Астанада Бәйтерекпен әдепсіз фотоға түскен 19 жастағы жігіт ұсталды (видео)

Астана полициясы Бәйтерек монуметінің жанында арандатушылық сипаттағы фотосессия ұйымдастырған 19 жастағы жігітті ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желілерде жігіттің жерге жатып алып, аяғын екі жаққа ашып, аяқтарының арасынан "Бәйтерек" монументі көрінетіндей етіп әдепсіз ишара көрсеткен фотосуреттері тарады.
Желі қолданушылары жігіттің бұл әрекетіне наразылық білдіріп, құрметсіздік деп бағалады.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жас жігіт ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген. Жігіттің 19 жаста екені анықталды.
"Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Қазір ол уақытша ұстау бөлмесінде отыр. Мұндай әрекеттер қоғамдық нормаларды қорлайды және қаланың мәдени әрі маңызды нысандарына ашық құрметсіздік танытады. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін заңнамада жауапкершілік қарастырылған", – делінген полиция хабарламасында.
Әкімшілік кодекске сәйкес "Ұсақ бұзақылық" жасағандарға мынадай жазалар қарастырылған:
- 20 АЕК мөлшерінде айыппұл (2026 жылы 86 500 теңге);
- немесе 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту;
- немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау.
Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, жаза күшейтіліп, 15-тен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылады.
Ал егер әрекеттер ғимараттарды немесе қоғамдық орындарды қорлау ретінде (осы баптың 4-бөлігі) сараланса, онда 50 АЕК мөлшерінде айыппұл (216 250 теңге) немесе 5-тен 20 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы тағайындалуы мүмкін.
"Адам қағып өлтіру, есірткі мен тәртіпсіздіктер": Қоғамды дүр сілкіндірген шенеуніктің ұлы Мақсат Үсенов қалай жазадан құтылып келді?
Оқыңыз