристік дәстүр ретінде XX ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан.
Веронадағы Джульетта мүсіні 1969 жылы орнатылған. Кейін туристер арасында мүсіннің оң жақ кеудесін ұстау махаббат пен сәттілік әкеледі деген сенім тарай бастаған. Оның пайда болуына Еуропада бұрыннан бар "мүсіннің белгілі бір жерін ұстаса, тілек орындалады" деген ырымдар әсер еткен болуы мүмкін.
Яғни, бұл дәстүрдің негізінде:
- Джульеттаның махаббаттың символы ретінде қабылдануы;
- мүсінге қол тигізу арқылы сәттілік шақыру туралы халықтық ырымдар;
- туристер арасында ауыздан-ауызға тараған сенім жатыр.
Уолл-стриттегі бұқа – байлық символы
АҚШ-та Нью-Йорк қаласындағы Манхэттен қаржы ауданындағы шағын көше бар. Ол Уолл-стрит деп аталады.
1987 жылғы қор нарығының құлдырауынан кейін итальян-америкалық мүсінші Артуро ди Модика дағдарысты жеңу үшін қуатын бейнелейтін мүсін жасау идеясын ойлап тапты. Осылайша бұқа мүсіні пайда болды. Мүсіннің ұзындығы шамамен 5 метр және салмағы 3,2 тонна.
Осыдан кейін бұқа мүсінінің жыныс мүшесін ұстау дәстүрі кең тарап кетті. Туристер бұл байлық әкеледі және бизнесті өркендетеді деп санайды. Тіпті соны ұстау үшін ұзын-сонар кезекке тұруға дайын.
“Балалы болуға көмектесетін” Виктор мүсіні
Францияда Париждегі Пер-Лашез зиратында журналист Виктор Нуардың мүсіні бар. Виктор Нуарды 1870 жылы ханзада Пьер Бонапарт (Наполеон III-нің жиені) атып өлтірген екен. Оның өлімі халық арасында наразылық тудырды, оның жерлеу рәсіміне 100 000-нан астам адам қатысты. Кейін сол жерде журналистің жатқан мүсіні орнатылды. Алайда белгісіз себептермен журналистің мүсіні балалы бола алмай жүрген әйелдердің үміт отына айналды.
Мүсіннің ернінен сүйіп, жыныс мүшесін ұстағандар бір жыл ішінде балалы болады, ал тұрмыс құрмағандар жар табады деген ырым пайда болды. Бұл үрдіске сенетіндердің көптігінен тіпті мүсіннің жыныс мүшелерінің айналасы жылтыр боп кеткен.
2004 жылы билік ескерткішті қорғау үшін айналасына қоршау да қойған. Алайда туристер мен тұрғындардың наразылығынан кейін қоршау алып тасталды.
Оскар Уайльд құлпытасын сүю
Париждегі Пер-Лашез зиратында тағы бір ерекше құлпытас бар. Жазушы Оскар Уайльдтың құлпытасында ерін далабының іздері жатыр.
Ерін іздері құлпытаста 1990 жылдардың соңында пайда болды, яғни жазушының жанкүйерлері оның рухына деген құрметін құлпытасын сүю арқылы білдірген. Кейін ол дәстүрге айналып кетті.
Тіпті билік тыйым салып, айыппұл салынатынын айтса да, ештеңе өзгермеді. 2011 жылы жазушының қайтыс болуының 111 жылдығын атап өту үшін Париж билігі ескерткіштің айналасына шыны қоршау орнату туралы шешім қабылдады. Енді құлпытас қана емес, шыны да ерін іздеріне толы.
Галата мұнарасындағы махаббат аңызы
Галата мұнарасы Түркиядағы Ыстамбұл қаласында орналасқан. Оның шығу тегі Византия дәуіріне жатады. Тарихи деректерге сүйенсек, мұнара Византия императоры Юстинианның билігі кезінде шамамен 507 жылы салынған болуы мүмкін. 66,9 метрлік мұнараға туристер әлі де ағылып келеді.
Аңыз бойынша, мұнда ханшайым Галатадан келген қарапайым жігітке ғашық болады. Алайда әлеуметтік жағдайы тең болмағандықтан, олардың қарым-қатынасына тыйым салынған. Бірге болу үшін ханшайым ұзын, өрілген шашын мұнара терезесінен түсіріп, жігіт онымен өрмелеген. Олардың құпия кездесуі махаббат символына айналды.
