Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ерлердің нәпсісін қоздырмаңдар": Астаналық тұрғын көшедегі қыздардың киіміне байланысты жанжал шығарған (видео)

Әйел
Фото: Видеодан скрин

Астанада әйел көшенің қақ ортасында қыздардың киіміне байланысты ұрыс шығарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астана тұрғыны әлеуметтік желіде видео жариялап, өзінің сырт келбетіне байланысты бейтаныс әйелдің көшеде оған қатты дауыс көтеріп, айғайлағанын айтып шағымданды. Бойжеткен бейтаныс әйелдің әрекеттерін видеоға түсіріп алған. 

Threads қолданушысының айтуынша, оқиға 20 шілде күні болған.

“Бүгін сіңілім екеуіміз Ботаникалық бақта серуендеп, кешкісін, шамамен 9-дар шамасында үйге қайтып келе жатқанбыз. Бағдаршамда тұрғанымызда бір апай жаныма келіп: “Қызым, көйлегің қандай әдемі, өзің де сондай әдемі екенсің” деді. Рахметімді айтып, әрі қарай жүре бергенімізде, ол кісі киіміміз туралы ақыл айта бастады: “Бұлай киінбеңдер, бұл біздің киім емес, Еуропаға еліктемеңдер, білімдеріңді арттырыңдар” деді”, – деп жазды Threads қолданушысы. 

Желі қолданушысының айтуынша, бейтаныс әйел тым шектен шығатын әңгімелер айта бастаған соң, қыздар асығып тұрғандарын айтып, кетіп қалуға тырысқан. 

“Сіңлім жәй ғана: “Рахмет апай, біз асығып тұрмыз, сау болыңыз” деп айтқан еді, ол апай сол кезде айқайлап, көшенің ортасында "ұятсыздар", "тәрбиесіздер" деп балағаттап, жан-жағындағы адамдарды бізге қаратып, "осы дұрыс па?", "жоғарыдан түскен заң бәрімізге ортақ, сендер соған бағынбай жатырсыңдар, сендерге жеңіл жүрісті деп қарайды. Абыройларыңды осы киіммен түсіресіңдер, қолыңды, иығыңды жап" деп айқайлай бастады. Сосын мен: “Апай не киетінімізді өзіміз білеміз, жұмысыңыз болмасын, жауап беретін мен, өз жөніңізбен бара қойыңыз” дедім”, – дейді бойжеткен.

Алайда бейтаныс әйел мұнымен тынышталмаған, тіпті қыздарды "соттатамын", "түрмеде шірітемін" деген сияқты сөздер айтып, қорқытқан көрінеді.

Осыдан кейін бойжеткен полицияға хабарласқан. 

“102-ге хабарластым. Өтінішімді қабылдағандарын айтқанымен, ешкім келген жоқ, кейін де ешқандай кері байланыс болмады. Айтпақшы, менің көйлегім ұзын, тек жеңсіз. Сіңілімнің де киімі жабық, киімі де тым қысқа емес. Осындай адамдар біреудің таңдауына араласып, көпшіліктің көзінше қорлап, айқайлауға қандай құқығы бар? Біз тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз”, – деп жазды желі қолданушысы. 

Желіде жарияланған видеоға Астана қаласының Есіл аудандық полиция басқармасы пікір білдірді. 

“Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта бейнежазбада бейнеленген әйелдің жеке басын анықтау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Барлық мән-жайлар мен азаматшаның жеке басы анықталғаннан кейін оның әрекеттеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі”, – деп жауап берді. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандағы аптап ыстық көршілер арасында аулада ашық киім киюге қатысты дауға себеп болғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 12 Тамыз, 2026 19:57