Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық сарбаздар енді өздеріне қажет тауарлар мен тағамдарға онлайн тапсырыс бере алады

Voenmart
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстанның бірқатар әскери бөлімдерінде Voenmart пилоттық жобасы іске қосылды. Енді мерзімді әскери қызметкерлер арнайы цифрлық жүйе арқылы өздеріне қажетті тауарлар мен дайын тағамдарға тапсырыс беріп, оларды әскери бөлім аумағына тегін жеткізе алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәліметттерге сенсек, жоба Алматы облысындағы 78 460 әскери бөлімінде, Гвардейск гарнизонының оқу орталығында, Астанадағы 68 665 әскери бөлімінде және Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжде енгізілген. Тапсырыстарды рәсімдеу үшін жеткізуші компания әскери бөлімдерге терминалдар мен планшеттерді тегін орнатқан. Кейін бұл планшеттер әскери бөлімдердің балансына беріледі.

"Voenmart – армиялық тұрмысты ұйымдастырудың жаңа деңгейі. Цифрлық форматтың арқасында әскери қызметкерлер қажетті тауарларға жылдам әрі ыңғайлы қол жеткізе алады. Бұл қызмет жағдайын заманауи талаптарға сай жақсартады", – деді қорғаныс министрлігінің ақпараттық технологиялар департаменті басшысының орынбасары Алмат Маханов.

Voenmart жүйесі арқылы сарбаздар өздеріне қажет тауарларға онлайн тапсырыс беріп, оларды әскери бөлім аумағында тегін ала алады. Жүйеде тапсырыстардың сапасы қатаң бақылауда болады, ал әрбір сатып алу арнайы есепке алынып отырады.

Жаңа сервистің тағы бір ерекшелігі – таңдау мүмкіндігінің кеңдігі. Енді әскери қызметкерлер жеке гигиена құралдары мен күнделікті қажетті заттардан бөлек, жеміс-жидек, шырын, түрлі тіскебасарлар мен басқа да азық-түлік өнімдеріне тапсырыс бере алады.

Сондай-ақ сарбаздарға ыстық тағам жеткізу қызметі де қолжетімді. Олар бургер, пицца, бәліш секілді тағамдарға тапсырыс беріп, оларды дайын күйінде ала алады.

Тауарды жеткізу үшін қосымша ақы алынбайды. Әскери қызметкерлер тек сатып алған өнімнің құнын төлейді.

Қазір жоба бірнеше әскери бөлімде сынақ ретінде іске қосылған. Оның тиімділігі бағаланғаннан кейін Voenmart жүйесін еліміздің басқа да әскери бөлімдеріне енгізу мәселесі қаралады.

Еске салайық, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов киік етін қорғаныс министрлігі, ішкі істер министрлігі және төтенше жағдайлар министрлігінің азық-түлік қорын қамтамасыз ету үшін пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатқанын мәлімдеген еді. Үкіметтің мәліметінше, бұл шара ақбөкен санының көбеюінен ауыл шаруашылығына келетін залалды азайтуға бағытталған. Былтыр ақбөкен етін өңдеумен 30 ет өңдеу кәсіпорны айналысқан. Сонымен қатар үкімет қазіргі кезде тұяқты жануарларды ату көлемі нарықтың етке шамадан тыс толып кету қаупіне байланысты шектеліп отырғанын атап өтті. Сондықтан билік өнімді күштік құрылымдардың қажеттіліктеріне және мемлекеттік резервке жіберу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 10:21