"Адам қағып өлтіру, есірткі мен тәртіпсіздіктер": Қоғамды дүр сілкіндірген шенеуніктің ұлы Мақсат Үсенов қалай жазадан құтылып келді?

Қазақстанда әділдік пен жаза тақырыбы жиі талқыланады. Осы тұста көптеген сұрақ туындатқан кейбір жайт қоғамның жадынан әлі де өшкен жоқ. Солардың бірі – Мақсат Үсеновтің атымен байланысты. Бірнеше жол апаты, құқық бұзушылық пен өлімге әкелген оқиғалар әр жолы жеңіл жазамен аяқталған еді. Бір ғана адамның оқиғасы жүйедегі әлсіз тұстарды көрсетті ме? Stan.kz тілшісі Мақсат Үсеновтің атымен байланысты ең даулы оқиғаларға шолу жасап көрді.
Мақсат Үсенов кім?
Мақсат Үсенов – бұрынғы мемлекеттік қызметкер Қажымұрат Үсеновтің ұлы. Ол қоғамға негізінен 2013 жылы болған ауыр жол-көлік оқиғасынан кейін танылды. Әкесі сол кезеңде Алматы қаласы әкімдігі құрылыс саласы және кейін “EXPO-2017” ұлттық компаниясында қызмет атқарған адам ретінде белгілі болған. Шенеуніктің ұлы сол кезде заңбұзушылықтарымен Қазақстанда ең көп талқыға түскен еді.
“Тротуардан өтіп, 6 адамды қақты: 23 жастағы жігіт көз жұмды”
2013 жылдың 1 желтоқсанында Алматыда Мақсат Үсенов BMW X6 көлігін жүргізіп келе жатып, тротуарда тұрған бір топ жастарды қағып кетті. Салдарынан Мұрат Қарабалин есімді 23 жастағы жігіт қаза тауып, тағы бес адам түрлі жарақат алды.
Куәгерлердің айтуынша, көлік жоғары жылдамдықпен келіп, бордюрден асып, адамдарды бірден соққан. Одан бөлек, жүргізуші мас болған.
“Біз түнгі клубтан шығып, суретке түсіп, жай ғана көңіл көтеріп тұрғанбыз. Бір кезде қатты жылдамдықпен келе жатқан көліктің дыбысын естідік. Ешкім ештеңе айтып үлгерген жоқ. Сол сәтте көлік бордюрден асып, бізді қағып кетті. Мұрат көліктің астында қалды. Бәріміз айқайлап, жүгіріп бардық. Ол әлі тірі еді, бізді сабырға шақырып, "бәрі жақсы" деді. Жүргізушінің мас болғаны бірден байқалды, оны бәрі көрді. Ол көліктен әрең түсіп, не істегенін көрген соң қайтадан ішіне кіріп кетті. Сосын артқа жүріп, қашып кетпек болды. Сол кезде Мұратты қайта басып кете жаздады! Біз досымызды әрең дегенде көліктің астынан шығарып үлгердік. Бірақ көлік бордюрге тіреліп, жолға шыға алмады. Сол кезде жүргізуші көліктен секіріп түсіп, қашып кетті”, – деді марқұмның досы Темірлан Бәкіров.
Полиция оқиғадан кейін бастапқыда Үсеновтің мас болмағанын мәлімдеген. Одан бөлек оның жұмыссыз ретінде тіркелгенін хабарлады. Бұл дерек желі қолданушылары арасында күмән тудырды. Себебі 100 мың доллар тұратын көліктің иесінің жұмыссыз екені көпті таңдандырды. Алайда Үсеновтың отбасы оның әпкесі кәсіппен айналысатынын, көлікті сол алып бергенін айтып ақталды.
Көп ұзамай тағы бір жайт белгілі болды. 28 қарашада Мақсат Үсенов Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімдігінің қызметкері ретінде қызметке тұрып, ант қабылдаған. Алайда оқиғадан соң Алмалы аудандық әкімдігі кейін Үсеновтің 29 қарашада (қызметіне бір күн болғаннан кейін) өз еркімен жұмыстан босатылғанын мәлімдеді.

Тағы бір қызық дерек: апат болған кезде Үсеновтың көлік жүргізу құқығы болмаған. Ол сол жылы ақпан айында мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған.
