Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сайран көліне ыдысын жуып отыр: Алматылықтар тәтті мақта сатушысының әрекетіне шағымданды

ыдыс
Фото: Threads ramazanovasn

Желіде Алматыдағы Сайран көлінде түсірілген сурет жарияланды. Онда ер адам көл суына металл ыдысты жуып жатыр. Желі қолданушысының сөзінше, ер адам тәтті мақта сатып, аталған ыдысты өнім дайындау барысында пайдаланады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл фотоны қолданушы Threads желісінде жариялады. 

“Көз алдымызда тәтті мақта сататын адам өнім дайындайтын ыдысын көл суында жуып жатыр. Бұған не дейсіздер?" – деп жазды автор.

ер адам
Фото: Threads ramazanovasn

Желі қолданушылары суретке қатысты наразылығын жазып, дауласты. 

пікір
Фото: Threads скрин

Аталған жағдайға Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті де пікір білдірді. 

“Рұқсат етілмеген сауда орындарында азық-түлік өнімдерін сату тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Себебі мұндай жағдайда санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын, өнімді сақтау және өткізу жағдайларын, сатушылардың жеке бас гигиенасын бақылау мүмкін емес”, – делінген жауапта. 

Сайран суына жүргізілген талдау нәтижелері

Айта кетейік, мамыр айында мамандар Сайран көлінің суынан микробиологиялық, санитариялық-химиялық және паразитологиялық көрсеткіштер бойынша сынамалар алған еді.

Нәтижесінде Алмалы ауданы аумағындағы су құрамында лактозаоң ішек таяқшаларының индексі мен еріген оттегі деңгейі бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіні анықталған. 

Санитар дәрігерлерінің мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда жағдай өзгермеген. Су санитариялық-химиялық талаптарға әлі де сай емес.

"Биыл аудандық басқармалар мамандары су ластануының нақты көздерін анықтаған жоқ. Алайда негізгі себеп ретінде көлге құятын өзендер арқылы келетін ластануды қарастырып отырмыз. Сайранға Үлкен Алматы өзені құяды. Ал өзеннің жоғары ағысына түскен тұрмыстық қалдықтар, қоқыс және кәріз сулары ақыр соңында көлге жетеді. Мұны зертханалық талдау нәтижелері де растап отыр: ішек таяқшаларының анықталуы – нәжіспен ластанудың белгісі", – деп хабарлаған еді ведомство.

Дәрігерлердің ескертуі

Мамандардың айтуынша, ауа температурасы жоғарылаған кезде жұқпалы аурулардың таралу қаупі артады. Ыстықта ауру тудыратын бактериялар мен вирустар тез көбейетіндіктен, қарапайым санитариялық талаптарды сақтамау аса қауіпті болуы мүмкін.

Жедел ішек инфекцияларының алдын алу үшін дәрігерлер қолды сабынмен жиі жууды, тек қауіпсіз ауыз суды пайдалануды, көкөністер мен жемістерді мұқият жууды, азық-түлікті сақтау және термиялық өңдеу талаптарын сақтауды, рұқсат етілмеген көлдер мен бассейндерде шомылмауды ұсынады.

Айта кетейік, бұған дейін Мамандар неліктен Сайран көліне шомылуға болмайтынын айтқан еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 16:51