Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы ең жоғары өңірлер белгілі болды
Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы ең жоғары өңірлер белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстанда жасы 100-ден асқан 1321 адам тұрады. Бір жыл ішінде олардың саны 28,4%-ға, яғни 293 адамға артқан. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылдың басында елде 1030 ұзақ жасаушы болған.
Қазақстанда жасы 100-ден асқан ұзақ жасаушылар арасында әйелдер саны айтарлықтай көп. 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша елде 1039 әйел ұзақ жасаушы болған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 29,1%-ға жоғары.
Жасы 100-ден асқан ерлердің саны 26,2%-ға өсіп, 284 адамға жетті. Осылайша, Қазақстандағы барлық ұзақ жасаушылардың 78,5%-ын әйелдер, 21,5%-ын ерлер құрайды.
Қазақстанда жасы 100-ден асқан ұзақ жасаушылардың басым бөлігі қалаларда тұрады. 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша қалаларда 953 ұзақ жасаушы болған. Бір жыл ішінде олардың саны 32,2%-ға артқан. Ауылдық жерлерде жасы 100-ден асқан 370 адам тұрған. Осылайша, елдегі барлық ұзақ жасаушылардың 72%-ы қала тұрғындары болса, 28%-ы ауыл тұрғындары.

Ұзақ жасаушылардың саны бойынша бірінші орында Алматы қаласы тұр. 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша қалада жасы 100-ден асқан 304 адам тұрған. Бұл Қазақстандағы барлық ұзақ жасаушылардың шамамен 23%-ын, яғни әрбір төртінші ұзақ жасаушыны құрайды.
Екінші орында Қостанай облысы тұр. Мұнда 149 ұзақ жасаушы бар, бұл жалпы санның 11,3%-ына тең.
Одан кейінгі орындарда:
- Жамбыл облысы — 88 адам немесе 6,7%;
- Түркістан облысы — 83 адам немесе 6,3%;
- Шығыс Қазақстан облысы — 82 адам немесе 6,2%.
Осылайша, Қазақстандағы барлық ұзақ жасаушылардың 53,5%-ы осы бес өңірге тиесілі.
Ал жасы 100-ден асқан адамдар ең аз тұратын өңірлер қатарында Маңғыстау облысы – 11 адам, Ұлытау облысы – 12 адам және Атырау облысы – 14 адам бар.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы тарихи ең жоғары деңгейге жеткені туралы жазған едік.
Павлодарды "біздікі" деген ресейлік стример Fassoollka жауапқа тартыла ма? Заңгер түсіндірді