Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Туысқандарым теріс айналды": 22 жасында христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өміріндегі өзгерістер туралы айтты

Христиан дінін қабылдаған қазақ қызы
Фото: Жеке мұрағаттан

Мадина Тұрсынова 22 жасында христиан дінін қабылдап, бүгінде әлеуметтік парақшасын осы бағытта жүргізіп жүрген қазақтардың бірі. Өзін “мәсіхші” деп атайтын ару бала кезімнен Құдайды іздедім дейді. Мадинаның бұл сенімге келуіне әпкесі себеп болған. Кейіпкеріміз Stan.kz редакциясына берген сұхбатында христиан дініне келгелі өмірінің қалай өзгергенін айтып берді.

 

“Әпкем айтқанда оны адасып кетті деп ойладым”

Мадина TikTok-та христиандық блог жүргізеді, онда өзінің рухани жолымен бөлісіп, мәсіхшінің өмірі туралы айтады. Оның мамандығы – актриса. Шығармашылыққа жақын адам болғандықтан, сенімімді контент пен жеке тәжірибем арқылы жеткізу маған жақын дейді кейіпкер қыз.

“Бала кезімнен Құдайды іздегендей сезінемін. Ішімде әрдайым шынайы Құдайды танып, онымен байланыс орнатуға деген қалау болды. Бірақ ол кезде бұл көбіне дәстүр деңгейінде еді. Ең алғаш әпкем христиан дінін қабылдағанын айтты. Бірақ мен қарсы болдым. Оны түсінбедім, адасып кеткен деп ойладым. Сол кезден бастап арада 2 жыл өтті. Уақыт өте келе мен христиандықты зерттей бастадым: Киелі кітапты оқыдым, тарихын қарадым, әдебиеттегі ұлы ақындардың христиан қауымынан шыққанын, христиандардың неге сенетінін түсінуге тырыстым. Мені ең қатты әсерлендіргені – Құдайдың сөздерінің ғасырлар бойы сақталып, бізге жетуі, таралуы. Кейін Иисустың кім екенін тереңірек түсініп, жүрегіммен сенімге келдім. Қазір мен Мәсіхке сенетін мәсіхшімін”, – дейді Мадина Тұрсынова.

Оның христиан сеніміне келуі – жеке ізденісінің, ішкі рухани сұрауларының нәтижесі дейді.

“Үлкен өзгеріс ішкі сауығу болды. Балалық шақтан қалған жараларым, ішкі ауыр сезімдерім біртіндеп жазыла бастады. Бұрын мені ұстап тұрған ойлардан, қорқыныштардан босай бастадым. Христиандықта ең бастысы – адамның жүрек сенімі. Шомылдыру рәсімі сияқты рухани қадамдар бар. Бірақ ол да адамның өз еркімен, сенімін саналы түрде қабылдағаннан кейін жасалады”, – дейді Мадина.
Христиан дінін қабылдаған қазақ қызы
Фото: Жеке мұрағаттан

“Қуанышқа орай, христиан қауымдарда қазақтар өте көп”

24 жастағы кейіпкеріміздің сөзінше, ол қазір Құдаймен жеке қарым-қатынасқа ерекше мән беретін протестанттық бағыттағы христиан қауымының мүшесі. Мадина қазақ қызының бұл сенімге келуі қоғамда теріс ойлар, түсініспеушілікке әкелгенін жасырмайды. Көп адам ұлт пен сенімнің ара жігін ажыратпайды дейді ол.

“Қазақ болу – ұлт, ал сенім – адамның жүрек таңдауы деп ойлаймын. Христиан болу мені қазақ болудан айырмайды. Мен өз тілімді, мәдениетімді, халқымды қатты жақсы көремін. Қоғамда кейде түрлі стереотиптер болады, сондықтан адамдар түсінбеуі мүмкін. Шынымды айтсам, менің өзімде де бұрын сондай түсінік болған. Бірақ тереңірек зерттей келе, мүлдем олай емес екенін түсіндім. Қуанышқа орай, христиан қауымдарда қазақтар өте көп. Менің ойымша, адамдар бір-бірін ұлтқа немесе сеніміне қарап бөлмеуі керек. Себебі сенім – этносқа емес, адамның жүрек таңдауына байланысты”, – деп санайды қазақ қызы.

“Әпкем екеуімізден кейін анам Мәсіхке сенім келтірді”

Оның бұл сенімге келуіне отбасы мен жақындары қарсы болған. Тіпті, кейбір туыстары осы себеппен араласпай кеткен. Алайда Мадина анасының да осы сенімге келуіне себеп болған.

“Бастапқыда жақындарымның реакциясы оңай болған жоқ. Әсіресе, анам қарсы болды. Бірақ уақыт өте келе, дұғалардың және әпкем екеуміздің өміріміздегі өзгерістерді көріп, оның жүрегі ашылып, ол да Мәсіхке сенім келтірді. Мен анамның қалай күн сайын өзгеріп жатқанын көрдім, бұл мен үшін үлкен куәлік болды. Өкінішке қарай, кейбір туыстарымыз біздің таңдауымызды қабылдай алмады, бұл туралы сөйлескісі де келмей алыстап кетті. Сенімнің адамдар арасындағы қарым-қатынасқа себеп болып кететіні қандай өкінішті. Бірақ мен оларды әлі де жақсы көремін және әрдайым сөйлесуге ашықпын. Себебі менің сенімім маған адамдар теріс айналса да, менің олардан теріс айналмауымды үйретті. Сондықтан мен жүрегімде реніш емес, махаббат сақтауға тырысамын”, – дейді кейіпкеріміз.

