Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 26 жастағы жігіт қыз алып қашамын деп достарымен бірге сотталды

Айыпталушылар
Фото: Stan.kz

Шымкентте 26 жастағы жігіт қыз алып қашамын деп достарымен бірге сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

17 жастағы бойжеткенді қаладан қалыңдық етіп алып келген үш жігіт үш жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда, бұл шешіммен сотталушылардың жақындары келіспейді. Сөздерінше, кәмелет жасына толмаған келін көлікке өз еркімен отырып, тіпті ақ босаға аттаған үйде екі ай бойы өмір сүрген.

Айыпталушылар үш сыныптас. Біреуі үйленем деп, екеуі серік болып қараша айында келін алып келген еді. Алайда, қыз алып қашу тоймен емес сотпен аяқталды. Себебі, қалыңдық 26 жастағы жігіттің үстінен арыз жазып, күйеу бала мен достары жаза арқалап тынды.

"Қызды алып қашқан кезде 17 жаста болған. Оның анасы бас бостандығынан айыру мекемесінде болған. Әкесі наркологиялық диспансерде ем қабылдаған. Әжесі рұқсатын берді деп тұр. Заңды өкілдері әкесі немесе анасы болып табылады. Сондықтан 17 жастағы қызды алып қашқан деген пікірге келдік", – деді Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Айнель Орақбаева. 

"Некеге тұруға мәжбүрлеу" бабымен жауапқа тартылған үшеу енді үш жылын темір торда өткізеді. Қала берді моральдық шығын ретінде жәбірленушіге әрқайсысы 5 миллион теңге төлеуге міндеттелді. Алайда бұл шешіммен үйленемін деп сотталған жігіттің анасы келіспейді. Қалың малына бір жарым миллион теңге алып, екі айдай үйімізде тұрған қыздың барлығын алдын ала ұйымдастырғанына сенімді.

"Үкіммен неге келіспеймін? Қыздың өзі барады. Просто тәпішкемен, ырбаңдап шықты ғой мысалға. 17 жаста неге жігіттің машинасына мінеді? Жігітпен неге сөйлеседі ол? 17-де болса үйінде отырмай ма? Жігіттің басын айналдырмай. Кездесуге неге шығады? Неге ақша сұрайды 17-де болса. Мен келіспеймін Орақбаевамен. Апелляцияға береміз", – дейді сотталушының анасы Зұлфия Елбаева. 

Қыз алып қашамын деп сотталғандардың біреуі отбасылы. Оның әйелі үкімді естігенде есеңгіреп қалды. Қолында кішкентай қызы бар келіншек көз жасына ерік берді.

"Үш бала-шағам бар. Енді мен не істеймін? Қайда барамын? Әділетсіз болды. Ең болмағанда шартты түрде беру керек еді. Ол жарты жолдан қосылды деп айтты бізге. Ешқандай басы-қасында болған жоқпын деді. Біз тәтті шайына да бардық. Сол кезде де ойнап-күліп жүрген", – дейді сотталушының жұбайы Динара Жанділдә. 

Ал жәбірленуші қыз сұхбат беруден бас тартып, бет-жүзін көрсетуге де қарсы болды. Айта кетейік, бұл істе тағы бір айыпталушы бар. Бірақ полиция із суытқан жігітті әлі іздестіріп жатыр екен.

Еске салсақ, бұған дейін Жаңаөзенде қыз алып қашпақ болған бес жігіт сотталып кеткені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 23 Маусым, 2026 22:07