Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар туған күніне орай банктер, дүкендер мен брендтерден қандай сыйлықтар алады

бонустар мен сыйлықтар
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Туған күнде сыйлық алуға үйренген қазақстандықтар үшін банктер мен дүкендердің ұсыныстары да аз емес. Бірі 5 мың теңгелік купон ұсынса, енді бірі бонусты екі еселейді. Алайда мұндай ұсыныстар шынымен сыйлық па, әлде сатып алуға ынталандыратын маркетингтік құрал ма? Stan.kz қазақстандық банктер мен сауда желілерінің туған күнге арналған бағдарламаларын зерттеп көрді.

Бүгінде нарықтағы бірқатар компаниялар туған күніне орай нақты бонустар есептейді. Клиенттердің айтуынша, ForteBank туған күнге 10 мың бонус береді. Kaspi.kz клиенттеріне Kaspi Магазинде пайдалануға болатын 3 мың бонус есептейді. Ал Invitro зертханасы 2 мың бонус ұсынады. Осы ретте компаниялар қандай бонус беретінін, оған кімдер қол жеткізе алатынын, қандай шарттар қарастырылғанын сұрап білдік. 

Freedom SuperApp

Мәселен, Freedom экожүйесі клиенттердің туған күнін 5 мың теңгелік жеңілдікпен атап өтеді екен. Компанияның мәліметінше, жеңілдік купоны Freedom SuperApp қосымшасында туған күнге бес күн қалғанда жіберіледі және жеті күн бойы жарамды болады. Алайда ұсынысты пайдалану үшін тапсырыс сомасы кемінде 20 мың теңге болуы қажет.

"Клиент Freedom SuperApp сервистерін неғұрлым жиі пайдаланған сайын, оның адалдық бағдарламасындағы деңгейі жоғарылап, кэшбэк мөлшері де арта түседі", – дейді Freedom банкінің баспасөз қызметі.

Alatau City Bank

Ал Alatau City Bank клиенттердің туған күніне емес, мерекелік күндердегі тұтынушылық белсенділікке басымдық береді. Банк жыл бойы мемлекеттік және халықаралық мерекелерге орай бірқатар санат бойынша бонустарды екі есеге дейін арттырады.

Мысалы:

  • Жаңа жыл кезінде киім мен аяқ киімге берілетін бонус 3%-дан 6%-ға дейін өседі; 
  • Онлайн-маркетплейстерде де бонус көлемі екі есеге дейін ұлғаяды; 
  • 8 наурыз қарсаңында сұлулық салондары, косметика, фитнес және SPA қызметтеріне 10%-ға дейін бонус есептеледі; 
  • Білім күніне орай білім беру қызметтерінде бонус көлемі 5%-дан 10%-ға дейін жетеді. 

Банк саяхат, фитнес, SPA, жиһаз және тұрмыстық техника сияқты сұраныс жоғары бағыттарды да назардан тыс қалдырмаған. Мәселен, Отан қорғаушылар күні жиһаз бен тұрмыстық техника сатып алған клиенттерге 10%-ға дейін бонус есептеледі.

Айта кетерлігі, клиентке қосымша бонус алу үшін арнайы тіркелудің немесе өтінім берудің қажеті жоқ. Жоғарылатылған бонустар мерекелік кезеңде тиісті санат бойынша сатып алу жасалған жағдайда автоматты түрде есептеледі. Бұл ұсыныстар банктің қолданыстағы адалдық бағдарламасының бір бөлігі болып саналады.

Sulpak

Бұдан бөлек, тұрмыстық техника нарығында Sulpak туған күнге арналған ең қарапайым әрі түсінікті ұсыныстардың бірін ұсынады. Компания адалдық бағдарламасына қатысатын клиенттердің шотына туған күніне орай автоматты түрде 3000 бонус аударады.

Ең маңыздысы бонустарды алу үшін қосымша шарттарды орындаудың қажеті жоқ. 

"Бонус туған күнге арналған құттықтау аясында автоматты түрде есептеледі. Жиналған бонустарды дүкендер желісінде немесе Sulpak сайтында сатып алу кезінде пайдалануға болады", – деп пікір білдірді Sulpak компаниясы.

Sulpak тағы бір артықшылықты атап өтті. Мысалы, қолжетімді бонус көлемі жеткілікті болған жағдайда клиент тауар құнының кез келген бөлігін, тіпті 100 пайызын бонус есебінен төлей алады. Дегенмен компания бұл ұсыныстың қаншалықты сұранысқа ие екенін ашып айтпайды. Туған күндік бонусты нақты қанша клиент пайдаланатыны ішкі ақпарат саналады. Бағдарламаны кеңейту мәселесіне келсек, Sulpak әзірге нақты жоспар жариялаған жоқ.

Technodom

Ал Technodom желісінде клиенттерді туған күнімен құттықтау бағдарламасы қарастырылған. Компания мәліметінше, туған күні кезіндегі кез келген сатып алу үшін клиентке екі еселенген бонус есептеледі. 

"Ұсыныс адалдық бағдарламасына тіркеліп, бонус картасын алған барлық сатып алушыға қолжетімді. Сонымен қатар клиент мәртебесіне қарай қосымша артықшылықтар ұсынылады. Мысалы, Orange мәртебесіндегі клиенттер негізгі 3 пайыз бонусқа қосымша тағы 3 пайыз алады. Ал Black мәртебесі бар сатып алушыларға негізгі 5 пайыз бонусқа қосымша тағы 5 пайыз бонус есептеледі", – деп жауап берді Technodom компаниясы.

Алайда компания мұндай ұсынысты жыл сайын қанша адамның пайдаланатынын жарияламады. Технодом бұл деректерді коммерциялық құпия ақпаратқа жатқызатынын мәлімдеді. Сондай-ақ компания әзірге туған күнге арналған бонустық бағдарламаны өзгерту немесе кеңейту жоспарда жоқ екенін айтады.

Sportmaster

Sportmaster клубтық бағдарламасына қатысушылар туған күніне арнайы бонустар алады. Компанияның мәліметінше, стандартты деңгейдегі карта иелеріне – 2500 бонус, күміс деңгейге – 5000 бонус, ал алтын деңгейге – 10 000 бонус есептеледі.

1 бонус 1 теңгеге тең. Жиналған бонустармен тауар құнының 30%-ына дейін төлеуге болады (сыйлық карталарынан басқа). Бонустарды ақшаға айырбастау мүмкін емес, ал барлық жеңілдіктердің жиынтық мөлшері 50%-дан аспауға тиіс.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 09:00