Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанға Қытайдан 600 миллион теңгенің техникасы заңсыз әкелінген

Жүк көліктері
Фото: istockphoto.com

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Қазақстанға экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралдарын заңсыз әкелу фактісі бойынша тергеуді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Агенттік мәліметінше, Қазақстанға "Евро-4"-тен төмен стандарттағы техниканы әкелуге тыйым салынғанына қарамастан, бір топ адам бақылауындағы ЖШС-лар арқылы "Евро-2" экологиялық класына жататын FAW маркалы жүк көліктерін ел аумағына заңсыз әкелген.

“Техникалар Қытай Халық Республикасынан сыртқы экономикалық келісімшарттар негізінде жеткізіліп, кейін кедендік рәсімдеу кезінде жалған мәліметтер пайдаланылған. Атап айтқанда, көлік құралдарының қауіпсіздік сертификаттары (СБКТС) қолдан жасалып, онда "Евро-5" экологиялық класы көрсетілген”, – делінген агенттік хабарламасында. 

Нәтижесінде Қазақстан аумағына 20 арнайы техника заңсыз әкелінген. Олардың жалпы кедендік құны 284 млн теңгеден асқан.

 

“Кейін бұл техника байланысы бар компаниялар тізбегі арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу аясында 600 миллион теңгеден астам сомаға жеткізілген. Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне: 9 автокөлік пен бір пәтерге тыйым салынды. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, ал оның екі сыбайласына қатысты елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды”, – делінген хабарламада.

ҚМА экологиялық стандарттарға сай келмейтін көліктерді заңсыз әкелу қоршаған ортаға елеулі зиян келтіретінін ескертеді. "Евро-2" класына жататын техника "Евро-4" және "Евро-5" стандарттарына қарағанда әлдеқайда көп зиян заттар бөліп, ауа сапасының нашарлауына және халық денсаулығына қауіп төндіреді.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда 2027 жылдан бастап автокөліктерге қойылатын талаптар күшейтілетіні туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 08 Мамыр, 2026 19:44