Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Түркиямен әскери ынтымақтастық туралы маңызды заңға қол қойды

Тоқаев пен Ердоған
Фото: akorda.kz

Тоқаев Қазақстанның Түркиямен әскери ынтымақтастығына қатысты маңызды заңға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды”, – делінген Ақорда хабарламасында.

Заң екі мемлекеттің аумағы арқылы әскери-көлік және жалға алынған азаматтық әуе кемелерінің қонбай ұшып өтуіне арналған құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Құжат теңдік, әріптестік және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген.

Келісімнің негізгі ережелерінің қатарында рұқсат алу тетіктерін айқындау бар. Атап айтқанда, әскери әуе кемелері үшін жылдық дипломатиялық рұқсат нөмірі (DCN), ал өзге рейстер үшін бір реттік рұқсат беру қарастырылған.

Қазақстан Республикасы тарапынан уәкілетті органдар ретінде Қорғаныс министрлігі (транзит мәселелері бойынша) және Сыртқы істер министрлігі (рұқсаттар беру саласында) белгіленді. Түркия Республикасы тарапынан уәкілетті орган – Ұлттық қорғаныс министрлігі.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Мәскеудегі Жеңіс күніне арналған әскери шеруге қатысатыны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 08 Мамыр, 2026 20:31