Шампан шашатын тренд: Желіде видео түсірген қазақстандықтар жауапкершілікке тартылды

Астанада шампанмен тренд түсірген екі қыз жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полицияның мәліметінше, олар әлеуметтік желілерге трендтік видео түсіру кезінде заң бұзған. Мұндай трендте көбіне мерекелік көңіл-күйді көрсету үшін шампан ішіп, кейін сусынды айналаға шашады.
"Елордада “Бәйтерек” монументі маңында қала тұрғыны алкогольдік ішімдікті ашып, оның ішіндегісін төгіп, аумақты ластаған. Тағы бір жағдайда қыз орындықта отырып, сусынды әдейі төгіп, қоғамдық кеңістіктің тазалығын бұзған", – деп хабарлады полиция.
Құқық бұзған қыздар қоғамдық орындарды ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жиналған материалдар сотқа жіберілді.
"Мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін ескертеміз. Бұл тек заң бұзу ғана емес, сонымен қатар айналадағы адамдарға, коммуналдық қызмет жұмысшыларына және қала тұрғындарына құрметсіздік таныту. Осындай құқық бұзушылықтар қатаң түрде тоқтатылатын болады", – деді полиция өкілдері.
Оқыңыз