Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас жоспарға сәйкес Алматыда тұрғын үйлер сүрілмек: Баспанасы үшін алаңдаған тұрғындар қарсы шықты

Бас жоспар үй сүру
Фото: Видеодан скрин

Жақында жарияланған Бас жоспарға сәйкес тұтас бір ықшамаудандағы тұрғын үйлердің орнына көпқабатты тұрғын үй кешені көтереді. "Үйіміз сүріліп, далада қаламыз ба?" деп алаңдаған тұрғындар наразылыққа шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл аумақ кезінде бос жатқан иен дала болған. Бүгінде мұнда зәулім-зәулім үйлер бой көтеріп, жайқалған ағаштар тамыр жайған. Алайда  енді осының бәрі сүріліп, орнына көпқабатты тұрғын үйлер салынбақ деп, тұрғындар дабыл қағып отыр. Алмас ықшамауданының тұрғындарынан бүгінде маза қашқан. Бұған себеп – жақында жарияланған қаланың бас жоспары. Құжатқа сәйкес, мұнда көпқабатты тұрғын үй кешені бой көтермек. Ал дәл қазір аумақта 500-ден астам жер үй тұр. 

“Халқымыздың осындай еңбектеніп, сонша жыл салған мұрасын, бұны "атадан қалған мұра" дейді қазақта. Мұрасын қиратуға жол бермейміз. Біз аяғына дейін күресеміз”, – дейді тұрғындардың бірі Несіпхан Базарбаева.

Айжан Қатыбаеваның бұл ауданға қоныс аударғанына 30 жылдан асқан. Қазіргі үйін тұрғызуға 70 миллионға жуық қаржы жұмсапты. Енді сол "баспанамның сүрілуіне түбегейлі қарсымын" дейді.

“Қанша берсе де, біз бұл үйден көшуге дайын емеспіз. Өйткені біз мынандай үй ала алмаймыз. 450 шаршы метр, үш қабат, моншасымен, бассейнімен. Өзіміз салайық десек, оны сала алмаймыз, қазір күшіміз жетпейді. Бәрі еңбек қой!  Бұл үй біздің отбасымыздың тарихы. Көріп тұрсыз, жаңа үй. Біз үйімізді тастап қайда барамыз”, – дейді Айжан Қатыбаева.

Шенеуніктер қаланың 2040 жылға дейінгі бас жоспарына өзгерту үш жыл бұрын енгізілгенін айтады. Болашақта инвестор табылып, жер иелерімен келісімге келген жағдайда ғана жоба жүзеге асады дейді. "Әзірге алаңдауға еш негіз жоқ" деп сендірді.

“Құжатқа сәйкес, Алмас шағынауданы аумағында көпқабатты тұрғын үйлер салу қарастырылған. Алайда мемлекеттік органдар тарапынан жер телімін мәжбүрлеп алып қою көзделмеген. Егер жеке инвестор келіп, жер иелерімен өзара келісімге қол жеткізсе ғана жобаны іске асыру мүмкін болады”, – дейді Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының Әуезов ауданы бойынша бөлім басшысы Жанат Сайбақов.

Ал жергілікті тұрғындар ешқандай сомаға келіспейтінін, айтып отыр. Олар енді бас жоспарға қайта өзгеріс енгізіп, тұрғын үй кешенінің құрылысын басқа аумаққа көшіруді талап етіп жатыр.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 25 Маусым, 2026 08:51