“Ұлым қанға боялып жатты: Фактілердің бұрмаланғаны жанымызға батады”
23 жастағы марқұм Мұрат Қарабалин отбасының мақтанышы болған. Анасы Қалдыгүл Қарабалинаның айтуынша, ұлы бұған дейін бір жыл Малайзияда оқып, сол жылы жазда оқуын жалғастырмақ болған. Алайда жігіттің отбасы оның елде қалуын қалағандықтан Мұрат UIB университетіне оқуға түскен. Жақындарының айтуынша, Мұрат өте мейірімді, сабырлы адам болған. Қаржыгер болуды армандаған. Жігіт 2014 жылы сүйіктісімен шаңырақ көтеруді де жоспарлап жүрген екен.
Сол түні Мұрат достарымен бірге кештен қайтып келе жатқан. Олардың бірінің туған күні болған. Олар “Целинный” кинотеатрының жанында суретке түспек болады. Сол сәтте жастар тобына мемлекеттік нөмірі А001ABN BMW X6 көлігі жоғары жылдамдықпен келіп соқтығысады. Мұрат досын итеріп үлгеріп, оның өмірін сақтап қалады. Ал өзі сол жағынан соққы алып, көз жұмған. Апатта тағы бес адам зардап шеккен.
Марқұмның анасы Қалдыгүл Қарабалина фактілердің басқаша жеткізіліп жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, полицейлер жол апатына кінәлінің атын жасырып, кейбір деректерді бұрмалаған.
“Сол күні бізге қоңырау шалды. Бірден оқиға болған жаққа шықтық. Бірақ жәбірленушінің өз ұлымыз екенін білмедік. Кинотеатрға жақындағанда көп адамды көрдік. Күйеуім көлікті қоя бергенше, мен сол адамдардың арасынан ұлымды іздедім. Барлығы қанға боялған еді. Полицейден ұлымның фамилиясын естігеннен кейін не болғаны есімде жоқ. Біз кек те, қан да қаламаймыз. Бірақ фактілердің бұрмаланғаны жанымызға батады. Бұл оқиға 2 желтоқсанда емес, 30 қарашадан 1 желтоқсанға қараған түні болды. Оқиға орны ІІД ғимаратының жанында, кинотеатр маңында болған. Жарық, қала ортасы. Егер адам мас болмаса, жолдың аяқталатынын, бордюрларды қалай көрмеді?! Демек, ол өте жоғары жылдамдықпен келген”, – деді ол.
Марқұмның анасының айтуынша, Мақсат Үсеновтің әкесі Қажымұрат Үсенов олардың үйіне келіп, кешірім сұраған.
“Ол көңіл айтып, ұлының жазаға тартылатынын жеткізді. Кешірім сұрады. Бірақ бізде оған мұрша болмады. Жерлеу, көп адам болды”, – деп қосты ол.
Сол кезде ұлынан айырылған әйел бұл резонансты жол апатына әділ тергеу жүргізілуін талап еткен.
Алайда кейін Мақсат Үсеновке қатысты қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Жол апаты салдарынан қаза тапқан 23 жастағы Мұрат Қарабалиннің ата-анасы кінәліні кешіріп, тиісті өтініш жазған. Осыдан кейін Алмалы аудандық прокуратурасы мен соты істі жапты. Ал Үсенов ұстау изоляторынан бостандыққа шықты. Үсенов тек жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізгені және жол апатын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 500 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Дегенмен халықтың шешімге наразылығынан соң кейін апелляциялық алқа 45 тәулік әкімшілік қамау және Мақсат Үсеновті екі жылға жүргізуші куәлігінен айыру туралы шешім қабылдады.
“Жол апатынан бұрын жүргізуші куәлігінсіз жарысқа қатысқан”
2013 жылдың қазанында Мақсат Үсенов Республикалық автомотоспорт федерациясы ұйымдастырған драг-рейсинг жарысына тіркелген. Ереже бойынша жүргізуші куәлігі жоқ адамдар жарысқа жіберілмеуге тиіс. Соған қарамастан ол BMW X6 және “Porsche 911” көліктерімен (екеуінің де нөмірі 001) қатысушылар тізіміне енген. Куәгерлер оның жарысқа қатысып, “Porsche”-ті зақымдағанын айтқанымен, федерация бұл деректі жоққа шығарады.
