Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда автокөлік нөмірлерінің жаңа түсі пайда болады: Тоқаев заңға қол қойды

Көлік
Фото: Stan.kz/Жасанды интеллект

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда электрмобильдер үшін арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін енгізуді көздейтін заңға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы "цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Тиісті норма осы заңның 70-бабына енгізілген.

Жаңа үлгідегі мемлекеттік нөмірлердің түсі мен дизайны заңның өзінде көрсетілмеген, оларды ішкі істер министрлігі қосымша нормативтік-құқықтық актілер арқылы айқындайды.

2026 жылдың мамырында ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов министрліктің бұл мәселеде халықаралық тәжірибеге сүйенетінін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, электрмобильдердің мемлекеттік нөмірлік белгілері әлемдік жалпы қабылданған тәжірибеде жасыл түспен боялады.

Ұқсас белгілер Қытайда, Норвегияда, Канадада, Польшада және Беларусьте де қолданылады.

Норманың қабылдану себебі жол камералары мен автоматтандырылған жүйелер электрмобильді ішкі жану қозғалтқышы бар қарапайым көліктен ажырата алмайды. Соның салдарынан тегін тұрақ, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіру және зарядтау орындарын пайдалану секілді жеңілдіктерді беру барысында қиындықтар туындайды.

Арнайы белгі электромбильді автоматты түрде, инспектордың қатысуынсыз және қосымша тексерулерсіз анықтауға мүмкіндік береді.

Ішкі істер министрлігі заң күшіне енген сәттен бастап жаңа нөмірлік белгілер берілгенге дейін шамамен алты ай өтетінін ескертті. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың мамыр айының басында Қазақстанда 24 мыңнан астам электрмобиль тіркелген.

Жүргізушісіз көліктер, аэротаксилер мен автоматтандырылған пойыздар

Сондай-ақ аталмыш заң барлық түрдегі ұшқышсыз көлік құралдары үшін құқықтық негіз қалыптастырады.

"Көлік туралы" заңға ұшқышсыз көлік құралы, ұшқышсыз көлік жүйесі, ұшқышсыз көлік құралдарын пайдалану аймағы және қашықтан оператор ұғымдары енгізілді. Қашықтан оператор – қозғалыстың кез келген кезеңінде ұшқышсыз көлікті басқаруды өз мойнына алуға құқылы жеке тұлға. "Теміржол көлігі туралы" заңда да жүргізушісіз теміржол көлік құралының анықтамасы бекітілді.

Авиация саласында озық әуе мобильдігі, қалалық әуе мобильдігі, вертипорт және қалалық әуе мобильдігі аймағы сияқты жаңа ұғымдар пайда болды. Сондай-ақ әуе такси операторлары мен авиациялық техника әзірлеушілеріне арналған жаңа сертификат түрлері енгізілді.

Ұшқышсыз әуе қозғалысына қызмет көрсетуге шетелдік заңды тұлғалар мен шетелдік қатысуы бар компанияларға рұқсат етілмейді. Бұл қызметпен тек қазақстандық ұйымдар айналыса алады.

Қозғалтқышы бар велосипедтер мен электрсамокаттар

Сонымен қатар Тоқаев қол қойған "Жол жүрісі туралы" заң қозғалтқышы бар велосипедтерді мопедтермен теңестіреді. Түзетуге сәйкес, мопед ұғымына "қозғалтқышы бар велосипедтер" деген тұжырым қосылды. Бұл мұндай көлік құралдарын мемлекеттік есепке қою және оларға нөмірлік белгілер алу қажеттігін білдіреді.

Енді мұндай көліктерді кәдімгі велосипед ретінде басқаруға болмайды. Олардың жүргізушілеріне мопедшілерге арналған ережелер қолданылады: веложолдармен, веложолақтармен, жол жиегімен, тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруге тыйым салынады.

Жаңа заң қозғалтқышы бар велосипедтер мен шағын электр көлік құралдарын бөлек қарастырады. Гироскутерлер, сигвейлер, монодөңгелектер және электрлі моторлы скейтбордтар үшін веложолдармен жүру құқығы тікелей бекітілген. Ал жолдың жүріс бөлігіне шығуға оларға тыйым салынады.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда жаңа түсті автокөлік нөмірлері пайда болатыны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 22:09