Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

11 миллион теңгеге дейін: Қазақстандықтар пәтер жөндеуге қанша жұмсайтынын айтты

Пәтерді жөндеу
Фото: magnific.com

Пәтер сатып алғаннан кейін көпшіліктің алдында маңызды таңдау тұрады. Жөндеу жұмыстарын өз қолына алу ма, әлде оны толықтай мамандарға сеніп тапсыру ма? Stan.kz тілшісі осы сұраққа жауап іздеп, Нұрсұлтан Мейірбекұлы және Динара Қабдолдиновамен сөйлесті. Бірі баспанасын өз талғамына сай жабдықтауға шамамен 5,7 миллион теңге, енді екіншісі 11 миллион теңгеден аса қаражат жұмсаған. Екі тұрғын да өз тәжірибесін бөлісіп, жөндеудің қай тәсілі тиімді екенін айтты.

"Дизайнер жалдадым"

Алғашқы баспанасын қара сылақ күйінде сатып алған 25 жастағы Нұрсұлтан Мейірбекұлы жөндеу жұмыстарының әр кезеңіне өзі араласқан. Оның айтуынша, 43 шаршы метрлік еуро үлгідегі екі бөлмелі пәтер (евродвушка) өз қалауына сай жасап шығуға біршама қаржы жұмсалған.

"Үйді қара сылақ күйінде сатып алғаннан кейін ең алдымен дизайнерге хабарласып, пәтердің толық сызбасын жасаттым. Қай жерде қандай жиһаз тұратыны, қанша бөлме болатыны, электр желілерінің қалай жүргізілетіні алдын ала жоспарланды. Бірінші баспанам болғандықтан процестің бәрі мен үшін өте қызық болды. Интерьердің түсі мен жалпы стилін өз қалауым бойынша таңдадым", – дейді Нұрсұлтан Мейірбекұлы.
Нұрсұлтан Мейірбекұлының үйі
Фото: Нұрсұлтан Мейірбекұлының жеке архивінен

Нұрсұлтан Мейірбекұлының  айтуынша, дизайнер оған бірнеше нұсқа ұсынған, ал ол солардың ішінен ұнағанын таңдаған. Жұмысына шамамен 70 мың теңге төлеген.

Ремонт
Фото: Stan.kz
Ремонт 2
Фото: Stan.kz
"Кейін ата-анаммен ақылдаса келе, жөндеу жұмыстарын Қызылордадан келген таныс ағаларымызға жасататын болдық. Себебі Алматыдағы мамандар шаршы метріне әлдеқайда жоғары баға сұрады. Олар осы жерде тұрып, барлық жұмысты өздері атқарды. Осылайша қаражатты да үнемдей алдық. Сатып алған пәтерім жақсартылған (еуродвушка) және оның аумағы 43 шаршы метр. Асүй мен қонақ бөлмені кең етіп қалдыруға тырыстық. Ал жатын бөлмені бөлек шығарып жасадық", – дейді Нұрсұлтан Мейірбекұлы.

"Туыс ағаларым жасап берді"

Нұрсұлтанның айтуынша, электр желісін жүргізетін мамандардан кейін негізгі жөндеу жұмыстарын жасайтын құрылысшылар келген. Ол жөндеу барысында ең қиын шешімдердің бірі түс таңдау, кафель іріктеу және қажетті материалдарды таңдау болғанын айтты.

"Керме төбенің де (натяжной потолок) түр-түрі бар екен. Жарықтандыру үшін трек шамдар орнатуды таңдадым. Карниздің ішінен жарық беретін нұсқасын да жасаттым. Бірақ ол кезде төбемен айналысатын мамандардың ұсынысына сеніп, артық шығындалып қалдым. Кейін басқа үйлердегі жөндеу жұмыстарын көргенде мұны әлдеқайда үнемді жасауға болатынын түсіндім. Мысалы, карнизді терезе жақтан гипсокартонмен жасап, оның артына жарық беретін шам орнатса жеткілікті екен. Сол кезде артық ақша жұмсамайтын едім деп, кейін өкініп қалған сәттерім болды. Бұған шамамен 650 мың теңге жұмсалды", – дейді Нұрсұлтан Мейірбекұлы.