Мадинаның сөзінше, христиан дінін қабылдаған соң жан дүниесінде өзгерістер көп болған. Бұрын уайымшыл, бостық сезімінен арыла алмай, тыныштық іздейтін Мадина осы сенімге келіп, тұрақтылық таптым дейді.

“Құдаймен тірі байланысты сезінемін. Бұл жай ғана сенім емес, күнделікті өмірдегі қарым-қатынас: дұға, ішкі өзгеріс және рухани өсу. Құдай адамның жүрегін өзгертеді деп сенемін және мен мұны өз өмірімде де анық көрдім. Менің шешімімнен кейін менің ойлау тәсілім өзгерді. Иисус Мәсіхтің мен үшін айқышта құрбан болғанын терең түсіну арқылы мен ішкі тыныштық пен махаббатқа толдым, оның мені соншалықты жақсы көретінін ұққан кезде тұла бойым махаббатқа толғанын сездім. Кей адамдардан алыстадым, бірақ бұл мені еркін етті”, – дейді ол.

Айтуынша, екі жыл бұрынғы Мадина мен бүгінгі Мадина мүлдем бөлек адамдар

“Егер сол кезде Құдай менің өміріме араласпаса, мен қай бағытқа кетерімді білмей , мүмкін одан әрі ішкі күйзеліс пен бұрыңғы өмірімдегі үлкен қателіктердің айналасында жүрер ме едім. Әрине, түрлі мәселелер де, қиындықтар да болады. Бірақ айырмашылық – енді мен сондай сәттерде жалғыз емеспін”, – деді қазақ қызы.

Өзімді хейттен қорғауға тырыспаймын

Әлеуметтік желіде оның бұл таңдауын түсінбей, қабылдаудан бас тартып, тіпті Исламға қайтуға көндіретіндер жетерлік. Бірақ Мадина хейттен де ауыр тиетін дүниелер бар дейді.

“Өзімді хейттен қорғауға тырыспаймын. Адам шындықты танып, өз сеніміне сенімді болған кезде, ешкімге өзін дәлелдеудің қажеті болмайды. Мен тек өз сенімімді бөлісемін, ал адамдардың қалай қабылдайтыны – олардың өз таңдауы. Кейде ауыр тиетіні хейттің өзі емес, адамдардың бір-бірін тыңдауға, түсінуге немесе құрметпен диалог құруға дайын болмауы, қарапайым білім мен мәдениетке жабық болуы. Ондай пікірлерге сабырмен қуанамын”, – дейді кейіпкеріміз.
Христиан дінін қабылдаған қазақ қызы
Фото: Жеке мұрағаттан

Мәсіхшінің бір күні 

Мадина күнін дұғамен бастайды. Алдағы күн үшін, адамдар үшін, жүрегім үшін дұға етемін дейді.

“Киелі кітап оқып, Құдаймен қарым-қатынаста болуға уақыт бөлуге тырысамын. Күннің соңында да өткен күн үшін алғыс айтып, бәрін Құдайға тапсырамын. Мәсіхшілік мен үшін тек жексенбі сайын шіркеуге барып, сенушілермен жиналумен шектелмейді. Біз қауыммен бірге жиналамыз, бірге дұға етеміз, сөйлесеміз, рухани өсеміз. Біз көбіне “шіркеу” дегеннен гөрі “қауым” деп айтамыз. Мен Алматыдағы евангелиялық қауымға барамын. Қауым – жай ғана жиналатын орын емес, сенушілер бір-біріне қолдау көрсететін рухани отбасы. Көп адамдар шіркеуді иконалар, шамдар, белгілі бір сыртқы рәсімдермен елестетеді. Мен де алғашында шіркеуді мүлде басқаша елестететінмін, иконалар, шамдар болады деп ойлайтынмын. Сондықтан алғаш кіргенде мен аздап “шок” болдым. Таңғалғаным, ол жай ғана үлкен қарапайым ғимарат немесе зал сияқты болды”, – дейді Мадина.

Мадина ең алғаш осы сеніммен танысқан кезін еске алды. Бірінші рет барғанда Киелі күшті сездім айналамдағы адамдарға қарап, олардың Құдай алдында ашық жүрекпен тілдесіп жатқанын көрдім, мен де солай тілдесіп, сенгім келді дейді ол.

Христиан дінін қабылдаған қазақ қызы

Фото: Жеке мұрағаттан

Кейіпкердің сөзінше, олар жексенбіде қауыммен бірге дұға етеді, ән айтып, Құдайды мадақтайды. Жиналыс біткен соң бір-бірімізбен әңгімелесеміз, осылайша Құдайды бірге іздеп, бірге өсетін рухани отбасым бар дейді кейіпкеріміз.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 27 Мамыр, 2026 10:00