Қазақстанда әкім кімнің қоқыс тастап жүргенін пакеттегі түбіртектер арқылы анықтамақ

Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Қажымұқан ауылының әкімі қоқысты кез келген жерге тастайтындарға қарсы күрес жариялады. Ол тәртіп бұзушыларды қоқыс пакеттерінің ішінде қалып қойған түбіртектер арқылы тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауылда тазалық талаптарын бұзушылармен күрес қолға алынды. Қоқыс арасынан табылған түбіртектер мен басқа да жанама айғақтарды пайдалану әдісі тиімді нәтиже көрсеткен. Тәртіп бұзушылардың жеке басын анықтауға полиция қызметкерлері де көмектеседі.
Осылайша бос жатқан жерлерге және өзгенің қоршауының жанына қоқыс пакеттерін тастаған үш адамның кім екені анықталған. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әкімшілік хаттамалар толтырылып жатыр.
ОқыңызӨздігінен пайда болған қоқыс үйінділерінің көбеюіне алаңдайтын ауыл тұрғындары әкімнің бастамасын қолдап отыр.
“Біздің басты мақсатымыз – адамдарды жазалау емес. Біз ауыл тұрғындарының бойына тазалық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдысын сіңіргіміз келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра береміз”, – дейді Қажымұқан ауылының әкімі Алпамыс Әбенов.