"Брюссельге нақты мақсатпен келдім": Тоқаев Еуропалық Одақ басшыларымен келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес президенті Антониу Коштамен және Еуропалық Комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев ЕО көшбасшыларымен жүргізген келіссөздер барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы байланыс екіжақты ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары деңгейге жеткенін атап өтті.
“Өзара сенім мен құрметке негізделген біздің қарым-қатынасымыз шынайы стратегиялық сипатқа ие болды. Мен Брюссельге сан қырлы ынтымақтастығымызды ортақ мүддеміз бар барлық салада тереңдету мақсатында келдім. Жаңа ғана қол қойылған маңызды келісім мен меморандумдар ықпалдастықты одан әрі нығайтуға бейіл екеніміздің айқын дәлелі. Бүгінгі келіссөз қорытындылары Қазақстан-Еуропа қарым-қатынасының жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін”, – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев көлік-логистика байланыстарын нығайту мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, президент Транскаспий халықаралық көлік бағдары (Орта дәліз) және ЕО-ның Global Gateway бастамасын ұштастыру перспективасына назар аударды, сондай-ақ еліміздегі бірқатар ірі көлік-инфрақұрылым жобасына еуропалық серіктестердің қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді.
Президент Қазақстанда айтарлықтай мол қоры бар аса маңызды шикізат материалдары саласы ынтымақтастықты дамытуға кеңінен мүмкіндік береді деп санайды.
Тоқаев Қазақстанның Еуропалық Одақпен энергетика, соның ішінде атом, цифрлық трансформация, ауыл шаруашылығы, су қауіпсіздігі және климат күн тәртібі секілді бағыттарда ықпалдастықты одан әрі арттыруға мүдделі екенін растады.
ОқыңызҚасым-Жомарт Тоқаев серіктестіктің тағы бір маңызды саласы ретінде білім беру, ғылым, мәдениет және азаматтар арасындағы қарым-қатынас сияқты гуманитарлық өлшемдерді атады.
“Қазақстан Erasmus+, Horizon Europe және басқа да білім беру мен зерттеу бағдарламалары аясындағы ынтымақтастықтың артып келе жатқанын жоғары бағалайды. Біз алдағы уақытта да еліміздің университеттері мен еуропалық жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікке қолдау көрсетеміз. Қазақстан Horizon Europe бағдарламасы аясындағы қауымдастырылған ел мәртебесін иеленуге ниетті”, – деді мемлекет басшысы.
Президент визалық режимді жеңілдету және реадмиссиялау туралы келісім жобалары бойынша келіссөздердің аяқталғанына ерекше ризашылығын білдірді.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев өңіраралық серіктестікті нығайтудың нақты тетігіне айналған "Орталық Азия – Еуропалық Одақ" диалог платформасы маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
Тоқаевтың, Еуропалық кеңес Президенті Антониу Коштаның және Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйеннің қатысуымен мынадай құжаттарға қол қою рәсімі өтті:
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасында "Әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы" келісім;
- "Air Astana" АҚ мен Airbus компаниясы арасында 50 әуе кемесіне дейін тапсырыс беруге қол қою рәсімі;
- Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында интеллектуалды көлік жүйесін енгізу және "Е-жолдары" цифрлық платформасын жасақтауға грант бөлу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ мен Еуропалық инвестициялық банк арасында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының бөлігі саналатын Қазақстан өңірлеріндегі жолдарды қалпына келтіруге арналған "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ жобаларын қаржыландыру бойынша меморандум;
- Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында Минералдар мен металдар саласындағы озық тәжірибелік орталық құруға арналған техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Брюссельге ресми сапармен барғаны туралы жазған едік.
Алматы облысында туғанына 5 күн болған сәби көз жұмды: Туыстары дәрігерлерді нәрестені жерге құлатып алды деп айыптады