Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Ердоғанның көшбасшылығын атап өтіп, оның Қазақстанға сапары туралы айтты

Тоқаев ТүркиядаФото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының “Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties” панелдік сессиясына қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы Түркия Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен халықаралық аренадағы беделін арттырып келе жатқанын айрықша атап өтті

“Ең алдымен, көреген көшбасшы Режеп Тайип Ердоғанның жетекшілігімен Түркияның осы аймақта зор рөл атқаратынын айтқым келеді. Өңір әлсін-әлсін бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселелердің шешімін табуға елдеріміз айтарлықтай атсалыса алады деп ойлаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Ердоғанның келесі айда Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына ерекше мән беріп отырғанымызды жеткізгім келеді”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келесі сұрақты қояр алдында Мевлют Чавушоғлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиядағы тәжірибесінің мол екеніне назар аударды.

“Президент Тоқаев – халықаралық жүйені, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымын өте жақсы білетін әлемдік көшбасшылардың бірі. Ол БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымында қызмет еткенін білесіздер. Сол уақытта мен Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясының төрағасы болдым. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас Қазақстан халқының игілігі жолында аянбай еңбек ете жүріп, халықаралық жүйенің тиімділігін барынша арттыруға үлес қосып келеді”, – деді модератор.

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев Ердоғанның шақыруымен Түркияға баратыны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 17 Сәуір, 2026 17:26