Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әскерде басынан жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтар ауруханада көз жұмды

Ербаян Мұхтар көз жұмды
Фото: erbayan2024 Instagram-парақшасы

Ұлттық ұланда әскери борышын өтеп жүріп комаға түскен сарбаз Ербаян Мұхтар ұзақ уақыт өмір үшін күрестен кейін ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ербаянның көз жұмғанын адвокаты айтты. 

"Маған жарты сағат бұрын Ербаянның ата-анасы хабарласты. Оларға ауруханадан қоңырау шалып, оның жүрегі тоқтап қалғанын айтқан. Ата-анасы ауруханаға енді ғана жетіпті. Осылайша, бұл ақпарат расталды. Не айтарымды да білмеймін... Біз Ербаянның отбасымен бірге екі жыл бойы оның өмірі үшін күрестік. Қазір қандай күйде екенімді сөзбен жеткізу өте қиын...", – деді адвокат Инга Иманбай.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Ербаян Мұхтардың қайтыс болғанын растады.

"Дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресті. Алайда алған аса ауыр жарақаттары мен бас миында орын алған қайтымсыз өзгерістер оның өмірімен үйлеспейтін жағдайға әкелді", – делінген хабарламада.

Науқас 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде алған ауыр бас-ми жарақатының салдарынан өте ауыр жағдайда болған.

Жүргізілген емдеу мен реанимациялық шараларға қарамастан, науқастың жағдайы аса ауыр күйде қалды. Маусым айында негізгі ауыр дерттен инфекциялық асқынулар, сепсис және көптеген ағза қызметінің жеткіліксіздігі дамыған.

2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та дәрігерлер науқастың биологиялық өлімін тіркеді. Өлімнің себебі – ауыр бас-ми жарақатының салдарлары мен оған қосылған асқынулардан туындаған көп ағзалық жеткіліксіздігі.

"Науқас ең заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған палатада жатты. Оған заманауи дәрілік терапия жүргізіліп, ем қабылдауы үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Медицина қызметкерлері емдеу мен күтімнің толық көлемін қамтамасыз етті. Сондай-ақ науқастың туыстарының палатаға кіруіне мүмкіндік беріліп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай қарастырылды", – деп мәлімдеді министрлік.

Бұған дейін Ербаянның жағдайы күрт нашарлап кеткені туралы жазған едік. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында әскери бөлімде жарақат алып, алты ай бойы комада жатқан сарбаздың анасы әділдік талап еткені туралы жазған едік. Анасының айтуынша, сарбазға әскери бөлімде қысым көрсетілген. Кейін тіпті ата-анасының рұқсатынсыз дәрігерлер оған ота жасап, миының жарты бөлігін алып тастаған. Қазақстандықтар 6 айдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың емі үшін 230 миллион теңге жинап берді. Қазір Ербаян Түркиядан ем алып келді.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 08:09