"Бір қателігіміз болды..."

Оның сөзінше, керме төбенің ең қарапайым түрі емес, күңгірт (матовый) түрі таңдалған. Пәтер иесі үйдің барынша жарық болғанын қалаған. Тіпті жуынатын бөлмедегі жарықтандыруға да ерекше көңіл бөлінген. Сондықтан жарық жүйесін жоспарлау мен орнатуға көп мән берілген.

"Сантехникалық жұмыстарды сол ағаларым өздері атқарды. Себебі құбырлардың көбі дайын күйінде тұрған еді. Душ кабинасының қай жерде орналасатыны сияқты мәселелерді бірге ақылдасып шештік. Бір ғана қателігіміз болды. Еденнің өлшемін алған кезде жылы еденнің температурасын реттейтін арнайы датчикті орнатуды ұмытып кетіппіз. Жылы еденді тек жуынатын бөлмеге ғана қойдырдым", – дейді Нұрсұлтан.

Нұрсұлтан Мейірбекұлының үйі (1)
Фото: Нұрсұлтан Мейірбекұлының жеке архивінен

Нұрсұлтан жөндеу кезінде күтпеген қиындықтар да болғанын айтты. Оның сөзінше, кейбір жұмыстарды қайта жасауға тура келгенімен, барлық процесті өзі бақылап отырған. Мәселен, теледидар орнатылатын жердегі панель қате жапсырылып, кейін жаңасы да сынып қалған. Соған қарамастан, ол мұндай жағдайларды сабырмен қабылдағанын жеткізді. Сондай-ақ Нұрсұлтан жөндеу жасататындарға маман таңдауда мұқият болуға кеңес берді. Оның пікірінше, арзан жұмыс күшіне ғана сенім артуға болмайды, өйткені сапасыз орындалған жұмыстар кейін қосымша шығынға әкелуі мүмкін.

"Жұмысшыларға 1,1 миллион теңге төледім"

Сондай-ақ Нұрсұлтан жөндеу кезінде материалдарды асықпай, бағасы мен сапасын салыстырып барып алған дұрыс деп есептейді.

"Үйді өз қалауымдағыдай жасап шықтым десем болады. Тіпті есік тұтқасына дейін Pinterest-тен көргенімдей етіп таңдадым. Дизайнер жатын бөлмені бөліп тұратын әйнек қалқа қоюды ұсынды. Оны да ұзақ іздеп жүріп таңдадық. Люстра мен шамдарды да сәніне қарап алдым. Жұмысшыларға шамамен 1,1 миллион теңге төледім. Ал асүй гарнитуры мен екі шкафқа 850 мың теңгедей кетті", – дейді ол.

 
Нұрсұлтан Мейірбекұлы ең көп шығын техникаға жұмсалғанын айтады.  Сол кезде оған әкесі көмектесіп, техника алуына ақша берген.
"Дизайнер ыдыс жуғыш машина қоюды ұсынған, бірақ оның орнына шкаф тұрғанын жөн көрдік. Үй дайын болған соң, "енді үйлене салсам ба екен" деген ой да келді. Достарыма әзілдеп, "қыздың жасауымен келетін дүниенің бәрі үйде дайын тұр" деп айтып қоямын. Үйге шашу шашып, құттықтап келген адамдарды көргенде ерекше қуаныш сезіндім. Көрімдік те жаман емес екен. Барлық шығынды блокнотыма жазып, есептеп отырып жасадым", - дейді Нұрсұлтан Мейірбекұлы.

"Аузы күйген үрлеп ішеді"

Ал 88 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтерін жөндеткен Динара Қабдолдинова барлық жұмысты кәсіби құрылыс бригадасына сеніп тапсырған. 