Федерация өкілі Владимир Бородиннің айтуынша, Үсенов куәлігі болмағандықтан әкімшілік комиссиядан өтпей, жарысқа жіберілмеген. Тек жаттығу жолағына ғана шыға алған. Алайда қоршауға соғылған “Porsche”-тің рулінде кім болғаны, неге рейтинг ұпайлары дәл Үсеновке жазылғаны белгісіз.
“Тағы да жол апаты: Мастықты тексертуден бас тартқан Үсенов”
Жүргізуші куәлігінен 2018 жылға дейін айырылғанына қарамастан, Үсенов қайтадан рульге отырып, кезекті жол апатына себеп болды.
2014 жылдың тамызында ол тағы да куәліксіз көлік айдап жүрген жерінен ұсталып, айыппұл төлеген. Ал арада үш ай өткен соң, 15 қараша күні таңертең Үсенов “Mercedes” көлігімен қарсы жолаққа шығып, Toyota RAV4-пен соқтығысқан. Апат салдарынан 38 жастағы әйел бас жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Оның мас күйін анықтау үшін медициналық тексеруден өтуден бас тартқаны белгілі болды. Судьяның айтуынша, Үсенов көлікті өзі басқармағанын айтқанымен, куәгерлер оның рульде болғанын растаған.
Алайда бұл жолы да Мақсат Үсенов қатысқан жол апатында зардап шеккен әйел оған қарсы сотқа арыз түсірмеген. Жоғары сот мәліметінше, Үсенов қайталама жол апаты үшін медициналық тексеруден бас тартқанына байланысты 20 тәулікке қамауға алынып, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін қосымша 9 айға жүргізуші куәлігінен айырылған. Бұған дейінгі шешімдерді ескергенде, оның көлік басқару құқығынан айырылу мерзімі жалпы 3 жыл 9 айды құрап, 2018 жылға дейін созылған.
Жоғарғы сотта зардап шеккен тараптан шағым түспегені, сондай-ақ Бас прокуратура тарапынан бұл іс бойынша наразылық енгізілмегені айтылды. Осылайша шенеуніктің ұлы тағы да бостандыққа шығады.
“Ұшақ ішіндегі тәртіпсіздік, шетелдегі демалыс пен салық қарыздары”
Бұрыннан даулы істерімен танылған “Астана ЭКСПО-2017” ұлттық компаниясының бұрынғы құрылыс департаменті басшысының ұлы, 28 жастағы Мақсат Үсенов тағы да қоғам назарын аудартты. Бұл жолы ол ұшақ бортындағы тәртіпсіз әрекетімен сынға ілікті.
Кәсіпкер, тележүргізуші және қоғам белсендісі Павел Коктышев Facebook парақшасында Үсеновтің ұшақтағы әрекеті туралы жазба қалдырды.
"Бүгінгі Бангкокқа бағыт алған рейсте Мақсат Үсеновпен бірге ұштым. Біздің сот жүйесіне үлкен сұрағым бар. Неге олар мені, заңды сақтайтын азаматты, осындай қауіпке ұшыратады? Үсенов бүкіл ұшу барысында өзін дөрекі ұстады. Жолаушыларға тиісіп, әуелі бортсеріктерден темекі шегуге рұқсат сұрап, тіпті 200 доллар ұсынды. Кейін, шамасы, темекі шеккен. Өйткені бортсеріктер тиісті акт толтырды. Экипаждың жартысы оның тәртіп бұзбауын қадағалап жүрді. Өте жайсыз жағдай болды. Тіпті біраз уақыт ұйықтап алғаннан кейін де белдік тағудан және орындық арқалығын көтеруден бас тартты. Сірә, оған әкесі физика заңдарынан да қорғай алатындай көрінетін шығар. Нәтижесінде ұшақ қонған бойда оны жергілікті полицияға тапсырды. Экипаж керемет жұмыс істеді!", – деп жазды Коктышев.
