Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Big Data қазақстандықтардың спорттық әдеттері туралы не біледі

 

Big Data (Үлкен деректер) туралы айтқанда, көбісі күрделі алгоритмдерді, графиктерді және деректер жиынтығын елестетеді. Алайда, үлкен деректер адамдардың күнделікті өмірі туралы әлдеқайда көп нәрсені айтып бере алады. Мысалы, спорттық іс-шаралардың қазақстандықтардың тұтынушылық мінез-құлқына қалай әсер ететінін және осы цифрлардың артында қандай әдеттер тұрғанын көрсетеді.

 

"Қайрат" футбол клубының үйдегі матчтарының қарсаңында азық-түлік дүкендеріндегі сатылым айтарлықтай өседі. Beeline Big Data жобасының сарапшылары анықтағандай, матчтың маңызы артқан сайын стадион маңындағы сауда нүктелеріне келушілер легі де көбейеді.

Ең жоғары өсім чипске тиесілі: ойын күндері олардың сатылымы 337%-ға артады. Одан кейін құрғақ тіскебасарлар (+157%), салқын шай (+130%), лимонад (+99%), шоколад (+92%) және энергетикалық сусындар (+60%).

Зерттеу ұялы байланыс операторының аноним деректері негізінде жүргізілді.

Пайдаланушылардың мінез-құлық үлгілерін талдау спорттың Қазақстандағы экономикалық белсенділікке әсер ететінін және қала тұрғындарының тұтынушылық дағдыларын қалыптастыратынын көрсетеді.

 

Қазақстандықтар спортпен айналысқаннан гөрі, оны көбірек тамашалағанды ұнатады

Цифрлық деректер спорт аудиториясын "белсенді" (спортшылар) және "пассивті" (жанкүйерлер) деп нақты ажыратуға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, қазақстандықтар өз жетістіктерінен гөрі, өзгенің жетістігін тамашалауды көбірек құп көреді: елде бір белсенді спортшыға шамамен 14 жанкүйерден келеді.

2,3 миллионнан астам қазақстандық спорттық оқиғаларды тұрақты түрде бақылап отырады, ал спортпен белсенді айналысатындар саны шамамен 165 мың адамды ғана құрайды.

Зерттеу аясында спортшылар немесе атлеттер қатарына фитнес-қосымшаларды және спорттық трекерлерді пайдаланатын, айына кемінде үш рет жаттығуға қатысатын, сондай-ақ жаппай жарыстарға қатысушылар жатқызылды.

 

Әдеттегі спортшының портреті

Қалыптасқан стереотиптерге қарамастан, бұл – ер адам емес. Қазақстанда спортпен белсендірек айналысатын адам — Алматы немесе Астана қаласында тұратын, жасы 30-44 аралығындағы әйел. Ол iOS құрылғыларын пайдаланады, жиі саяхаттайды және денсаулық тақырыбына терең қызығушылық танытады. Сонымен қатар оның табысы медианалық деңгейден жоғары болуы ықтимал. Жалпы алғанда, спортпен белсенді айналысатындардың әлеуметтік жағдайы жоғарырақ.

Мәселен, спортшылар арасында табысы 1 млн теңгеден асатын пайдаланушылар үлесі 7,1%-ды құрайды, бұл жанкүйерлермен салыстырғанда екі есе көп. Ал әдеттегі жанкүйердің табысы шамамен 250 мың теңге деңгейінде, әрі олардың тек 3,5%-ы ғана миллион теңгеге жуық табыс табады.

Жүгіру мен outdoor жаттығулар дәстүрлі фитнес-залдарды айқын басып озады. Мұндай белсенділікпен Beeline-ның шамамен 99 мың абоненті айналысады. Салыстыру үшін, фитнес-клубтар мен күш жаттығуларының аудиториясы шамамен 33 мың адамды құрайды.

Соңғы уақытта ыңғайлы форматта жаттығуға мүмкіндік беретін жүгіру қосымшалары мен белсенділік трекерлері танымал бола бастады. Бұл бағытта Zepp Health көш бастап тұр – оны спорт аудиториясының 28,8%-ы қолданады. Одан кейін Garmin (24,1%) және Strava (19,7%). 