Содан кейін мұнда аңыз пайда болды. Егер қыз бен жігіт осы мұнараға бірге көтерілсе, екеуі мәңгі бірге болады. Сол себепті бұл жерге туристер сүйіктілерімен келуге тырысады.
Күнәдан арылтатын жер асты жолы
Грекияның Родос аралындағы "Жеті бұлақ" (Epta Piges) табиғи кешенінде туристер арасында кең тараған ерекше ырым бар. Мұнда ұзындығы шамамен 186 метр болатын тар әрі қараңғы жер асты туннелі орналасқан. Ол 1931 жылы аралды басқарған италиялықтар тарапынан бұлақ суын жасанды көлге жеткізу үшін салынған. Туннельдің ішімен салқын су ағып жатады, ал кей жерлерінде бір ғана адам өте алады. Сондықтан көптеген туристер үшін бұл жолдан өту батылдықты талап ететін шағын сынаққа айналған.
Жергілікті аңыз бойынша, туннельден басынан аяғына дейін жүріп өткен адам христиан дәстүріндегі жеті ауыр күнәдан тазарады. Олар: тәкаппарлық, ашкөздік, нәпсіқұмарлық, қызғаныш, тойымсыздық, ашушаңдық және жалқаулық. Қараңғы жолдан өтіп, жарыққа шығу адамның рухани жаңарып, бұрынғы қателіктерінен арылғанын білдіреді деп есептеледі.
Кейбір аңыздарда туннельден өткен адамға сәттілік қонады, денсаулығы жақсарып, тіпті бірнеше жасқа жасарады деген де сенім бар. Сондықтан көптеген туристер бұл жерден жай серуендеу үшін ғана емес, ерекше рәсімді бастан өткеру үшін де өтеді.
Алайда бұл сенімдердің ғылыми немесе діни тұрғыдан дәлелденген негізі жоқ. Соған қарамастан, 1931 жылдан бері сақталып келе жатқан туннель мен оны қоршаған құпиялы аңыздар "Жеті бұлақты" Родос аралындағы ең танымал туристік орындардың біріне айналдырған.
Субұрқаққа тиын лақтыру
Италия астанасы Римдегі әйгілі Trevi Fountain субұрқағы әлемдегі ең танымал туристік ырымдардың бірі. Мұнда келетін адамдар субұрқаққа арқасымен бұрылып, оң қолымен сол иығының үстінен тиын лақтырады. Сенім бойынша, бұл тілек орындалуына немесе тағдырдың оң өзгеруіне ықпал етеді.
Бұл дәстүрдің тамыры Ежелгі Рим дәуіріне кетеді. Сол кезде саяхатшылар алыс жолға шығар алдында немесе сапардан аман-есен оралғаннан кейін су көздеріне тиын тастап, су құдайларына алғыс айтқан. Кейін бұл дәстүр Треви субұрқағымен байланысып кеткен.
Қазіргі танымал ырым XX ғасырдың ортасында кең тарады. Әсіресе 1954 жылы шыққан "Үш тиын субұрқақта" (Three Coins in the Fountain) фильмі шыққаннан кейін әлемге әйгілі болды. Фильмде кейіпкерлер Треви субұрқағына тиын лақтырып, махаббат пен бақыт тілейді.
Содан бері туристер арасында мынадай сенім қалыптасты:
- бір тиын лақтырсаң – Римге қайта ораласың;
- екі тиын лақтырсаң – жаңа махаббат табасың;
- үш тиын лақтырсаң – үйлену тойы болады немесе жеке өміріңде үлкен өзгеріс болады.
Әрине, мұның ғылыми дәлелі жоқ. Дегенмен жыл сайын миллиондаған турист осы ырымды орындап, субұрқаққа тиын тастайды. Бір қызығы, жиналған ақшаның барлығы арнайы қызметкерлер тарапынан алынып, қайырымдылық мақсаттарына жұмсалады. Осылайша, туристердің тілегімен бірге жиналған қаражат мұқтаж жандарға көмек көрсетуге бағытталады.
Ресейлік қыз қазақ отбасына келін болып түсті: Ол Қазақстан жайлы көзқарасы қалай өзгергенін айтты