Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазцинк зауытындағы жарылыста қаза тапқан жұмысшылар жерленді

Фото: Видеодан скрин
Өскемен қаласында Қазцинк зауытындағы жарылыстан көз жұмған екі жұмысшы соңғы сапарға шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Өскемен қаласында Қазцинк зауытындағы жарылыстан көз жұмған екі жұмысшыны жақындары жер қойнына тапсырды. Қайғылы жағдайдан қара жамылған отбасылар үшін бұл ауыр соққы болды, өйткені марқұмдар әрқайсысы өз отбасының асыраушысы болған.

Зауытта балқытушы болып жұмыс істеген Ержан Камалиевті соңғы сапарға шығарып салуға жиналғандар көп болды. 39 жастағы азамат өндірісте еңбек ету үшін бір жыл бұрын Риддер қаласынан көшіп келген. Оның артында жұбайы мен үш баласы қалды. Үлкені биыл мектеп бітірсе, кенжесі небәрі екі жаста. Ал цех механигі болған Олжас Рамазановтың артында екі қызы қалды.

Компания қаза тапқан жұмысшылардың отбасына он жылдық жалақы көлемінде өтемақы төлеуді өз міндетіне алды. Сонымен қатар кәсіпорын марқұмдардың балаларының болашақта жоғары оқу орнында білім алу шығындарын да өтемек.

Жарылыс кезінде омыртқа жарақатын алған науқас санитарлық авиация арқылы Астана қаласына жеткізілді. 

ШҚО мамандандырылған медициналық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Мұрат Нұрбикеновтың айтуынша, денесінің 90 пайызын күйік шалған науқастың жағдайы әлі ауыр.

"Бірақ қазір есін жинады. Ертең таңда науқастың жағдайы бойынша Астанадан санавиациямен мамандар келеді. Яғни елордадағы дәрігерлердің бақылауына жібереміз бе, жоқ па ертең шешіледі", – деді бас дәрігердің орынбасары.

Еске салайық, бұған дейін 

Еске салсақ, 5 мамыр күні таңертең Өскемендегі "Казцинк" ЖШС-нің қорғасын зауыты аумағында, электролиз цехының балқыту бөлімінде жарылыс болып, 120 шаршы метр аумақта өрт шыққан. Сонымен қатар цехтың 220 шаршы метр аумағында құрылымдар опырылған. Құтқарушылар келген кезде цех ашық жалынмен жанып жатқан. Оқиға салдарынан екі адам қаза тапты, балқытушы Ержан Камалиев пен жабдықтарды шебер Олжас Рамазанов. Ауруханаға бес адам жеткізілді, олардың үшеуі тексерістен кейін жеңіл жарақаттармен үйлеріне жіберілді. Тағы екі адам өте ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. 

Айым Атамбаева
Сенбі, 09 Мамыр, 2026 11:40