Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сіздің келуіңіз қарым-қатынастың деңгейін көрсетеді": Путин Тоқаевтың сапарын жоғары бағалады

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Мәскеуде кездесіп, екіжақты қарым-қатынас пен экономикалық ынтымақтастықты талқылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кездесу барысында мемлекет басшылары бір-бірін мерекемен құттықтап, Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен болашағына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күнінің тарихи маңызын атап өтіп, бұл мерекенің халық үшін ерекше екенін жеткізді.

"Бұл көз жасымен келетін ұлы мереке. Кеңес мемлекеті фашизмді жеңіп, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ұлы держава мәртебесіне ие болды және Біріккен Ұлттар Ұйымының негізін қалаушылардың бірі болды. Біз мұны ұмытпаймыз, ардагерлерімізді құрметтейміз. Қазір Қазақстанда соғысты көзімен көрген небәрі 57 майдангер қалды", – деді Президент.

Сондай-ақ ол Ресей Қазақстан экономикасындағы негізгі инвесторлардың бірі болып қала беретінін айтты. Тоқаевтың мәліметінше, биыл екі ел арасындағы тауар айналымы 30 миллиард доллардан асады. Сонымен қатар Ресей Қазақстанға келетін туристер саны бойынша бірінші орында тұр.

Өз кезегінде Владимир Путин Тоқаевтың Мәскеуге сапарын жоғары бағалады.

"Сіздің осы күндері Мәскеуге келіп, бізбен бірге болуыңыз Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бұл, көп жағдайда, Сіздің мемлекетаралық байланыстарды дамытуға қосқан жеке үлесіңіздің арқасы", – деді ол.

Кездесу қорытындысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді.

Еске салайық, бұған дейін Тоқаев Мәскеудегі Жеңіс күніне арналған әскери шеруге қатысатыны туралы жазған едік. Кремль Қазақстан президентінің бұл шешіміне ризашылық білдіріп, Мәскеуге жасайтын жұмыс сапарын достық қадам деп атады. Сондай-ақ сапар аясында Тоқаевтың Владимир Путинмен кездесуі де жоспарланған. Кездесуде Ресей президентінің мамыр айының соңында Қазақстанға жасайтын сапары қарсаңында стратегиялық ынтымақтастықтың басты мәселелерін талқылайды.

Айым Атамбаева
Сенбі, 09 Мамыр, 2026 14:41