Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кез келген ақпаратты сұрата алмайсыздар – Жұманғарин шенеуніктердің табысына қатысты

вице-премьер

Фото: primeminister.kz

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин әріптестерінің декларациясына қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкіметтегі брифингте мемлекеттік қызметкерлердің табысына қатысты жарияланған ақпараттың аз болғаны айтылды. Сонымен қатар бұл мәліметтердің құқық қорғау органдарына берілген-берілмегені туралы сұрақ көтерілді.

Жұманғарин басқа министрлердің табысы туралы ақпарат құпия екенін және оны жариялауға құқығы жоқ екенін мәлімдеді.

“Сіздер сұрап отырған мәлімет – менің әріптестерімнің жеке ақпараты. Оны жариялауға құқығым бар деп ойлайсыздар ма? Сіздерге ондай ақпаратты ашып бере салатын адам емеспін. Сіздер де біреу туралы кез келген ақпаратты сұрата алатын тұлға емессіздер. Ресми түрде тиісті органдарға сауал жолдаңыздар. Мүмкін, біреу жауап берер”, – деді министр.

БАҚ өкілдері мұндай жауап министрлердің адалдығына күмән туғызатынын айтты. Ал Жұманғарин журналистерге өз бетінше зерттеу жүргізуді ұсынды.

“Күмән тудыру менің жұмысым. Бірақ сіздерге әріптестерімнің әмиянындағы жағдайды айтып беремін деп уәде еткен жоқпын. Басқа ақпарат көздерін іздеңіздер. Қаласаңыздар, журналистік зерттеу жүргізіңіздер. Журналист болудың мәні де сол емес пе?”, – деді ол. 

Министр мемлекеттік қызметкерлердің табысы туралы толық ақпарат алу үшін ресми сауалды тиісті органдарға жолдауға кеңес берді.

Айта кетейік, бұған дейін шенеуніктер арасында алғашқылардың бірі болып ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2024 жылғы табысы туралы мәліметтерді жариялаған еді. Жұманғариннің жұбайы Сәния Садықовамен бірге жалпы табысы 88 678 984 теңге болған. Кейін Жұманғариннен жұбайының 88 миллион теңге табысты қайдан тапқаны сұралды. Алайда ол жауап бермей қойды. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 08 Мамыр, 2026 15:54