Алматыда ауаны ластайтын көліктерді техникалық байқау станциялары анықтайды

Алматыда ауаны ластайтын көліктерді анықтаудың жаңа тәсілі табылды. "Таза аймақтар" жобасының бастамашылары техникалық байқау станцияларын іске қосуды жоспарлап отыр. Олар көліктердің техникалық жағдайы туралы мәліметтерді бірыңғай жүйеге жолдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Техникалық байқау станциялары зиянды шығарындылар мөлшері белгіленген нормадан асатын көліктерді автоматты түрде анықтайды.
Алматы қаласының орталығындағы төмен шығарындылар аймағы, яғни LEZ өткен жылдың сәуір айының соңынан бері жұмыс істеп жатыр. Қазір жоба пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр.
"Таза аймақтың" қай жерде орналасқанын анықтау қиын емес. Жол бойына арнайы ақпараттық белгілер орнатылған. Автокөліктің экологиялық талаптарға сәйкестігі туралы мәлімет техникалық байқау нәтижелері арқылы тексеріледі.
“Жүйе мынадай тәртіппен жұмыс істейді: көлік иесі техникалық байқаудан өтеді. Оның нәтижесі автоматты түрде бірыңғай жүйеге енгізіледі. Кейін қала бойынша орнатылған бейнекамералар арқылы көліктің техникалық тексеруден өткен-өтпегені анықталады. Осылайша экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктер бақылауға алынады”, – дейді LEZ жобасының үйлестірушісі Дулат Маратов.
Жоба аясында жүйенің қалай жұмыс істейтіні зерттеліп, талдау жүргізіледі. Пилоттық кезеңде қандай да бір санкциялар енгізу әзірге жоспарланған жоқ. Алайда кейін оның нәтижелеріне қарай билік шектеулер енгізу немесе арнайы төлем алу мәселесін қарастыруы мүмкін.
ОқыңызАвтосарапшы Алексей Алексеев мұндай тәсілдерді дұрыс деп санамайды.
“Қалай болғанда да бұл – кемсіту. Қала орталығына кіруге тыйым салу да кемсітушілік, арзан көлік иелерінен орталыққа кіру үшін ақы алу да кемсіту болып саналады. Мұның қажеті қанша? Алдымен ауқымды мәселелерден бастау керек. Мысалы, жылу электр орталықтарын газға көшіру қажет”, – дейді сарапшы.
Сондай-ақ Алексей Алексеев техникалық байқау жүйесінің жұмысын күшейту керек деп есептейді. Оның пікірінше, көліктерді тексеру кейде формалды түрде емес, жан-жақты әрі мұқият жүргізілуі тиіс.
Ал қала билігі пилоттық жобаны келесі жылдың басына дейін жалғастыруды жоспарлап отыр.
11 миллион теңгеге дейін: Қазақстандықтар пәтер жөндеуге қанша жұмсайтынын айтты