Алматыда жігітпен алғашқы кездесуден кейін қаза тапқан қыздың туыстары екі жылдан бері әділдік іздеп жұр

Алматыда 23 жастағы Вероника Соколованың өліміне қатысты оқиға әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Марқұм Вероника Соколова 2024 жылдың 12 маусымында жігітпен алғашқы кездесу үшін мейрамханаға кетіп, біраз уақыттан кейін қыздың денесі "Алматы Тауэрс" тұрғын үй кешенінен табылған.
Қыздың құрбысы әлеуметтік желіде Верониканың алғашқы кездесуден кейінгі өлімі суицид емес, керісінше, ауыр қылмыс болуы мүмкін екенін жазды.
"Бұл оқиға 2024 жылдың 13 маусымында болған, алайда іс әлі күнге дейін ілгерілемей отыр. Сот процесі өткен жоқ, ал күдікті бостандықта жүр. Екі жыл бұрын, көктемде Ника жалға алу үшін пәтер іздеп жүрген кезде оған Алібек есімді жігіт пәтер көрсеткен. Бір айдан кейін ол оған хабарлама жазып, кездесуге шақырған. Қыз қайтыс болғаннан кейін біз анасымен бірге оның iCloud-тан сол хабарламаның скриншотын таптық, ол мұны әдейі сақтап қойғандай әсер қалдырды. Нәтижесінде олар 12 маусым күні мейрамханада кездеседі, ал сол түні ол жігіт шақырған пәтердің терезесінен құлап кетеді", – деп жазды prodbymelissa есімді Threads қолданушысы.
Жақындарының айтуынша, Верониканың өліміне қатысты суицид нұсқасына сәйкес келмейтін жайттар бар. Күмән тудыратын сұрақтардың бірі – жедел жәрдемді нақты кім шақырғаны: құрбысының айтуынша, оны қызбен бірге болған ер адам емес, басқа біреу шақырған.
Күмән тудыратын тағы бір жайт – Верониканың жеке заттарының жағдайы. Туыстарының айтуынша, құлау кезінде оның жанында сөмкесі, телефоны және ноутбугы болған. Алайда бұл заттар еш зақымданбаған көрінеді.
Күдікті күшейтетін деректер қатарында көршілердің мәлімдемелері де бар. Отбасы тұрғын үйдегі көршілердің қайғылы оқиғаға дейін пәтерден шу естілгені туралы айтқанын алға тартады. Жақындарының пікірінше, сараптама қорытындылары да ресми нұсқамен сәйкес келмейді.
Марқұмның анасы Любовь Соколова да қызының өз-өзіне қол жұмсау ниеті болмағанына сенімді. Оның айтуынша, Вероника кездесуге барған күні көңіл-күйі жақсы болып, болашаққа жоспар құрып, демалыс туралы сөйлескен.
Әйелдің айтуынша, марқұммен бірге болған ер адамның сөздері да үлкен күмән тудырады. Любовь Соколованың сөзінше, ол Вероникаға интимдік қызмет үшін ақша ұсынғанын айтқан, сондай-ақ қыз сол кезде есірткі әсерінде болып, агрессивті мінез-құлық танытқан деп мәлімдеген.
Алайда анасының айтуынша, сараптама барысында есірткі іздері анықталмаған. Сонымен қатар мейрамханадағы бейнебақылау камераларындағы видеода да Вероника сабырлы, қалыпты күйде болып, аяғынан нық тұрғаны көрінеді, бұл оның қатты мас немесе есірткі әсерінде болғаны туралы мәлімдемелермен сәйкес келмейді.
ОқыңызОтбасының тергеу барысына қатысты да елеулі шағымдар бар. Любовь Соколованың айтуынша, іс материалдарынан маңызды дәлелдер: оқиға орнынан түсірілген фотосуреттер, бейнежазба және қыздың киімдері жоғалып кеткен.
Анасының айтуынша, Верониканың денесі үй қабырғасынан тым алыс жерден табылған, бұл төртінші қабаттан құлау туралы нұсқамен үйлеспейді. Қыздың жанында сөмке, ноутбук және телефон сияқты жеке заттары ұқыпты түрде, зақымданбаған күйде жатқан.
Маңызды жайттардың бірі ретінде анасы төменгі қабаттағы көршінің айғақтарын да атап өтеді. Оның айтуынша, көрші пәтерден қатты шу, төбелеске ұқсас дыбыстар естігенін айтқан.
Осыған қарамастан, 2024 жылдың желтоқсан айында іс қылмыс құрамының болмауына байланысты жабылған. Кейін отбасының шағымдарынан соң тергеу қайта басталған.
Отбасыға көмектесіп жүрген "НеМолчи.kz" қорының мәліметінше, екі жыл өтсе де тергеу аяқталмаған күйде қалып отыр. Қор деректеріне сәйкес, тергеу тарапынан бірқатар маңызды процестік әрекеттер жүргізілмеген. Олардың қатарында саусақ іздерін тексеру, куәгерлерден жауап алу, телефондарды талдау және оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың мобильді құрылғыларын зерттеу бар.
Қыздың отбасы мен қор Алматы прокуратурасы мен Медеу аудандық полициясынан тергеуді жеделдетуді талап етіп, Вероника Соколованың өмірінің соңғы сағаттарында не болғаны туралы басты сұраққа жауап беруді сұрап отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда дәл осылай жұмбақ жағдайда 7-қабаттан құлап қаза тапқан Ақнәр Гүлстанның өлімі бойынша істі тергемейтін болғаны туралы жазған едік. Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов те Ақнәр Гүлстанның өлімі бойынша істе ешкім күдікті деп танылмағанын хабарлады.
Алматы облысында туғанына 5 күн болған сәби көз жұмды: Туыстары дәрігерлерді нәрестені жерге құлатып алды деп айыптады