"Біз жөндеуді өзіміз емес, кәсіби мамандарға тапсыруды жөн көрдік. Себебі мұндай жұмыстың өзіне тән қыр-сыры мен қиындықтары өте көп. Тәжірибеміз болмағандықтан, көптеген қате жіберуіміз мүмкін еді. Сондықтан жөндеуді өз бетімен бастауға кеңес бермеймін. Әр істі өз саласының маманы атқарғаны дұрыс деп есептеймін. Бұл уақытты да, қаражатты да үнемдейді", – дейді Динара Қабдолдинова.

Пәтердің жөндеуі 2 айға созылған. Оның айтуынша, жұмыс мерзіміне бригаданың бірнеше нысанда қатар жұмыс істеуі әсер еткен.

"Бригада бір мезетте екі пәтерде жұмыс істегендіктен, жұмысшылар нысандар арасында ауысып жүрді. Әр маманның өз міндеті мен атқаратын қызметі болды. Бірі қабырғамен айналысса, енді бірі еден жұмыстарына көшетін. Сол себепті жұмыс сәл ұзаққа созылды деп ойлаймын. Дегенмен нәтиже көңілімізден шықты", – дейді Динара.

Динара Қабдолдинова
Фото: Динара Қабдолдинованың жеке архивінен

Жөндеу бригадасын таңдауда сақтық таныту маңызды. Динара бұған дейін алаяқ құрылысшылардың кесірінен шығынға батқанын жасырмайды.

"Бұған дейін басқа қаладағы пәтерімізді жөндеткенде алаяқтарға тап болғанбыз. Өздерін құрылысшы ретінде таныстырғанымен, кейін ештеңе істей алмайтыны белгілі болды. Олар құрылыс материалдарын жарамсыз қылып, пәтерді бүлдіріп кетті. Соның салдарынан қайтадан бригада жалдап, бәрін басынан жасауға тура келді. Сондықтан бұл жолы жөндеу тобын өте мұқият таңдадық. Ұсыныстарды қарап, олардың бұрынғы жұмыстарымен танысып, келісімшартқа қол қойғаннан кейін ғана жөндеуді бастадық", – дейді Динара Қабдолдинова.
ремонт динара
Фото: Stan.kz
Ремонт 4
Фото: Stan.kz
Фото: Stan.kz

"Дизайнердің көмегіне жүгінбедік"

Динара Қабдолдинованың айтуынша, пәтерді жөндеу кезінде дизайнердің көмегіне жүгінгенбеген. 

"Біздің үйдегі жөндеу жұмыстары дизайнерлік жоба бойынша толық жасалған жоқ. Дизайнерді көбіне жуынатын бөлме мен сантехника мәселелері бойынша жалдадық. Ал қалған тұстарын өз қалауымызға қарай өзгертіп отырдық. Өйткені дизайнер адамның барлық талғамы мен қалауын дәл сезіне алмайды. Сондықтан оның жобасын негіз ретінде пайдаландық. Бірақ кейбір маңызды жерлерде өз ұсыныстарымызды енгіздік", – дейді Динара.

Пәтерді жөндеуге қомақты қаражат жұмсалғанымен, отбасы жоспарланған бюджеттен асып шықпаған. Негізгі шығын құрылыс материалдары мен жұмысшылардың еңбекақысына кеткен.

"Жалпы жөндеуге шамамен 11 миллион теңге жұмсадық. Қаржы құрылыс материалдары мен жұмысшылардың қызметіне кетті. Мұның бәрі екі жыл бұрын болғандықтан, нақты сома сәл өзгеше болуы мүмкін. Қосымша үлкен шығындар болған жоқ. Әрине, кейін интерьерге арналған бұйымдар, жиһаз немесе сәндік заттар алуға болады. Бірақ ең қажетті дүниелердің барлығын осы бюджет аясында жасап шықтық", - дейді ол.

"Уақытты үнемдейсің"

Динара жөндеу жұмыстарының ұйымдастыру бөлігіне көп араласпағанын айтады. Дегенмен үйдің интерьеріне қатысты шешімдерге белсенді қатысқан.

