Көлемі жұмыртқамен бірдей: Ақтөбе облысында бұршақ жауып, үйлер мен көліктерге зақым келтірді

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы бірнеше ауылда қатты бұршақ жауып, үйлер мен көліктерге зақым келтірді. Ал тұрғындар жарықсыз қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 7 мамыр күні кешкісін жауып өткен бұршақ түйіршіктерінің көлемі тауық жұмыртқасындай болған.
Әсіресе Шеңбертал және Жарма ауылдары қатты зардап шеккен. Жергілікті тұрғын зақымданған шатырлары мен көліктерінің видеосын желіде бөлісті.
Шенеуніктердің мәліметінше, қолайсыз ауа райының салдарынан электр бағаналары құлап, тұрғындар кеше кештен бері жарықсыз отырған көрінеді.
"7 мамыр күні шамамен кешкі сағат 18:00-де маған бұршақ салдарынан сегіз электр бағанасы құлағаны хабарланды. Жарма тұрғындары электр қуатынсыз қалды. Энергетиктер оқиға орнына бірден жетті. Қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасуда", – дейді Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов.
Ауданда табиғи апаттан келген шығынды есептеу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін ғана зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіле ме, жоқ па белгілі болады.
Әкімнің айтуынша, аудан билігі ірі бұршақ түсуі мүмкін екені туралы алдын ала ешқандай дауылды ескерту алмаған.
Еске салсақ, бұған дейін “Қазгидромет” синоптиктері 7-9 мамыр күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялаған еді. Болжамда 7-9 мамыр аралығында батыс өңірлерде, ал 8-9 мамыр күндері солтүстік өңірлерде нөсерлі жаңбыр болатыны айтылған.
"Адам қағып өлтіру, есірткі мен тәртіпсіздіктер": Қоғамды дүр сілкіндірген шенеуніктің ұлы Мақсат Үсенов қалай жазадан құтылып келді?
Оқыңыз