Осы жағдайға байланысты Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотта Мақсат Үсеновке қатысты іс қаралды. Онда ол ұшақ бортында темекі шеккенін және алкоголь ішкенін мойындады. Алайда жолаушылар мен бортсеріктерге балағат сөз айтқанын жоққа шығарды.
Үсеновтің айтуынша, ол өзін нашар сезінгендіктен темекі шегуге мәжбүр болған. Сондай-ақ ол бортсерік жеке заттарын тексергендіктен, даус көтергенін түсіндірді.
Бұл оқиғада сот шешімімен Мақсат Үсенов 10 тәулікке қамауға алынды.
Бұған дейін оның ірі салық берешегі болған. Сол уақытта ол “Эйр Астана” рейсімен ұшып бара жатқан кезде Бангкок әуежайында тай полициясы тарапынан ұсталған. Кейін ол жауапкершілікке тартылмай босатылып, сапарын жалғастырған. 8 маусымда ол салық қарызын толық өтеген.
“Бұл жолы компьютер клубында есірткімен: Тағы да айыппұлмен құтылды”
2017 жылы Мақсат Үсенов тағы да заң бұзушылықпен көзге түсті. Бұл жолы есірткімен. Үсенов "QWERTY" компьютер клубында ұсталып, оның үстелінен марихуана салынған сіріңке қорабы табылған.
Кейін осы жағдайға байланысты іс Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында қаралды.
Сотта Үсенов барынша ақталуға тырысқан. Айтуынша, ол тамыз айының соңында Жандосов көшесіндегі мейрамханада түскі ас ішіп, кейін серуендеуге шыққан. Әуезов көшесімен қиылысында ол кездейсоқ сіріңке қорабын байқап, оны теуіп жіберген. Қорап ашылып кетіп, ішінен "ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес зат" шыққан. Ол бұл затты қалтасына салып, кейін "QWERTY" компьютер клубына барған.
Төлем жасаған сәтте ол әлгі қорапты есіне түсіріп, не болғанын толық түсінбей, сыртқа шығып "марихуана қолданғанын" айтқан. Сотталушының сөзінше, ол оны алғаш рет тұтынған және бұдан кейін қайталамайтынын мәлімдеген.
Полиция қызметкерлері Үсеновті "ерекше иісі бар жасыл түсті затпен" ұстағаннан кейін оны медициналық сараптамаға жіберген. Сараптама нәтижесі оның каннабиноидтар әсерінен есірткілік мас күйде болғанын растады. Сонымен қатар сіріңке қорабындағы зат марихуана екені анықталып, оның салмағы 2,26 грамм болған.
Сот Мақсат Қажымұратұлы Үсеновті Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлігі ("Есірткі құралдарын заңсыз сақтау, өткізу мақсатынсыз пайдалану") бойынша кінәлі деп танып, 200 АЕК көлемінде, яғни 453 800 теңге айыппұл салды.
Сондай-ақ сот айыптаудың 296-баптың 1-бөлігі (есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды заңсыз сақтау) бойынша қосымша тағылған бөлігін алып тастаған. Өйткені есірткіні дәл сол жерде және сол уақытта қолданғаны нақты дәлелденбеген деп танылды. Осылайша Үсенов тағы да ауыр жаза алмады.
“Мақсат Үсенов қазір қайда?”
Кompra.kz сервисінің берген құжаттарына сәйкес, Мақсат Үсенов жеке кәсіпкер болып тіркелген. Оның негізгі қызметі – тұрғын үйді жалға беру. Яғни, ол қазір пәтер жалға берумен айналысуы мүмкін. Ресми деректер бойынша, ол іздеуде жоқ, шетелге шығуына шектеу қойылмаған және арнайы есептерде тіркелмеген.
Алайда бір қызық жайт бар: 2023 жылдың 8 ақпанында Мақсат Үсенов аңшы куәлігін алған. Құжат "Қансонар" қауымдастығы арқылы берілген және оның аңшылық қауіпсіздігі ережелерін білетінін растайды.
Дегенмен аңшылық үшін қару қажет. Ал оны алу үшін арнайы рұқсаттар, соның ішінде соттылығының болмауы және наркологиялық диспансерден анықтама керек. Ал бұл тұрғыда оның құжаттары бұл талапқа сай келмейді.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?