"Мен жөндеу процесіне басынан бастап араласқан жоқпын. Қара жұмыстары аяқталып, әрлеу кезеңі басталған кезде ғана қатыса бастадым. Қабырға бояуының түсін, жиһаздың дизайнын, тұрмыстық техниканы және жуынатын бөлмедегі керамограниттің реңкін таңдауға белсенді араластым. Ал құрылыс материалдарын сатып алу мен ұйымдастыру жұмыстарын бригаданың өзі жүргізді. Олар қандай материал керек екенін айтып, жеткізушілердің байланыстарын беріп отырды. Барлығы онлайн тапсырыспен және жеткізу қызметі арқылы жүзеге асты", – дейді Динара.

Жөндеу барысында айтарлықтай қиындықтар туындамаған. Динараның сөзінше, бұған тәжірибелі бригаданың жұмысы себеп болған. Дегенмен жөндеу кезінде көңілінен шықпаған бір тұс болған.
"Мені сәл ренжіткен жалғыз нәрсе плинтус таңдауда болды. Сол кезде жасырын плинтустар енді ғана трендке айналып келе жатқан еді, ал біз бұл шешімге үлгермей қалдық. Соның салдарынан классикалық плинтустар көзіме сәл оғаш көрінді. Тіпті оларды үш рет ауыстыруға тура келді. Егер жөндеуді бірнеше ай кейінірек бастағанда, жасырын плинтусты таңдар едім деп ойлаймын", – дейді Динара.
Динара Қабдолдинованың үйі
Фото: Динара Қабдолдинованың жеке архивінен

"Кәсіби мамандарға сеніп тапсырған дұрыс"

Динара Қабдолдинова пәтердегі жөндеу жұмыстарын "дайын күйінде тапсыру" форматында жасағанына әлі күнге дейін өкінбейтінін айтады. Оның сөзінше, уақытты тиімді жоспарлауға мүмкіндік берген.

"Менің ойымша, жөндеу жұмыстарын кәсіби мамандарға сеніп тапсырған дұрыс. Адал жұмыс істейтін бригадалар жұмыстың қанша уақытта аяқталатынын нақты айтып, сол мерзімге сай әрекет етеді. Соның арқасында өз уақытыңды жоспарлап, алдағы шаруаларыңды реттей аласың. Жөндеудің қалай аяқталатынын да шамамен алдын ала білесің. Мұның бәрі артық уайымнан құтқарады. Сондықтан мұндай формат мен үшін өте ыңғайлы болды", – дейді ол.

Динара жөндеу шығындарының негізгі бөлігін әрлеу жұмыстары, жиһаз бен техника құрағанын айтады. Жалпы бюджет шамамен 11 миллион теңгеге жуық болған.

"Жөндеу мен қажетті жабдықтарға шамамен 10 миллион теңгеден астам қаржы жұмсадық. Ең қымбат шығындардың бірі жұмысшылардың еңбекақысы болды, оған 2,3 миллион теңге төленді. Сондай-ақ жиһазға, техникаға және төбені әрлеу жұмыстарына қомақты қаражат кетті. Барлық негізгі қажеттіліктерді осы бюджетке сыйғыздық. Кейін қосымша интерьер заттарын алуға тағы шамамен 1 миллион теңге қалдырдық", – дейді Динара Қабдолдинова.

Қабдолдиновтардың пәтерге көшіп келгеніне екі жыл болған. Динара жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін көңілінен шығатынын айтады.

“Тек үйде кішкентай балалар болғандықтан, кей жерлердегі қабырғалар қолдың ізінен ластанып, аздап бүлінді. Бізге қонаққа да кішкентай балалары бар отбасылар жиі келеді, сондықтан мұны қалыпты жағдай деп қабылдаймын. Құрылысшылар мұндай жағдайларға арнап дәл сол түстегі бояуларды қалдырып кеткен. Сондай-ақ қабырғаны қалай дұрыс бояу керегін де түсіндіріп берді. Соның арқасында қажет кезде қабырғаны жаңартып, алғашқы бояудан айырмашылығы байқалмайтындай етіп реттеуге болады. Жалпы алғанда, жөндеудің сапасына көңілім толады", – дейді Динара Қабдолдинова.
Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 10:00