"Бұрын адамдар фитнес-клубқа абонемент сатып алады деп айтатынбыз. Ал қазіргі деректер мынадай: "Қазақстандықтар абонементтің орнына смарт-сағат сатып алып, кроссовка киіп, жүгіруге шығады". Меніңше, бұған қалалық ортаның дамуы да ықпал етті. Алматыда, Астанада және басқа да ірі қалаларда заманауи қоғамдық кеңістіктер, абаттандырылған жағалаулар, саябақтар мен жарықтандырылған жүгіру жолдары көбейіп келеді", - деп түсіндірді Николай Орлов, Beeline Қазақстанның Big Data және жарнама бизнесін дамыту жөніндегі директоры.

Марафондар саяхаттаудың жаңа себебіне айналып келеді

Қазақстанда жүгірудің танымалдығы спорттық туризмнің дамуына ықпал етуде: адамдар шетелге арнайы барып, қалалық марафондарға қатысуды әдетке айналдырып келеді. Бұл – саяхаттың жаңа форматына айналып отыр.

Зерттеу кезеңінде марафондарға және оларды қолдау топтарына қатысқан шамамен 52 мың адам тіркелген. Соның ішінде 4 мыңнан астам қазақстандық шетелдегі жарыстарға – Берлин, Лондон, Стамбул, Барселона және әлемнің басқа да қалаларындағы марафондарға қатысқан.

Әдеттегі қазақстандық марафоншы – жасы 30 бен 44 аралығындағы экономикалық белсенді азамат. Мұндай сапарға ерлер әйелдерге қарағанда сәл жиірек барады, алайда гендерлік айырмашылық айтарлықтай үлкен емес: ерлер – 55%, әйелдер–45%.

Жалпы деректер Қазақстанда марафон қозғалысы біртіндеп жай ғана әуестік спорт шеңберінен шығып, өмір салтының ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді.

 

Ең үлкен аудиторияны қай спорт түрі жинайды

Жеке жаттығуларда жүгіру басым болса, теледидар мен смартфон экрандарында футбол көш бастап тұр. Оны спорт арналарын пайдаланатын 97,5%-ы адам тамашалайды. Одан кейін қысқы спорт түрлері (28,8%), хоккей (20,6%), бокс (11%) және MMA (9,6%).

Алайда футбол тек жалпы қамту көрсеткіші бойынша ғана алда. Көрермендердің қызығушылық деңгейі мен экран алдында өткізген орташа уақытын есепке алғанда, абсолютті феномен ретінде снукер ерекшеленді.

Бұл спорт түрінің жанкүйерлері 2026 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында трансляцияларды орта есеппен 3744 минут көрген. Салыстырмалы түрде, футбол жанкүйерлерінде бұл көрсеткіш 802 минутты құрайды. Мұның себебі снукер турнирлерінің ұзақ уақытқа созылып, көрерменнен үздіксіз назар аударуды талап етуімен байланысты болуы мүмкін.

Спорттық контентті тамашалаудың негізгі алаңы ретінде теледидар әлі де көш бастап тұр. Ең танымал спорт арнасы – Qazsport HD: 2026 жылдың қаңтар-сәуір аралығында ол 2 миллионнан астам қаралым жинаған. Бұл көрсеткіш оны ең жақын бәсекелестері –  Sport Plus (422 мың қаралым) пен Setanta Sports 1 (401 мың қаралым) арналарынан шамамен бес есеге жоғары деңгейге шығарды. Сонымен қатар спорт жанкүйерлерінің шамамен жартысы (47,2%) спорттық контентті BeeTV платформасы арқылы тұрақты түрде тамашалайды.

Зерттеу 2025 жылдың қазаны мен 2026 жылдың сәуірі аралығындағы әртүрлі кезеңдерді қамтиды және спорттық контентті тұтыну, спорттық қосымшаларды пайдалану, геолокациялық паттерндер (тәртіп үлгілері) мен спорттық іс-шараларға бару туралы агрегацияланған және иесіздендірілген (анонимді) деректерді талдауға негізделген. Мұндай тәсіл спорттың әртүрлі түрлерінің танымалдылығын бағалап қана қоймай, спорттық қызығушылықтардың адамдардың күнделікті өмірімен қалай байланысты екенін түсінуге мүмкіндік береді. Қазақстанда спорт тек ермек болудан қалғалы қашан — ол миллиондаған адамның өмір салтына айналды. Бұл олардың әдеттерінен, қызығушылықтары мен күнделікті шешімдерінен көрінеді, ал үлкен деректерді талдау бұл үрдістерді бүкіл ел ауқымында көруге мүмкіндік береді.

Stan.kz
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 09:00