Алматы облысында айдаладан полицейдің өртенген денесі табылды: Күдікке әйелі мен баласы ілінді

Алматы облысы Кеген ауданында таулы аймақтан адамның өртеніп жатқан денесі табылды. Кейін оның жеке басы анықталып, полиция қызметкері екені белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ер адамның денесі Көкпек – Көктал – Кеген тасжолынан шамамен 400 метр қашықтан табылған. Өртеніп жатқан денені мал іздеп жүрген шопан байқап, полицияға хабарлаған.
Оқиға орнына келген полиция қаза тапқан азаматтың жеке басын анықтады. Ол Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасында аға жедел уәкіл қызметін атқарған Аслан Әлсеров болып шықты.
Мәйіт түгелдей жанып кеткен. Ал оң қолынан өртенген арқанның қалдықтары табылған.
Тергеу дерегінше, қылмыс полицейдің Алматы қаласындағы пәтерінде жасалған болуы мүмкін. Кейін қылмыстың ізін жасыру үшін мәйітті өртеген.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы облысы полиция департаментінен мән-жайды сұрады. Олардың мәліметінше, қазір марқұмның жұбайы мен ұлы күдікке ілінді.
“Кеген ауданында ер адамның жанып кеткен мәйіті табылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. 23 маусым күні полицияға таулы аймақтан мәйіттің табылғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел түрде жедел-тергеу тобы шықты. Қаза болған адамның жеке басы анықталды. Оның полиция қызметкері болғаны расталды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ретінде марқұмның жұбайы мен ұлы ұсталды. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр”, – делінген хабарламада.
Мәліметке сәйкес, марқұмның жұбайы бұрын полиция қызметкері болған. Оның іске қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Іс бастапқыда “Кісі өлтіру” бабы бойынша тергелген. Кейін ауыр қылмыс құрамына қайта сараланған. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Донер жарнамасы үшін полицейді алдаған астаналық блогерлер қамауға алынғаны туралы жазған едік.
11 миллион теңгеге дейін: Қазақстандықтар пәтер жөндеуге қанша жұмсайтынын айтты
Оқыңыз